Пезешкиан Әзербайжан президентімен телефон арқылы сөйлесті
Пезешкиан Иранның Әзербайжанға жасалған дрон шабуылына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеранның Әзербайжан аумағына жасалған дрон шабуылына қатысы жоқ екенін айтып, болған оқиға жан-жақты тексерілетінін мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесу кезінде айтылған.
Әзербайжан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Пезешкиан Әлиевке 8 наурыз күні жексенбіде телефон шалған.
Иран президенті сондай-ақ Әлиевтің Бакудегі Иран елшілігіне барып, Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи мен көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына байланысты көңіл айтқанына алғыс білдірген. Сонымен бірге Тегеранға гуманитарлық көмек көрсету ниеті үшін ризашылығын жеткізген.
Мәлімдемеде Пезешкиан Нахчыванға әуеден жасалған шабуылдың Иранға қатысы жоқ екенін айтып, бұл оқиға толық зерттелетінін атап өткен.
Өз кезегінде Әзербайжан президенті соңғы оқиғалар кезінде Иранда көптеген бейбіт тұрғынның қаза болуына байланысты тағы да көңіл айтқан.
Бұған дейін Иран аумағынан ұшырылған дрондар Нахчыван қаласындағы әуежай аумағына құлағаны туралы хабарланған болатын. Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі бұл оқиға салдарынан әуежай ғимаратына зақым келгенін және бірнеше бейбіт тұрғынның зардап шеккенін мәлімдеді.
Баку Тегераннан жедел түсініктеме беріп, оқиғаны тергеуді, сондай-ақ мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін шара қабылдауды талап етті. Әзербайжан тарапы қажет болған жағдайда жауап беру құқығын өзінде қалдыратынын да ескертті.
Ал Иран Қарулы күштері Бас штабы Әзербайжан бағытына әскери дрон ұшырылғанын жоққа шығарды.