Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:57, 24 Наурыз 2023

«Пинта» дауы. Тілдің мәртебесі темекіден төмен

None
None

Отыз жылдан бері ана тіліміздің өз мәртебесін иелене алмағанының ашуын «Пинтадан» алып, кеше тағы бір дүрлігіп алдық.

Барлар желісін тәртіпке салған, шағын жеңісімізге қомпайып мәз болып қалдық. Ал шын мәнінде елімізде дәл осындай ұстанымдағы, қазақ тілінде қызмет көрсетуді ар санайтын мыңдаған қызмет көрсету орындары бар. Халық назары ауа бере «Мухаряповшылап» сұраған кешірімін өшіріп тастап, «баяғы әніне» салмасына да кепілдік жоқ. Бұл қазақ биліктен ала алмаған өшін солардан алып жатқандай әсер қалдыратыны да рас. Заңымыз мүддемізді сөйлемей тұрғандай біреуге барып: «Бұл Қазақстан қазақша сөйле» деп қоқаңдай беру де дұрыс емес. Кеше «көп қорқытады, терең батырады» әдісіне салдық. Ал болашақта ше? Қазақ тілінің мүддесі қаншалықты қорғалмақ?!

Эмоцияны ысырып қойып, тек объективті, заң жағынан алсақ, жекеменшік нысан үшін қазақша ән айтуға тыйым салу ешбір заңмен шектелмейді. Тіл туралы Заңда мемлекеттік тіл бойынша міндет кафе мен барларға тек ас мәзірі мен көрнекті ақпаратқа ғана қатысты. Бір сөзбен айтқанда, әнде қазақ тілін шектеген «Пинта» заң бұзып отырған жоқ. Иә, иә, расымен солай.

          Ретімен атсақ, желіде тараған ақпаратқа сәйкес, мейрамханада қазақ тілінде ән орындауға тыйым салынған. «Егер қонақтар қазақ тілінде ән қоюды сұраса немесе талап етсе, плей-листе қазақ тіліндегі ән жоқ екенін айту керек. Немесе бірден менеджер немесе директорды шақыру қажет. Егер бірден жауап беру қиын болса, сізге не істеуге тыйым салынғанын айтпаңыз, менеджерді шақырыңыз» делінген хабарламада. 

Жалпы қоғамдық орындарда тіл мәселесіне қатысты жанжалдар жиі болып тұрады. Ал заң жүзінде тамақтану орындарында қазақ тіліндегі әндер қойылуын талап етуге бола ма? Заңгер Кәрібай Тасшабаевтың сөзінше, ҚР заңнамасында «қазақ тілінде ән қойылмады» деп жазалау қарастырылмаған. Яғни «Тіл туралы заңда да, ешбір заңда көрсетілмеген. Ол мейрамхана әкімшілігінің шешімі. Мейрамхананың ішкі тәртібі бойынша реттеледі. Сол себепті арнайы органдарға шағымданғанымен ол негізсіз болып саналады. Себебі ол заңда реттелмеген», – дейді заңгер. 

Ендеше, қашанғы көптігімізбен қорқытып, тәртіп орнатамыз?! Бәрін заң жүзінде реттеуі тиіс билік не күтіп отыр? Биліктің өзі құнттамаған, қазақ елінің билігіне керек емес тіл мәселесі «Пинтаға» неге керек?! Бұл әнге қатысты болса, ал ас мәзірінің қазақша болмауының жауаптылығы да жоқтың есебі.

Осыған дейін мейрамханалар мен дәмханалардың ас мәзірінің қазақ тілінде болмауына қатысты да дау шыққан болатын. Заңгерлердің сөзіне сенсек, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық тамақтану орындарында мемлекеттік тілдегі мәзір болуы тиіс. Сондықтан ас мәзірі жазылған тілге қатысты қандай да бір арыз, не шағымыңыз болса, e-otinish арқылы өтініш жазып, заң бұзған кәсіпкерлерді Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 75-бабы 5-бөлігі бойынша жазаға тартуға болады. Яғни Қазақстан Республикасының Тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық – жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тiлдік белгілері бойынша кемсiту болып саналады. Бұл бап бойынша заң бұзғандарға 10 АЕК (34 500 теңге) айыппұл салынады. Егер бұл заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК (69 000 теңге) айыппұл салынады. Осы орайда айта кетсек, бар заңымыздың өзі тым жеңіл көрінеді.

Мәселен, темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 51 750 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 69 000 теңге (20 АЕК) айыппұл қарастырылған. Тiл туралы заңнаманы бұзғаны үшiн жауаптылық 10 АЕК болса, темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 15 АЕК қарастырылған. Яғни тұтас ұлт тілінің мүддесі қоғамдық орында темекі шегуден де төмен қарастырылған. Осындай қарым-қатынастан соң тілдің құқығын кім бұзбайды, биліктің өзі қажет етпей, сыйламай тұрған тілді басқалар сыйлай ма?!.

Тегтер: