Писториус: «Путин Украинадағы соғысты тоқтатқысы келмейді»

Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадағы соғысты тоқтатуға мүдделі емес екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол 16 мамыр күні Римде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус Ресей тарапының соғысты тоқтату туралы мәлімдемелерінің шынайы емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, Путин соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге өзі қатыспай, орнына төмен деңгейдегі делегацияны жібереді. Бұл – Кремльдің бейбіт жолмен шешім іздеуге ынтасы жоқ екенін көрсетеді.
«Путин Украина президенті Зеленскиймен тікелей келіссөзден бас тартып отыр. Бұл – оның қазіргі кезде соғысты тоқтатуға мүлде ниеті жоқ екенін айқын көрсетеді», – деді Писториус.
Еуропа Украинаға көмекті жалғастырады
Ол сондай-ақ Еуропа елдері Украинаға қолдауын үзбей жалғастыратынын мәлімдеді. Италия, Франция, Ұлыбритания және Польшаның қорғаныс министрлерімен кездесуде Писториус Украинаға әскери көмек көрсету, болашақта мүмкін болатын бітім шарттарын бақылау және оны жүзеге асыру тетіктерін талқылағанын айтты.
Писториус қорғанысқа кететін шығындар туралы пікірінде НАТО-ның нақты мақсаттарын негізге алу қажет екенін айтты.
«Мәселе тек ЖІӨ-нің қанша пайызына шығындалатынымызда емес. Ең маңыздысы – нақты нәтиже, яғни не өндіріліп, қалай жүзеге асырылып жатқаны», – деді ол.