Петр Своик: Қазақтар Ресейден шын қауіптенеді
Ресейдің «Правда» деген саяси басылымы кезекті байбаламға басыпты. Сондағысы – «қазақ билігінің орыстарға деген көзқарасы жаман, ондағы орыстарымыздың күні қараң болғалы тұр» деп, қара аспанды әбден төндірген екен.
Мақала авторы ертең Қазақстан билігіне украиналық майданшылар сықылды ұлтшылдар келсе, Ресейдің не істеуі тиіс деген мәселеге үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр.
Әлгі шолушының жазуынша, Қазақстанды мекендеп алған қазақтар енді өз жерінен орысты ығыстырып жатыр екен: «Қазақстан үкіметі 2026 жылы Солтүстік Қазақстан облысына 10 мың адамды көшіру жоспары барын айтты, бұл туралы осы айда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді. Ал Қазақстанның солтүстігіндегі бұл облыста негізінен орыстілді қазақстандықтар тұрады. 2009 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 300 мың украин болса, орыстар 3,8 миллион адамды құраған. Нұр-Сұлтан осы бағдарлама арқылы «өңірдегі демографиялық жағдайды жақсартпақ». Бұл жоспарын жүзеге асыру үшін қазақ билігі 1,8 триллион теңге жұмсамақ, оның ішінде республикалық бюджеттен 517,9 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 43,9 миллиард теңге, жеке инвестиция есебінен 1,3 триллион теңге бөлмек», – дегенді қайғыра жазады әлгі басылым.
Сосын, қазақстандық экономист, өзіміздің саясаттанушы Петр Своиктен сұхбат алып, «Қазақстан жерінде қалып қойған сізді осы қазақтар қысып жатқан жоқ па?», «Қазақстан билігі неге орыстарды ығыстырып, оның орнын қазақтармен толтырып жатыр?» дегендей сұрақтарын қойған екен. Журналист Любовь Степушова мен Своиктің әңгімесі былай өрбиді:
– Аты-жөніңіз Петр Своик екен. Сіз орыссыз ба?
– Әрине, орыспын ғой. Бірақ мен қазақтың орысымын. Қазақтың орысы деген – орыстың орысы емес екенін бірден айтайын. Сосын, орыстарға қысым туралы да бірден ескертейін: Қазақстанда халықтың түгел дерлігі орыстілді. Шалғайдағы ауылдарда тұратын немесе оқымағандар ғана орыс тілін білмейді.
– Десек те, орыстар туралы сөйлесейікші.
– Келіспеймін. Бізде Қазақстан деген бір мемлекет бар, онда екі ұлт бар. Бірі – біз сияқты советтік заманнан қалған адамдар. Екіншісі – сол советтік өткенге қайта оралғысы келмейтіндер. Өтірік болса да, латын әліпбиін енгізуге деген ниет те содан туындап отыр. Батысқа бет бұрып, советтік шекпеннен барынша алыстай беру үшін. Әрине, екіншілерінің дені қазақтар. Олар Ресейге қарап бой түзегісі келмейді. Тіпті Ресейге біршама қауіппен, үрей мен сенімсіздікпен қарайды. Олардың«геройы» – Путин емес, Навальный. Ал жаңағы бірінші ұлттың өкілдері ЕАЭО-ны қолдайды, Ресеймен арадағы интеграция тереңдей берсе екен, Путин ұзақ жасай берсін деген пиғылды ұстанғандар. Осындай екі ұлт бар.
Бірақ бұл екеуінің арасында соншалықты бір қатты дейтін кикілжің де жоқ. Өйткені ертең анау-мынау басталып кетсе – қазақтың қашатын жері жоқ. Мысалы, Киев үшін Ресей бөтен емес, болмаса оларға Берлинге де бас сауғалап баруына болады. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтанның ондай жақыны жоқ. Бір жағынан қауіпті Ресей тұр, ана жақта одан да алып аждаһа жатыр. Сол себепті соңғы кездері түркітілдес елдердің одағы туралы әңгіме шығып, Түркияға қарай бастады. Бірақ ол тек сөз жүзінде, іс жүзінде ондай одақ мүмкін емес. Өйткені Ресеймен одақ құрғанымыз не берді, оның пайдасын тек Ресей көріп келеді.
– Ал вице-министрдің солтүстік өңірлерге 10 мың адамды көшіру керек дегені қай сасқаны?
– Бұл әңгіме кеше пайда болған жоқ. Соңғы 15 жылдан бері айтылып келеді. Әрі бұл объективті қарағанда дұрыс шешім. Өйткені оңтүстік өңірдің дамуы кенжелеп қалған. Оңтүстікте халық көп және тұрмыс деңгейі ел бойынша ең төмен. Солтүстікте керісінше. Сосын, бұған сіздердің, кейбір ресейлік саясаткерлердің қазақ жері туралы ара-тұра айтып келе жатқан айтағы себеп. Ал ондай сөздер бізге әсер етеді. Сондықтан халықты көшіру болған, болып жатыр және бола береді.
– Сіз орыссыз, сонда біздің сізді қорғағанымызды қаламайсыз ба?
– Мен местныймын. Жартылай қазақпын. Сіздерге былай деймін: одақ болғанымыз қажет, бірақ Қазақстан тәуелсіз болуы керек. Жалпы, КСРО-ның құрылымы керемет идея болған екен. Біріншіден, республикалар қантөгіссіз тарқасты. Екіншіден, КСРО-ның өзі ешқайда кеткен жоқ. Ал енді тілге келсек, Қазақстан билігіндегі маңызды бірдеңе шешетін биік қызметтерде түгелдей қазақтар отыр. Қазақ билігінің қазіргі түрі толықтай қазақтанды. Бірақ тілі орысша. «Қазақ тілін білу міндетті» деген норма заңда бар, бірақ іс жүзінде орындалып, талап етіліп жатқан жоқ. Бұл Қазақстанның әлі шешілмеген мәселесі, 25 жыл бойы айтылып келеді, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Ендеше не мемлекетті өзгерту керек, не әлгі нормаларды өзгерту керек. Меніңше, Қазақстанда екі мемлекеттік тіл болуы керек. Билік сөйлейтін ресми тіл орыс тілі екен, ендеше ақырындап қазақ тілін сол деңгеймен теңестіруге тырысу керек.