Politico: АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері туралы декларацияға қол қойған жоқ
6 қаңтар күні Парижде өткен «еріктілер коалициясы» кездесуі қорытындысында Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру жөніндегі декларация жобасынан АҚШ-тың нақты әрі бірмәнді қолдауына қатысты тармақтар алынып тасталды.
Бұл туралы Politico басылымы хабарлады.
Басылым өз қолындағы құжаттың бастапқы нұсқасына сүйене отырып, Париждегі кездесудің қорытынды бірлескен мәлімдемесінен Вашингтонның Киевті қолдау жөніндегі айқын міндеттемелері алып тасталғанын жазды. АҚШ өкілдері 6 қаңтардағы кездесуде Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері туралы декларацияға қол қоюдан бас тартқан.
Politico-ның мәліметінше, қабылданған құжатта АҚШ-тың Украина аумағындағы көпұлтты контингентке қатысуы, сондай-ақ Ресей тарапынан жаңа әскери басқыншылық жасалған жағдайда бұл күштерді барлау және логистикалық мүмкіндіктермен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер көрсетілмеген. Құжатта тек «АҚШ ұсынатын ықтимал қолдау» деген жалпы тұжырым ғана бар, алайда оның нақты мазмұны ашып көрсетілмеген.
Сонымен қатар, «еріктілер коалициясының» Украинамен ұзақ мерзімді әскери ынтымақтастығына қатысты бөлімде де АҚШ мүлде аталмайды.
Осыған қарамастан, АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Париждегі кездесуден кейін Украинаға Ресейдің жаңа агрессиясын болдырмауға арналған «қуатты» қауіпсіздік кепілдіктері берілетінін мәлімдеді. Алайда бұл уәде Украина түпкілікті бейбіт келісімге қол қойған жағдайда ғана жүзеге асатынын атап өтті.
Парижге арнайы өкіл Стивен Уиткоффпен бірге келген Кушнер «дұрыс келісім» жасалса, Ресей президенті Владимир Путин соғысты қайта бастамайды деген сенім білдірді. Оның айтуынша, мұндай қорытындыға Трамптың Путинмен жүргізген әңгімелеріне сүйене отырып келген.
Париждегі кездесуде «еріктілер коалициясына» кіретін мемлекеттер Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі декларацияға қол қойды. Франция президенті Эммануэл Макрон бұл туралы былай деді:
«Бүгін біз айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткіздік. Бұл Париж декларациясында көрініс тапты. Ол тұрақты бейбітшілікке сенімді кепілдіктер береді. Бұл құжатта алғаш рет коалицияға мүше 35 мемлекет, Украина және АҚШ арасындағы ынтымақ мойындалып отыр. Біз нақты қауіпсіздік кепілдіктері туралы айтып отырмыз».
Макрон келісілген тармақтарды жеке атап өтті. Олардың қатарында:
-
АҚШ басшылығымен атысты тоқтату режимін бақылау;
-
Украинаны ұзақ мерзімді қорғаныс қару-жарағымен қамтамасыз ету;
-
Ресей тарапынан жаңа шабуыл жасалған жағдайда Украинаны қолдауды көздейтін заңдық күші бар келісімдер әзірлеу бар.
Сонымен бірге Киев, Париж және Лондон декларацияға қол қойды. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің айтуынша, бұл құжат атысты тоқтатқаннан кейін Украина аумағында британ, француз және басқа да «серіктес» елдердің әскерін орналастыруға құқықтық негіз қалыптастырады.
Оның айтуынша, атысты тоқтату басталған сәттен бастап Ұлыбритания мен Франция Украина аумағында «әскери орталықтар» құрып, қару-жарақ пен әскери техниканы сақтауға арналған қорғалған нысандар салуды жоспарлап отыр.