Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:42, 25 Ақпан 2019

Полат Қырықбаев: Түркістан облысында халықаралық турнирлер өтеді

Былтыр жаңадан құрылған Түркістан облысы еліміздегі халық саны ең көп өңір. Осы өңірдің спорт саласына қаңтар айынан бері жауапты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаевпен «Жас Алаш» тілшісі сұхбаттасқан еді.
– Полат Наурызбайұлы, Түркістандағы жұмысты неден бастап жатырсыз?– Дене шынықтыру және спорт басқармасына бағынышты 31 спорт мекеменің 16 спорт мекемесі Шымкент қаласының меншігіне берілді. Олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беретін спорт мекемелерін ашу мәселесі туындап тұр. Олардың қатарында – «Тұран» мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған» спорт клубы», «Түркістан» кәсіпқой бокс клубы», «Сауран» спорт ойын түрлері клубы», «Ату және спорттың ұқсас түрлері мектебі», «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі», «Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған облыстық футбол мектебі» бар. Қазіргі  таңда тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.– Жаңа құрылып жатқан облыстың спорт басқармасының қиындықсыз болуы мүмкін емес қой...– Әрине, Түркістан облысы болып қайта құрылғаннан соң біршама қиындықтар туындап отыр. Ең негізгі мәселе спортшылардың екіге бөлінуі, ересек спортшылардың Шымкент қаласы тұрғылықты мекен-жайы болғандықтан, сонда қалды. Қазіргі таңда, ересек спортшыларды дайындайтын жаттықтырушыларды тартып, біліктілігін арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.– Түркістан қаласы – облыс орталығы атанды. Қандай ірі спорттық нысандар салынады? Алдағы уақытта облыс орталығында халықаралық ірі додаларды қабылдау жоспарда бар ма?– Түркістан қаласы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» аймағынан «спорттық қалашық» салу үшін жер телімі қаралған.Бұл аймаққа заманауи жабық бассейнімен спорт сарайы (2019-2022ж.ж); 7000 орындық стадион (2019-2022); олимпиада резервін даярлау орталығының базасы (2019-2022; дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернат колледжі (2019-2020); жоғары спорт шеберлігі мектебі (2019-2020); дәрігерлік-дене тәрбиесі диспансері (2019-2022); мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (2019-2020); теннис корты  (2020-2021); гимнастика мектебі (2020-2021); мүгедектерге арналған көпсалалы спорттық кешенін (2020-2021) салу жоспарланып отыр.Жаңадан салынайын деп отырған спорт нысандары тек облыстық және  республикалық емес, сонымен қатар, Азия чемпионаттары, әлем кубогы кезеңдері сияқты халықаралық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін болады. Қазіргі таңда қолданыстағы спорттық ғимараттарда грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында КСРО-ның спорт шеберi Хайыс Аққалиевты еске алуға арналған ашық республикалық турнир, бокстан жастар арасында олимпиада ойындарының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир, қазақ күресінен жастар арасында «Тайқазан» республикалық турнирі, баскетбол жастар арасында Саттар Ерубаевты еске алуға арналған халықаралық турнир, таеквондодан жасөспірімдер арасында Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ашық республикалық турнир, бокстан ересектер арасында КСРО және Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Әбдісалан Нұрмаханов атындағы халықаралық турнирлерін және жылдық күнтізбелік жоспарға сәйкес спорт түрлерінен республикалық федерациялармен бірлесіп, ел чемпионаттары мен кубоктарын өткізу жоспарлануда. – Күні кеше жаңадан «Тұран» футбол клубын да құрғымыз келеді. Бұл премьер-лигада ойнайтын  мықты клуб болады», деп айтыпсыз. Клубтың бюджеті қандай болмақ?– Спорт саласында мемлекеттік саясаттың басымдығы – бұқаралық спортты тиісті деңгейде дамыту үшін жағдайлар жасау. Бұқаралық спортың дамуы – қазақстандықтардың салауатты өмір салтының даму негізі. Бұл ретте балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту маңызды рөл атқарады. Себебі бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортының дамуы, соның ішінде әлемдік спорт аренасында өнер көрсету осыған тікелей байланысты.Қазіргі уақытта Түркістан облысында салауатты өмір салтын дамыту мен халықты тұрақты түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту мақсатында, спорт түрлерінің бірі және бірегейі футбол ойынын Түркістан өңірінде дамыту үшін «Тұран» футбол клубын аштық. Енді команданы еліміздің футбол чемпионатында екінші лигаға қосуды жоспарлап отырмыз.– Спортшылар үшін ең маңызды жарыс – Олимпиада ойындары екені түсінікті. Жапония астанасына өтетін 4 жылдықтың басты додасы да жақындап қалды. Облыс қай спорт түрлерінен жолдама алуға үмітті? Токиода кімдерге сенім артасыз?– Облысымыздың 100-ге жуық жетекші спортшысы жылдық күнтізбеге сәйкес әртүрлі жарыстарға қатысып жатыр. Оның арасында рейтингтік, Олимпиадаға лицензия беретін додалар да бар. Арасында дзюдошы Дидар Хамза, боксшылар Қайрат Ералиев, Бек Нұрмағанбет, Ержан Жомарт, Бекдаулет Ибрагимов, Сәкен Бибосынов, Абзал  Құттыбеков, байдарка және каноэ есуден Евгений Алексеев, Инна Клинва, Сергей Токарницкий, еркін күрестен Мәулетхан Ташбол, Бақдаулет Өсербай, Нұрболат Абдуалиев, әйелдер күресінен Дариға Әбен, таеквондодан Нұрлан Мырзабаев, Арман Серікұлы, теннистен Гозаль Айнитдинова, Роман Хасанов, каратэден Мәди Катешев, семсерлесуден Татьяна Приходьконы ерекше атап өтуге болады. Олимпиада ойындарында осы қыз-жігіттерден үлкен үміт күтеміз.– Оңтүстік өңірден Олимпиада чемпиондары шықпағанына 20 жылға уақыт болды. Бұл 3 миллион халқы бар өңір үшін көп емес пе?– Өздеріңіз білетіндей, 2000 жылғы Сидней олимпиадасы оңтүстік үшін табысты болды. Марқұм Бекзат Саттарханов бауырымыз алтыннан алқа тақты. Одан кейін 4 жазғы олимпиада ойындары өткізілді. Аталған ойындарда облыс спортшылары 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Соңғы жылдардағы әлемдік бәсекелестік артып, спорттық медицина қарқынды дамуда. Кейбір жағдайларда спортшыларымызға сәттілік те серік болмай жататыны бар.Қазіргі таңда, спорт түрлерінен жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, Қазақстан Республикасы құрама командаларының сапына кірген облыстың 108 спортшысына ай сайынғы облыс әкімінің стипендиясы тағайындалған. Қазақстан Республикасының намысын абыроймен қорғап, Түркістан облысының имиджін көтеру мақсатында спортшыларға барлық жағдай жасалынып, тиісті жұмыстар атқарылады.– Соңғы сұрақ, бұқаралық спортқа қандай  көңіл бөлініп жатыр?– Спорт саласында мемлекеттік саясаттың басымдығы – бұқаралық спортты тиісті деңгейде дамыту үшін жағдайлар жасау болып табылады. Бұқаралық спорттың дамуы – қазақстандықтардың салауатты өмір салтының даму негізі.Облыста, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы 29 қаңтардағы жолдауындағы 2020 жылға 30 пайызға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы  бойынша жұмыстар жүргізілуде.2018 жылы облыс аумағында түрлі сала қызметкерлері арасында және оқушылар мен студенттердің қатысуымен спорт түрлерінен облыстық спартакиадалары өткізіліп, бұл іс-шаралар 12 мың адамды қамтыды.Былтыр Қызылордада өткен ауыл жасөспірімдерінің екінші жазғы ойындарынан  Түркістан облысының құрамасы екінші орын алды.Облыста «2018-2020 жылдарға арналған «Саламатты Оңтүстік Қазақстан» кешенді аймақтық жоспары бекітілген. Білім басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта облыста 902 білім беру мекемелерінде 6-18 жас аралығында 468197  оқушылар білім алуда. Оның ішінде 6428  спорт секцияларында 162 792 оқушы спортпен тұрақты шұғылданады.Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2018 жылы облыс аумағында 4026 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 571,2 мың адам қатысты. Былтырғы жылы өңірімізде дене шынықтыру және спортпен 571,2 мың адам шұғылданған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында облыста мүгедектермен жұмыстар жалғасып келеді. Жалпы өңірімізде 52183 мүмкіндігі шектеулі жандар тіркелсе, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындар 3347 адамды, яғни 3,8 % құрап отыр.– Әңгімеңізге рахмет!Сұхабаттасқан Бек ТӨЛЕУОВ
Тегтер: