Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:00, 11 Ақпан 2022

Полицияфобия өрши түсті

None
None

Шыны керек елімізде полиция қызметкерлеріне деген көзқарас бұрыннан жағымды емес болатын.

Сыртынан неше түрлі ат қойып, айдар тағып, мүмкіндігінше «полиция қызметкерлеріне құдай күнімді түсірмесін» деген сыңайда көзқарас қалыптасқан еді. Көлік жүргізушілері де көшеде келе жатып жол полициясы қызметкерлерін кездестіре қалса, жүріп келе жатқан жолынан жаңылып, не оларды өткізіп жіберуге тырысып әбігерге түсетін.

Полиция қызметкерлеріне қашан халық өзінің қорғаушысы ретінде қарайды деп жүргенімізде кешегі қаңтар қантөгісі халық пен полиция қызметкерлері арасын алыстатып жібергендей. Тіпті өшпенділік, полиция қызметкерлеріне жеккөрушіліктің арты неге апарып соғады деген қоғамда үрей де қалыптасуда. Бүгінде үйінде отырса өзін тобыр сезініп, талап-тілегін білдіріп көшеге шықса, содыр атанудан қорыққан халық әлеуметтік желіде өз ойларымен батыл бөлісуде. Әлеуметтік желіні халықтың үніне айналдырған қоғамға айналдық. Сол халықтың үнін жеткізуші ретінде олардың бірқатарын жаңа айдарымыз арқылы беріп отыруды жөн көрдік.

Бахтияр Хамит: «Бізде форма киген азаматтар қомқоршылар емес, қанаушылар болар еді»

Әлеуметтік желі қолданушысы Бахтияр Хамит«Полицейдің жуан білегіне қолын сүйеп, басын иіп шексіз ризашылықтың ишарасын білдіріп тұрған мына әйел бір күн бұрын дүкеннен бес жұмыртқа ұрлап, қолға түседі.

Оқиға орнына жеткен Уильям Стейси ұрының қолына кісен салып, қамаудың орнына бес жұмыртқаға бола басын қатерге тіккен бейбақты сөзге тартады. Сұрай келе, үйінде төрт баласы ашқұрсақ отырғанын, екі тәуліктен бері нәр татпағанын біледі. Шиеттей бала-шағамен айына 120 долларға ғана жан бағатынын, оның өзін біреуге ұрлатып алғанын естиді. Мән-жайға қаныққан офицер сол жерде әйелді босатып, үйіне жеткізіп салады. Күдігін сейілту үшін отбасының жағдайымен танысып, байғұс ананың алдамағанына көз жеткізеді. Кетерінде ұрлық жасау – тығырықтан шығар жол еместігін айтып, бұдан былай заң бұзбауын ескертеді. Бие сауым уақыт өткен соң ашқұрсақ балаларын тыныштандырумен әлек болып жатқан ананың үйіне екі полицей көлігі келіп тоқтайды. Ақыры қамайтын болды-ау деген азапты ойдан абдырап қалған әйел Уильям Стейси бастаған тәртіп сақшыларының дорба-дорба азықпен үйіне кіріп келгенде бірақ өз-өзіне келеді.

Кейін ол «ондай молшылықты бала кезімде ғана көрген шығармын. Әжем марқұм азық-түлікті солай көп қып алатын… Балаларымның тоя тамақ ішкенін көріп, көз жасымды тыя алмадым», – деп қамқор полицейлердің жақсылығын жылылықпен еске алады. Полиция қызметкерлері болса азық-түлік апарумен шектелмейді. Арнайы қор құрып, онда түскен қаражаттың есебінен мұқтаж отбасының жағдайын түзеп береді. Енді, ойлап отырсақ әлгі әйелдің бағы бес елі екен. Өйткені ол АҚШ-та тұрады. Бізде болса форма киген азаматтар қомқоршылар емес, қанаушылары болар еді. Бес жұмыртқа үшін бес жыл арқалатып, түрменің түбінде шіритін еді» деп жазба қалдырыпты. Тіпті осы оқиғаның суреттерін де беріпті. Қарап отырып әлгі полиция қызметкерлеріне жүрегің жылиды.

Ержан Әбдіраман: «Офицер, өз елімде полициядан әбден запы болғанмын. Сондықтан сендерді көрсем, сасқалақтап тәртіп бұзам» деп шынымды айтуым керек шығар

Бүгінде АҚШ-та білім алып жатқан журналист Ержан Әбдіраман да осы тектес жазба қалдырыпты. «АҚШ-қа келгелі бері жол тәртібін бұзғаным үшін бірнеше мәрте полиция тоқтатты. Біріншісі алғаш келген кезде еді. Алыс болса да сабаққа бүгін велосипедпен барып көрейін дегем. Қайтарда жолдың көбі өр болды ма, біраз жүрген соң діңкелей бастадым. Автобуспен жүре бермегеніме өкініп келем. Демалуға тоқтаған кезде картаға қарасам, негізгі жолдан бөлек төте жол бар сияқты. Дұрыс емес екенін сезіп тұрсам да соған бұрылып кеттім. Бір уақытта озып бара жатқан машинадан біреу айғайлағандай болды. Анық естімей қалдым, «Қаттырақ жүр, құтыласың!» деп күлген сияқты. Артыма қарасам, оттары жарқылдап полицияның машинасы келе жатыр. Жолдың шетіне шығып тоқтадым. Елу жас шамасындағы полицей түсті. Бұл жолмен велосипед жүруге болмайды ғой деді. Құжаттарымды сұрады, аты-жөнім, туған күнімді жазып алды да, машинасына кіріп кетті. Не жаза тағайындайды, қанша штраф салар екен? Онымен құтылсаң жақсы, университетке хабарласса ше? Мұны ойлап көңіл-күйім одан әрі бұзылды. Біраздан соң полицей шықты. Құжаттарымды берді. Қазір машинаға отырасыз, қаруыңыз жоқ па тексерейін деді. Жолдың бойында қолымды көтеріп тұрам, полиция үстімді тінтиді деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе. Қарусыз екеніме көзі жеткен соң офицер машинасының артқы есігін ашып, велосипедті салды, мен алдына отырдым. Қайда барамыз деп сұрап үлгергем жоқ, адресімді тағы анықтап алды да, мен бұл көшені білетін сияқтымын, жақын болу керек деді. Бес минутта үйге келдік. Жолда «қашан келдіңіз, Америка қалай, ұнап жатыр ма?» деген сұрақтар қойып, аз-кем әңгімелестік. Үйге жеткен соң, велосипедті түсіріп берді де, «бұдан былай хайуэймен жүрмеңіз» деп қоштаса бастады. Ешқандай шара қолданбай ма? Еш уайымдамаңыз, сау болыңыз.

Бір айдан аса уақыттан соң ескілеу машина алдық. Қазақстандық жүргізу куәлігімен бір жыл жүруге болады. Келіншегім таңертең мені, баламды сабаққа әкеп тастайды. Өзім айдамауға тырысам. Өйткені, мойындаймын нашар шопырмын. Бір күні кешкісін пробкада ақырын келе жатқам. Айнадан қарасам, артымда полицияның машинасы келеді екен. Соған алаңдаймын деп, стоп белгісіне тоқтамай өтіп кеткенімді кеш байқадым. Құртатын болды-ау… Қарап қоям, тыныш. Бірақ не озбайды, не қалмайды. Құрсын, өткізіп жіберейінші деп тупик көшеге бұрылып кеттім. Масқара болғанда ол да бұрылды. Кері айналып келгенде ол алдымнан тоқтап терезесін ашты. Мен де тоқтадым. «Неге жол белгісіне бағынбайсыз? Айыппұл салуыма болар еді, бірақ бұл жолы ескерту берем» деді зілді дауыспен. Ок, ок дей бердім.

Тағы бірде, осы жақында ғана, бір америкалық досыммен кездесіп, түннің бір уағында үйге қайтып келе жатқанмын. Үлкен көшеге түскенім сол еді, арт жақтан сирена бажылдап қоя берді де, бір көшеден оты жарқылдап полицияның машинасы атып шықты. Көшеде менен басқа машина жоқ. Жүрісімді баяулаттым. Ол да ақырындады. Тоқтадым. Тағы не бүлдірдім? Тереземді ашып күтіп отырмын. Азиялық, бәлкім тегі қытайлық офицер екен.

– Ей, теріс жолға түсіп кеттің ғой!

– Теріс жол?

– Иә! Білмейсіз бе, мына жол бір бағытты, ал сіз кері кетіп бара жатсыз!

– Полицейдің бетіне – бір, жолға – бір қараймын.

– Жүргізуші куәлігіңіз?

Орнымда отыруды ескертті де, полицей құжатымды алып машинасына кетті. Не қара басты? Қалайша байқамадым? Екінші полицей келіп, машинаны бір айналып шықты. Фонарының жарығын терезеден түсіріп, ішін қарады. Әй осы жолы оңдырмайды-ау. Бұлар неге сонша жоғалып кетеді, не істейді екен осынша уақыт? Шамамен он бес минуттан соң жаңағы полицей келді. Қолында менің құжатымнан басқа тағы бір қағаз бар. Үйдің адресін сұрады. «Мынау куәлігіңіз. Ал мынау полиция тоқтатқан жағдайда не істеу керектігі туралы нұсқаулық. Қазір кері айналып ана көшеден солға бұрыласыз да Юниверсити авенюге түсесіз. Абайлап жүріңіз». Сөйтті де, біреуі қарсы келе жатқан машиналарды тоқтатты. Екіншісі маған жүр деп белгі берді. Тереземді ашып, «Офицер рахмет!» деп айғайладым да, зыттым.

Бұған қарап, Америкада полиция тәртіп бұзғанның бәріне көзжұмбайлық жасайды деп ойламау керек. Арақ ішіп ұсталсаң аяушылық жоқ. Мектептің жанында жылдамдықты асырсаң да солай. Бірақ менің түсінгенім, полиция әуелі адам екеніңді, адам болған соң қателесуің мүмкін екенін ескереді. Қасақана емес, байқаусызда істегеніңді түсінсе, көп жағдайда ескерту жасап қоя береді. Бір күні қас қарайған кез еді, светофорға тоқтап тұрғам. Әйелім «Ойбай, Ержан, ана полицей бізге бірдеңе деп жатыр!» дейді. Қарасам, жанымда полицияның машинасы тұр. Терезені аштым. «Фарыңды жақ» деп жатыр екен. Жағып қайта қарадым. Бас бармағын шошайтты. Сонда да полиция көрсем, әлі күнге ішім қып ете қалады. Дұрыс келе жатырмын ба? Фар жағулы ма? Тәртіп бұзған жағдайда олар әуелі себебін сұрайды. Енді тоқтатып жатса, «Офицер, өз елімде полициядан әбден запы болғанмын. Сондықтан сендерді көрсем, сасқалақтап тәртіп бұзам» деп шынымды айтуым керек шығар» депті. Ащы да болса шындық. Полиция көрсек әбігерленіп кететініміз рас қой.

Өз полициямыздан неге өзіміз қорқамыз?

Екі жазбадан да адам құқығын жоғары қойған елдегі полиция қызметкерлерінің халыққа деген қамқорлығын байқаймыз. Ал біздің елімізде мүлт кетсең айыппұл жазып, одан қалды «елемей қоя салуы үшін пара дәметіп тұратын өздерінен жазалаушы орган жасап алған полиция қызметкерлерінің әрекеті расында да халық көңілінде үрей қалыптастырған. Тіпті бүгінде еліміздегі полиция қызметкерлерінің азаптау әрекетінен соң халықтың ашынғаны байқалады. Журналист – Абайус Отариустың «мынандайға жол беріп отырған министр орнынан кетуі керек. Егер бұлай жалғаса берсе, халық одан сайын ашынады» деген, журналист Ришат Асқарбекұлының «алда бір дүрбелеңнің болатыны анық. Қашан екені бір Жаратушыға аян. Сол кезде сендерді ешкім аямайды. Бүгінгі үтік оқиғасын естеріңе салады. Арқаларың қатты ашитын болады. Ал сол үтікті қыздырып отырған дәу менттің де күні санаулы. Ұятың болса, отставкаға кет!» – деген жазбалары соның дәлелі. Әрине, полиция қызметкерлерінің тек бұйрықпен әрекет жасайтынын ескерсек, бүгінгі күні халық пен құқық  қорғау қызметкерлері арасының  алшақтауына да кім кінәлі деген сұрақтың жауабын тапқандай боламыз. Сондықтан құқық қорғау саласына реформа жасауға ұмтылған билік халықтың ойындағы полиция қызметкерлері қандай болуы керек дегенде жоғарыдағы пікірлерді ескерсе екен.

Уа еститін Үкімет датымызды ескермесең саған сын, айта алмасақ бізге сын!

 

Тегтер: