Пірматовтан пайда жоқ, Смайыловқа сенбейміз
Кешелі бері Қазақстан қор биржасында көк қағаз қымбаттап жатыр. Сарапшылардың байламынша, келер аптада доллар тағы долданып, ырық бермей кетуі де әбден мүмкін.
Жалпы, еліміз үшін қазір ең қиын жағдай инфляцияның қарқынды сипат алуы болып отыр. Көріп отырғанымыздай, бір жылдық инфляция 20,3 пайыздан асып жығылды. Азық-түлік инфляциясы болса 25 пайыздан асты. Бағамдасақ, бұл соңғы он төрт жылда болмаған жағдай. Ал енді көк қағаздың құны одан әрі көтерілсе инфляцияның да ырық бермей құтырып шыға келетіні бесенеден белгілі. Бүгінде қара базардағы алыпсатарларға дейін доллардың қымбаттағанын желеу етіп, тауар бағаларын өсіре қоюға әбден дағдыланған. Экономикамыздағы жағдай мәз емес, халықтың әлеуметтік жағдайы ауыр. Елдің тапқан табысы өсіп жатқан жоқ. Ұлттық банк пен үкіметтің инфляцияға қарсы қадамдарынан пайда болмай тұр. Азаматтарымыздың төлем қабілеті нашарлап барады. Сонда мұның арты не болмақ?! Болашақта тағы бір рецессияны көтере аламыз ба?!
Ақылға қонымсыз аргументтер
Негізінде, бүгінде бүкіл әлем бойынша ақша-несие саясаты қатаңдай бастады. АҚШ-тың федеральдық резервтер жүйесі, Еуропаның орталық банкі, Жапония орталық банкі болсын, барлығы базалық пайыздық мөлшерлемелерді көтеріп жатыр. Бұл үрдіс осы елдердің валютасының қымбаттауына әкеледі. Бұдан бөлек, геосаяси жағдайды көріп отырмыз. Рубль де қатты құнсызданады деген болжам бар. ОПЕК-те күтпеген жерден мұнай өндірісін тәулігіне 1,66 млн баррельге қысқарту туралы шешім қабылданды. Қытай, АҚШ және Еуропа экономикасында рецессия болады деген болжам бар. Міне, осының барлығын жіпке тізе келе біздің атқарушы билік елдегі қымбатшылықты сыртқы факторларға байланыстырып, әлемдік экономикадағы көңіл күйге арта салғысы келеді.
Дегенмен сала мамандарының пайымдауынша, бізде ішкі экономикалық мәселелерді реттеп алмай, ақылға қонымсыз аргументтер айтатын министрлер мен шенеуніктер жетерлік. Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов бізде инфляциямен проблема сонау 2000 жылдары басталған дейді. Сол кезден бастап Ұлттық банк базалық ставканы біртіндеп көтеріп, ақша-несие саясатын мықтап қадағалағанда нақ қазір сан соғып, аһ ұрып отырмас едік.
— Былтырдан бері Ұлттық банк бір жылда базалық ставканы үш мәрте көтерді. Ақыры биыл 16,75 пайыздың көлемінде ұстап тұру туралы шешім қабылдады. Негізінде қазіргі экономикалық жағдайда базалық ставка 20 пайыз болуы керек. Себебі қазір мұнай өндірісі қысқарды. Бұдан бюджетке мұнайдан түсетін түсім азаяды. Ресейдің экономикалық жағдайы мәз емес. Рубль қатты құнсызданады деп күтілуде. Ең қызығы, үкімет жанар-жағармайдың бағасын өсірді. Жанармай өссе, бүкіл тасымал құны қоса өседі. Өнім өндірушілер ол тасымал құнының бағасын өнімдеріне қосады да, шығарып отырған өнім, тауар бағасы шарықтап шыға келеді. Мұндайда Ұлттық банк инфляциямен күрескісі келсе базалық ставканы өсіруге тиіс. Бірақ аталмыш инстанция оған асығар емес. Өз басым, Ұлттық банк төрағасы Пірматовтың пәрменіне сенбеймін. Смайылов үкіметі де халыққа берген уәделерін орындаған жоқ. Үкімет те, Ұлттық банк те қымбатшылыққа қатысты ақылға қонымсыз аргументтерін айтады. Елдегі болып жатқан жағдайды әлемдік экономикамен байланыстыра салғанды жөн көреді. Шынтуайтында мәселе басқада, – дейді экономист-ғалым.
Адастырған Милтон ба, Марченко ма?!
Ал сонда мәселенің мәні қайда жатыр?! Бұл ретте біз кезінде нарықтық қағиданы елімізге ендірер тұста француз ғалымы Милтонның теориясын қалап алыппыз. Милтонның бұл қағидасы «елде қымбатшылық орнамас үшін ақша массасын қысып, өндірістік салаға емес, қаржы саласына бейіл аудару керек» дегенге саяды. Заманында бұл қағиданы тек Қазақстан емес, біраз мемлекеттер таңдап алған. Бірақ экономикалық жағдайына сәйкес келмегендіктен, біраз елдер Милтонның өндірістік саланы қолдамайтын монетарлық теориясынан әлдеқашан бас тартқан.
Қазақстан болса, бұл ескі теорияны әлі ұстанады. Елде өндіріс орындарын дамыту, отандық өнімді қолдау жағы өте кемшін. Біздің құзырлы тараптар банк секторлары мен құрылыс саласын айрықша қолдауды жалғастырып келеді. Ал бұл екі сала бүкіл экономиканың жоғын түгендей алмасы анық. Құрылысты қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыру, әсіресе 1999-2004 жылдар аралығында Ұлттық банкті Марченко басқарған тұста тіптен қарқын алды.Ақырында теңге бағамы екі девальвацияны бастан кешіріп, Марченко «Мистер Девальвация» деген атаққа ие болды. Одан кейін Сәйденов, Келімбетов, Ақышев, Досаев тәрізді экономистер басқарғанымен, елдегі ақша-несие саясатының оңала қойғанын көрмедік. Әйтеуір, адастырған Милтон болса да, Марченко болса да экономикамыз дамып, халықтың басына мамыражай күн туып, қамсыз, уайымсыз өмір сүрген қарашаның қарасы аз. Керісінше, бүгінде өндіріс орындарын қойып, жекелеген тұлғалардың банк алдындағы борышы өсіп, Қазақстан «Қарызстанға» айналды. Бизнес пен халықтың банк алдындағы қарызы 20 трлн теңгеден асып жығылса. Қазақстанның сыртқы қарызының мөлшері 25 трлн теңгеден асты.
Геосаясатқа көп нәрсе байланысты емес
Мамандар Қазақстанның ішкі экономикалық проблемалары сыртқы факторлардан да көп екенін айтып жүр. Сондықтан болашақта үкімет пен Ұлттық банк проблеманың бәрін сыртқы фактормен байланыстыра бергенді доғару керек. Экономистердің айтуынша, біздегі мәселені шешудің тетігі белгілі бір жағдайға байланысты комиссия құруда немесе антимонополиялық комитеттерге шүйлігуде немесе банктерге талапты күшейтуде жатқан жоқ. Егер төркініне үңілсек, инфляцияны бұғаулайтын, экономикамызды дамытатын бастапқы үш тетік мынау екен:
Біріншіден, елде ауыр өнеркәсіп саласын дамытуға күш салуымыз керек. Біз инфрақұрылымдарды дамытуға пайдаланатын қажетті технологияларды, инженерлік мамандарды сырттан әкелуді тоқтатуымыз керек. Қазір бұл отандық өнеркәсіп саласының жандануына кері ықпалын тигізуде.
Екіншіден, қайта өңдеу саласына жан бітіруіміз керек. Мамин үкіметінің тұсында бұған қатысты «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» қолға алынған еді. Бағдарлама Маминнің соңынан суға сіңді ме, кім білсін, қазір осы жөнінде көп айтылмай кетті. Біз кезінде өндірісті және қайта өңдеу саласын дамытуды дұрыс жолға қоюды ойластырмадық. Мұнайдан түскен түсім арқылы мемлекетке қажетті тұтыну тауарларын сырттан сатып алғанды тиімді деп есептедік. Бұл үрдістің қате екендігін бүгінде уақыт дәлелдеп берді. Сондықтан осы қателікті жөндеуге тиіспіз. Қымбатшылыққа одан әрі ұрына бермес үшін елдегі қайта өңдеу саласына дем беруіміз қажет.Үшіншіден, елдегі сауда-саттық саласының кем дегенде 50 пайызын мемлекет өз бақылауына алуы керек. Кезінде министр болған Бақыт Сұлтанов елге арзан азық-түлік жеткізу мақсатында «көрші елдермен форвадтық келісім жасаймыз» деген бастама көтерді де артынша ол да толыққанды жүзеге аса қоймады. Міне, осы бастаманы жетілдіру керек. Елге арзан азық-түлік жеткізіліп, халықты арзан өнімдермен қамтамасыз ететін мемлекеттік дүкендер болуы тиіс.
«Осы басты үш тетікті ұстансақ, инфляциямен күресте де, экономиканы дамытуда да ұтатынымызға үміт бар. Нақ қазір үкімет пен Ұлттық банктің және ұлттық экономика министрлігінің нақты жүзеге асыратын жұмыстары осы болуы керек. Егер аталмыш ведомстволар халықтың сеніміне селкеу түсіргісі келмесе, осы ішкі мәселелерді реттеуді қолға алғаны жөн. Өзімізде өндірсек, өзіміздің сауатты мамандарымыз болса, импорттан арылсақ қана өсеміз, өнеміз. Осыны отыз жыл бойы қақсасақ та үкіметтің нәтиже шығара алмағаны өкінішті», — дейді Жаңабай Алдабергенов.