Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 13 Қыркүйек 2024

Петиция ойыны. Картаның бәрі биліктің қолында, ал халық тек бақылаушы ғана

петиция
Фото:depositphotos.com

2019 жылы президенттік постқа келген Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырамыз деді. Сол жылы сайлау кезеңіндегі наразылықтан соң құрылған Ұлттық сенім кеңесі де осы концепцияға негізделген еді.

«Еститін мемлекет» тұжырымының бірден-бір практикалық механизмі ретінде онлайн петициялардың заңды институтын қалыптастырып, жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуді тапсырған. Дегенмен 2021 жылы жасалып, талқылаудан өткен онлайн-петициялар туралы заң жобасына президент тек екі жылдан кейін ғана қол қойып, заң биыл 2024 жылдың сәуір айында ғана күшіне енді. Онлайн петициялар E-petition ресми порталында жарияланып, қалалық мәслихаттар деңгейінде қаралу үшін 2 500 дауыстан, ал үкімет деңгейінде 50 мыңнан астам дауыс жинауы тиіс болды. «Онлайн петициялар туралы заң» күшіне енгелі бері аз уақыт ішінде бірнеше петиция межелі дауыс санына жетіп, үкімет деңгейінде қаралды. Соның ішінде «Шенеуніктерге құмар ойын ойнауға тыйым салу» туралы петицияны министрліктер толық қолдаған болса, «ЛГБТ пропагандасына қарсымыз» петициясы ішінара қолдау тапты. Ал утильалым мен сағат белдеуін шегеру туралы петициялар қабылданған жоқ. Біз онлайн петициялардың билік пен халық арасындағы диалог ретіндегі тиімділігі мен ашықтығы жайында сарапшы мамандардан сұрадық.

Дөңгелек үстелге саясаттанушы, Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбетәлиева, саяси шолушы Ғазиз Әбішев және әлеуметтанушы Серік Бейсембаев қатысты.

«Жас Алаш»: – Онлайн петициялардың ықпалы, билік пен халық арасындағы диалог ретінде қаншалықты тиімді құрал деп ойлайсыздар?

Серік Бейсембаев: – Өз басым онлайн петицияларды билік пен халық арасындағы диалог ретінде тиімді құрал деп есептемеймін. Себебі онлайн петицияның концептуалды және техникалық жағынан да коммуникацияның тиімді бір формасы деп айту қиын. Біріншіден, онлайн петициялар барлық азаматтарға қолжетімді емес. Яғни сіз ол жерге ұсыныс жазу үшін және қажетті дауысты жинау үшін белгілі бір ақпараттық біліктілігіңіз болуы керек. Мысалы, сіз Қазақстан азаматы ретінде әкімдіктің жұмысына көңіліңіз толмаса немесе мемлекетте болып жатқан мәселеге байланысты ой білдіргіңіз келсе, онлайн петиция арқылы оны іске асыру өте қиын. Екіншіден, петицияның қарастырылуы, яғни техникалық жағынан қарасақ, меніңше, ол жерде әдейілеп кедергілер қойылған. Мысалы, сол онлайн петицияларды қарастыру, шешім шығару, оны қабылдауға байланысты үкімет әрекеті ашық жүргізілмейді. Айталық, утильалым мен уақыт белдеуіне байланысты екі үлкен петицияның екеуін де үкімет қабылдаған жоқ. Егер қабылданбаса, азаматтар не істей алады? Демек, онлайн петицияның барлық күші үкімет басында отырған адамдардың бір ауыз сөзімен-ақ тоқтатылатын болса, оның тиімділігі қандай? Әрине, ол халықтың көңіліндегі бір мәселелерді анықтауға көмектеседі. Алайда оны коммуникация құралы деп айта алмаймыз. Петиция бүкіл билікті қолына шоғырландырған үкіметтің әрекетіне қарсы тепе-теңдік орната алатындай азаматтарға мүмкіндік бермейді.

Ғазиз Әбішев: – Мемлекеттік басқарудың барлық тетіктері биліктің қолында тұрған саяси жүйе азаматтық қоғаммен үнемі байланыста бола отырып, өзі ұсынған дәлелдер арқылы шешім қабылдауы делиберативті демократия деп аталады. Соңғы он бес жылда әлемде байқалған ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктер дамыған демократиялы елдерде де, демократиялық транзитті бастан өткеріп жатқан елдерде де делиберативті демократия моделі аз қолданылмайды. Демократияны дамытудың әртүрлі цифрлық құралдарын қолдаушылар онлайн-петицияларды саяси белсенділіктің ең адекватты түрлерінің бірі ретінде қарастырады. Қазіргі парламенттік демократияда онлайн-петициялар саяси элитаны сайлаушылардың жаппай сұранысына жауап беруге ынталандырады. Ал онлайн петицияларды сынаушылар оны саясатқа тікелей араласуды алмастыру үшін керек деп санайды. Саяси өмірді толық цифрландыру демократияның өзіне қауіп төндіреді деп есептейтіндер де бар.

Дегенмен бірқатар зерттеулер бойынша шартты заңды күші бар онлайн-петициялар қоғамның саяси процеске қатысу деңгейін арттыра отырып, мемлекеттік процестердің ашықтығына оң әсер ететінін дәлелдейді. Арнайы порталдардың негізінде азаматтар билік органдарына белгілі бір мәселелерді шешуге қатысты ұжымдық үндеу жасайды. Саяси белсенділіктің бұл түрі үшін кез келген азамат өтініш жасай алатындай болуы, кедергілердің барынша төмен болуы маңызды. Сондықтан онлайн-петициялар қазіргі Қазақстанда делиберативті демократияның шеңберінде саяси коммуникацияның және азаматтардың саяси қатысуының ең перспективалы технологияларының бірі.

Ж.А: – Қазіргі Қазақстанның контекстінде онлайн петициялар «Естуші үкімет» пен халық арасындағы екіжақты коммуникацияны қамтамасыз ете алды ма?

Серік Бейсембаев: – Біз онлайн петицияны саяси контекстен тыс қарастыра алмаймыз. Ал біздегі саяси контексте азаматтардың саясатқа қатысу, билікке ықпал ету мүмкіндігінің жетіспейтіндігін, азаматтардың әділ сайлауға сенбейтіндігін, өз әкімдерін сайлап, парламент депутаттарына ықпал ете алмайтындығын көріп отырмыз. Міне, осындай кезде мемлекет ықпал ету құралы ретінде онлайн петицияны ұсынады. Бірақ іс жүзінде бұл тағы да жұмыс істемейтін болып шығады. Бұл жерде саяси бостандық пен азаматтардың саясатқа қатысуы сияқты үлкен мәселелерді де қоса қарастыруымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда жалпы біздегі саяси плюрализм мен бәсекелестікті арттыру сияқты бірнеше бағытта өзгерістерді талап етеді. Соның ішінде онлайн петицияларды – оның жұмысын жақсарту үшін бір механизм ретінде ғана қолдануға болады. Сондықтан оған кейбір заңнамалық өзгерістер енгізіп, белгілі бір тетіктерін жақсарту арқылы жалпы елдегі саяси коммуникацияны орнату мәселесін шеше алмаймыз.

Мәселені көтеру бір бөлек те, мәселенің шешімін табу, халықпен тең дәрежеде дискуссия орнату бөлек мәселе. Осы екінші жағынан келгенде онлайн петициялар үмітті ақтаған жоқ. Мұны әу бастан үкімет халықтың наразылығын бір жүйеге салу мақсатында жасаған секілді. Сәйкесінше, осы мақсатты алға қойып жасағандықтан, әрине, оны өздеріне ыңғайлы, бақылауда ұстауға болатындай етіп жасайды. Сондықтан да нәтиже осындай болып отыр.

Ғ. Әбішев: – Петицияны панацея деп түсінбеу керек. Бұл билік пен қоғам арасындағы байланыс құралы, сындарлы пікірталастардың нәтижелері бойынша шешімдер қабылданатын дискурстық делиберативті демократияның күрделі жүйесіндегі көптеген құралдардың бірі. Петицияның артықшылығы – ол ел аузында жүрген жалпы мәселелерден ең өзекті тақырыптарды бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл санаулы белсенділердің ғана емес, он мыңдаған азаматтардың көзқарасы. Бұл мемлекет үшін назар аударарлық жағдай. Мысалы, 2022 жылы жарияланған ең танымал 10 петицияның көп бөлігі белгілі бір дәрежеде қанағаттандырылды. Қазақстанның саяси эволюциясының қазіргі кезеңінде делиберативті демократия тетіктері жаңа саяси серпін алуда. Онлайн петициялар қоғамдық делиберацияның өзекті тетіктерінің біріне айналуда.

Т. Үмбетәлиева: – Өкінішке қарай, қазірдің өзінде қаралған петициялар біздің үкімет президенттің шешімдерін орындамайтынын, халықтың пікірін ескере отырып, шешім қабылдамайтындығын көрсетеді. Мемлекетті басқаруда азаматтардың пікірін ескеру маңызды. Ал ережелер мен заңдарды өзгертуге болады – бұл аксиомаға айналуы керек. Бізде бәрі керісінше. Сондықтан бізде әзір еститін үкімет қалыптасты деп айта алмаймын.

Ж.А:Петициялардың жариялануы, қол жинауы және оған қатысты комиссия құрылып, мәселенің қаралуында қаншалықты ашықтық қалыптасқан? Жаңа заң ережелері бойынша петицияға енгізуге болмайтын мәселелердің болуы қаншалықты дұрыс?

С. Бейсембаев: – Ойын ретінде қарайтын болсақ, бұл жерде картаның бәрі биліктің қолында, ал екінші тарап тек бақылаушы болып отыр. Бұл жерде қанша адамның қол қойғандығы, келесі кезеңде петицияның тағдыры қалай шешілетіндігі, кім шешетіндігін мемлекет өзі анықтайды. Талқылаудың өзінде кімге сөз берілетіндігін мемлекет тағайындаған модератор біледі. Осы онлайн петициядан қалыптасқан қоғамдық пікірді ескеретін болсақ, тіпті ашықтықты қалыптастырған күннің өзінде мұндай өзгерістер нәтиже береді деп айту қиын. Сондықтан қанша өзгеріс енгізсе де, халық қолын бір-ақ сілтейді. Себебі бастапқы сенім кредитін жоғалтып алды. Онлайн петицияға деген сенім жалпы саяси жүйеге деген сеніммен тікелей байланысты. Сол үшін сайлау институты мен парламент сияқты басты саяси институттар арқылы ғана осы сенімді қайтаруға болады.

Қаңтардан бері соңғы екі жылдың ішінде үкімет «Естуші Қазақстан», «Жаңа Қазақстан», «Екінші Республика» деген секілді, осындай бірнеше үлкен концепцияларды ұсынды. Бұл концепциялар риторика түрінде өте әдемі көрінгенімен, сөз бен істің арасында сәйкестік болмаған соң көпшіліктің тез көңілі қалды. Естуші мемлекет, ең алдымен, осындай уақыт ауыстыру секілді шешімдерді шығармас бұрын халықпен санасуды, шынайы талқылау жасауды, азаматтарды тең дәрежелі тарап ретінде қарауды білдіреді. Ал халықты дегеніне көндіру үшін осындай PR технологиясы тұрғысынан ойланатын болса, халықтың сенімі жоғала беретін болады.

Ғ. Әбішев: – Петиция пікірталас тудырады. Алайда бұл орындалуы міндетті деген сөз емес. Ол референдумнан сонысымен ерекшеленеді. Тіпті АҚШ-тың өзінде Ақ үй белгілі бір шектен жоғары петицияларға ғана жауап беруге міндетті, бірақ онда да көпшілігі қабылданбайды. Егер петицияларды орындау міндетті болса, онда 12 миллион сайлаушыдан петицияға қол қойған 50 мың адамның ғана қалағаны жүзеге асуы керек пе? Әрине, жоқ. Тіпті қолдаушылардың саны 120 мың адам болған күннің өзінде бұл барлық сайлаушылардың 1%-ын ғана құрайды. Ендеше, олар өз бетінше шешім шығара алмайды. Мәселені референдум мен үкімет арқылы шешеді. Ал қол қоюшылар тақырыпты мұқият зерделеу, билікке қоғамды толғандыратын сигнал беру, қоғамды түсінуге мүмкіндік беру үшін пікірталас векторын анықтайды. Ал шектеулер мемлекеттің тұрақтылығына әсер ететін тақырыптардан сақтану үшін керек. Мысалы, егер СҚО-да немесе ШҚО-да 50 мың адам Қазақстанды федерализациялау туралы петицияға қол қойса, ол, әрине, қабылданбас еді. Алайда бұл мәселенің көтерілуінің өзі үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Себебі сыртқы саясат бойынша бұл ұлттық мүддені үстірт түсінетін жалпы қарапайым көпшілікке қатысты шаруа емес, мұндай петициялар елдің имиджіне әсер етуі мүмкін. Мысалы, синофобиялық петиция жарияланса, ол Қытаймен қарым-қатынасты нашарлатуы мүмкін. Менің ойымша, бізге петиция институтына үйрену үшін 2-3 жыл керек болады.

Т. Үмбетәлиева: – Біздің саяси жүйемізде диалог құралдары аз болғандықтан кез келген мүмкіндікті пайдалану қажет. Петиция үкімет қабылдайтын шешімдер бойынша өз пікірін білдіру формасы ретінде халық арасында табысты жүрді. Алайда қазіргі талқылау механизмі мен талқылаудан кейінгі шешім шығару процесінің кемшін тұстары бар. Бір қызығы, билік өзі даулы мәселелерді шешуде медиация сияқты әдістемелерді насихаттай тұра нақты петицияларды қарау кезінде өзі оны қолданбайды. Менің ойымша, петицияларды талқылау барысында түпкілікті шешім қабылдау үшін бейтарап медиаторларға жүгіну керек. Медиация ешқашан бір тараптың пайдасына шешім қабылдамайды, әдетте соңғы шешімде екі тараптың да ұстанымы болады, содан кейін ғана дау шешіледі. Тағы бір формат бар: Ол парламенттегі талқылау. Петиция – бұл халықтың пікірі, сондықтан президент, парламент, мәслихаттар халық сайлаған институттар ретінде халықтың ұсыныстарын қарауға міндетті. Ал үкімет атқарушы орган ретінде халықтың мұндай өтініштерін қарастыра алмайды және олар бойынша шешім қабылдай алмайды. Сондықтан бұл құралды тиімді ету үшін өтініштерді талқылау форматы мен шешім қабылдау процедурасын өзгерту қажет. Қорытынды шешімде петиция авторларының пікірі де ескерілуі керек.

Дөңгелек үстелді жүргізген Қосқанат Бауыржан

Тегтер: