Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:11

Politico: АҚШ пен Ресей демалыс күндері Майамиде келіссөз өткізуі мүмкін

1
Фото: Chandan Khanna/AFP

Politico басылымының дерегінше, АҚШ пен Ресей өкілдері 20-21 желтоқсан күндері Флорида штатының Майами қаласында кездесіп, Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылауы ықтимал.

 Бұл ақпаратты аталған басылымға осы мәселеден хабардар екі дереккөз растаған. Алайда Ақ үй ықтимал кездесу жөнінде әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Politico-ның жазуынша, Ресей тарапынан келіссөзге Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы, РФ президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев қатысуы мүмкін. Ал АҚШ атынан президент Дональд Трамптың арнайы елшісі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің келуі болжанған.

Басылым атап өткендей, келіссөздер жоспары әлі де өзгеруі мүмкін. Егер Флоридадағы байланыстар жүзеге асса, АҚШ тарапы онда АҚШ, Украина және Еуропа елдері арасында Берлинде өткен жақындағы келіссөздердің нәтижелерін ресейлік тарапқа таныстыруды көздеп отыр.

Айта кетейік, 14-15 желтоқсан күндері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Берлинде Украина президенті Владимир Зеленскиймен соғысты аяқтау мәселесіне қатысты келіссөздер жүргізген. Кейін бұл кездесуге Еуропаның бірқатар жетекші елдерінің басшылары, сондай-ақ Еуроодақ пен НАТО өкілдері қосылған.

Кездесуден кейін Владимир Зеленский журналистерге АҚШ-тың бейбіт келіссөздерді мүмкіндігінше тез аяқтауға мүдделі екенін, алайда Украина үшін келісімнің мазмұны мен сапасы аса маңызды екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Германиядағы келіссөздер барысында тараптар бейбіт келісімнің ең күрделі тармақтарына, соның ішінде Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру мәселесіне біршама жақындаған. Дегенмен, жер мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр.