Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:48, 13 Ақпан 2023

Петропавлдағы шабуыл: Қазақстанның барлық мектебінде тексеру жүргізіледі

None
None

Петропавлдағы шабуылдан кейін Қазақстанның барлық мектебіндегі қауіпсіздік тексеріледі, — деп хабарлайды  Білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Білім министрінің тапсырмасы бойынша Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға қатысты комиссия құрылғаны хабарланды. Оның құрамына Балалар құқығын қорғау комитеті, Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті, СҚО Білім басқармасының өкілдері кірген.

«Айта кететін жайт, мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары мен дабыл түймесі орнатылған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — делінген хабарламада.

Бұл ретте облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептерде қауіпсіздікке тексеру жүргізу тапсырылған.

Еске салайық, бүгін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш баланы жарақаттағаны хабарланған болатын.

Оқиға таңертең №4 мектепте болған. Қала әкімдігінің мәліметінше, екі бала балалар ауруханасында жатыр. Үшінші балаға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген.

Тегтер: