Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 15 Тамыз 2023

Пірматов vs инфляция: жылтыр сөз, жалған есептің күресі

None
None

Өткенде Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов «биыл жылдық инфляцияны 5 пайыздық деңгейде ұстап тұрамыз» деп мәлімдеді.

  «Мынау бір жағымды жаңалық екен» деп, бөркімізді аспанға атпасақ та, ішіміз жылып, қуанып қалдық. Көзі ашық қарапайым халық та бас банкирдің сөзіне сеніп, әжептәуір елеңдеді. Ондағысы қос өкпеден қысып тұрған қымбатшылықтан құтылып, еңсе тіктейтін болдық деген ой еді. Алайда содан бері тұп-тура бір ай өтті, төмендей бастаған инфляция жоқ. Нарықтағы баға әлі де шарықтап тұр.

Қазір елде инфляцияның деңгейі 14,9 пайыз. Жыл басындағы 20,5 пайызға қарағанда төмендеді ғой деп өзімізді жұбатқымыз-ақ келеді. Бірақ сіңірі шығып, сіркесі су көтермей отырған елді аздаған пайыздармен алдай алмайсың. Десек те,  біздің бас банкиріміз алдап-арбауды әбден жіті меңгеріп алған. 

Әу баста 2022 жылы Ғалымжан Пірматов Ұлттық банк төрағасы болып тағайындалғанда «елдегі инфляциямен күресті реттеймін, қымбатшылықтың деңгейін 7,5-8,5  пайызға түсіремін» деп уәде берген. Әйтсе де, ол бұл уәдесін орындай алмады. Инфляциямен күресте тіпті итжығысқа да түсе алмады. Қымбатшылық Пірматовтың әдіс-тәсіліне бағынбады. Инфляциямен күресудің ең тиімді тетігі деп ойласа керек, Ұлттық банк бір жылда базалық ставканы бірнеше мәрте өсірді. Қазір базалық ставканың мөлшері 16,75 пайыз. Бірақ базалық ставканы өсіріп, айналымдағы ақша массасын қысқартып, теңгені қолдап отырғанмен, елдегі қымбатшылықтың беті қайтпады.  Пірматов айтқан 7,5-8,5 пайыздық инфляцияның шаңына да маңайламадық. Ал енді Ұлттық банк төрағасы айтқыштықтың жөні осы екен деп, жылдық инфляцияны 5 пайыз деңгейінде ұстап тұра аламыз дейді.     

  Оның айтуынша, сәуір айында өткізген ғылыми-практикалық конференцияда зерттеу жұмыстарының нәтижелері ұсынылды. Әртүрлі тәсілдер мен халықаралық тәжірибеге шолуды пайдалана отырып жасалған жан-жақты талдау келесіні көрсеткен: бірінші, таргеттің нүктелік форматы коммуникация және инфляциялық күтулерді тұрақтандыру тұрғысынан қолайлы саналады; біздің экономикамыз үшін инфляция бойынша оңтайлы таргет 4 пайыздан жоғары болып, 7 пайыздан аспайды. Көптеген бағалаулар инфляцияның 5 пайыздағы таргетінің оңтайлылығын көрсетуде.

Ұлттық банк осылай десе, сарапшылардың пікірі оған кереғар. Сала мамандары бас банкирді атқарушы биліктегі «жалған күрескерлердің бірі» деп те санайды. Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың пайымдауынша,  Пірматов инфляциямен қайта қаржыландыру мөлшерлемесін көтеру арқылы күресіп жатыр. «Базалық ставканы 16,75 пайызға дейін көтеріп жіберу отқа май құйғанмен бірдей» деседі маман. Бұдан барып, қарапайым халыққа кредит алу қымбатқа түсті. Екінші деңгейлі банктер тұтыну несиесінің ставкасын көтеріп тастады.  Қазір олардың кепілсіз несиеге қосатын жылдық көрсеткіші 46  пайызға жеткен.  

«Бизнеске де, коммерцияға да, халыққа тұтынуға да, ипотекаға да елдегі несие тиімсіз болып қалды. Біздегі несие беру халықты құлдыққа жегумен тең болды. Экономистер өңешімізді жыртып, тоқпақтап тұрып айтып  жатырмыз. Бірақ Пірматов үнсіз. Ол неге саладағы проблемаларды үкіметке ашып айтпайды? Үнемі жылтыр сөз, жалған есеп. Нақ қазіргі жағдайда  инфляцияның жылдық көрсеткішін 5  пайыздық деңгейде ұстап тұрамыз деу қисынсыз, жалған. Өзін «күрескермін» деудің қажеті қанша?» дейді Тоғжан Шаяхметова.

Сала мамандарының байламынша, елде зауыт-фабрикалар бірінен кейін бірі ашылып, дүркіреп жұмыс істеп, өзімізді-өзіміз отандық өніммен кем дегенде 80 пайызға қамти алсақ, онда инфляцияны төмендетеміз деп айтуға болушы еді. Ал нақ қазіргідей жағдайда 5 пайыздық инфляциядан үміттену  орынсыз.

Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков былай дейді:

– Мен бұл болжамды Пірматовтың неге сүйеніп айтып отырғанын білмеймін. Бірақ соңғы үш жылда елімізде импортты алмастыратын отандық өніммен толық қамтитын зауыт-фабрикалар салынған жоқ. Барының өзі толыққанды жұмыс істеп тұрғаны шамалы. Пірматов мұндай сөзді айтарда арнайы фактіге сүйену керек қой. Осынша зауыт ашылды, осыншама өніммен қамтып жатырмыз. Отандық өнімнің үлесі артқандықтан, нарықта баға түсті деген тәрізді дүниелер айтылуы керек. Біздің шенеуніктер әбден халықаралық болжамға, әлемдік тәжірибеге сүйеніп сөйлеуге үйреніп алған. Кезінде елдегі инфляцияның қатты шарықтағанын да әлемдік геосаяси жағдайдан көрді. Қазір де  жағдай өзгерген жоқ. Ресейдің валютасы әлемдегі ең құнсыз валюта саналып отыр, экономикасы да малтығып жатыр. Ал мұндайда келіп, біздің экономикамыз дамыды дей алмаймыз. Ресей экономикасына тікелей байланған ел ретінде айтарым, қымбатшылық төмендейді деу қисынсыз. Бұл тағы сол бас банкирдің кезекті құрғақ уәдесі. 

Сарапшылар алдағы уақытта бас банк өкілдеріне шындыққа тура қарап үйрену керек деседі. Бұдан бөлек Ұлттық банкке осы уақытқа дейін халықтың инфляция жеп қойған жинақтағы ақшасын индекстеу туралы бастама көтеру қажет. 

«Қазір халықтың зейнетақы қорындағы, депозиттердегі қаражаты құнсызданды.  Мұны Ұлттық банк қанша жерден мойындағысы келмесе де бұл үкіметте айтылуы керек. Пірматов әу бастағы жоспарының бірі ретінде  халықты тұтынушы емес, жинақтаушы етемін деп айтқан. Бірақ қазір елдің жинағаны аз. Керісінше, қарызға батып, мойнындағы борышы артып кетті» дейді Тоғжан Шаяхметова.   

Жалпы, мамандардың байламынша, біздің елде инфляция проблемасы сонау 2000 жылдардан басталған. Сол кезден бері базалық мөлшерлемені көтеріп отырған кезде баға өсімін тоқтата алар едік. Алайда біздің тиісті ведомстволар бұған дер кезінде мән бермеді.  Керісінше,  банкирлер халыққа несие берудің тетігін ғана меңгерді. Осыдан аз ғана жыл бұрын Ерболат Досаев Ұлттық банк төрағасы болған кезде бірден «арзан несиелердің санын көбейтемін» деп жар салған. Досаев сол кезде базалық мөлшерлемені көтермек түгілі арзан несиені оңды-солды тарата бастады. Тым құрығанда сол тұста базалық ставканы көтеру жайы талқыланғанда инфляциямен күресте басым түсер ме едік.  «Проблеманың бәрі сол 2019-2021 жылғы Ұлттық банктің саясатының салдарынан туындап отыр. Ал қазіргі Пірматовтың тұсындағы базалық ставканы көтеру тәсілі онша нәтиже беретін әдіс емес» деседі мамандар.

   Ойлап қарасақ, осы 1999 жылдан бері қарай Ұлттық банкті басқарғандар қилы-қилы мәлімдемелер жасапты. Ал шын мәнінде нәтиже жоқ. Сонда оларды жалған күрескерлер демегенде не дейміз?! Оларға ақиқатты жасырып, өтіріктің өрмегін тоқып жүре берген тиімді. Өкініштісі  – осы...

Тегтер: