Politico: АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін тек бейбіт келісімнен кейін ғана беруге дайын
АҚШ Украинамен ұзақмерзімді қауіпсіздік кепілдіктерін талқылауға әзір, бірақ бұл мәселе бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін ғана қаралады.
Мұндай позицияны Вашингтон Еуропа одақтастарына Мемлекеттік хатшы Марко Рубио жеткізген. Бұл туралы Politico басылымына құпия дереккөздер мәлімдеді.
Дереккөздердің сөзінше, АҚШ Мемлекеттік хатшысы президент Дональд Трамптың кейін Киевке қауіпсіздік кепілдіктері бойынша жеке келіссөздер жүргізетінін айтқан. Әңгіме барысында Рубио бейбіт келісімнен кейін шешілуі тиіс басқа да мәселелер бар екенін ескерткен. Еуропалық дипломаттар оның сөзін Украина аумақтық тұтастығы және Ресейдің шетелдегі мұздатылған активтерін реттеу мәселелері деп түсінген.
Вашингтон ұсынған бейбіт жоспар
Қараша айының ортасында АҚШ Украинаға арналған бейбіт жоспардың жобасын ұсынды. Бастапқыда құжатта 28 тармақ болды, олардың бірі Киевтің сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін алуы еді.
Алайда Женевада өткен келіссөздерден кейін құжат 22 тармаққа дейін қысқарды. Трамптың айтуынша, тараптар тек бірнеше мәселе бойынша келісе алмай отыр.
CNN-ге сөйлеген Украина үкіметіндегі жоғары лауазымды дереккөздің айтуынша, Киев АҚШ жоспарының үш негізгі тармағын қабылдаудан бас тартқан:
- Ресейге әзірге басып алмаған Донбастың бір бөлігін беру;
- Украин армиясының санын 600 мың әскери қызметкермен шектеу;
- НАТО-ға кіруден бас тарту.
Вашингтон қойған дедлайн және Трамптың талабына жауап
Осыған дейін АҚШ әкімшілігі Киевтің бейбіт жоспарды келісу үшін 27 қарашаны дедлайн ретінде атаған. Президент Дональд Трамптың өзі де Зеленский «ұсынысты қабылдауы немесе бар күшін салып соғыса беруі» керек екенін мәлімдеген.
Женевадағы келіссөздерден соң Украина тарапы Зеленскийдің АҚШ-қа сапарын ұйымдастырып, Трамппен жоспардағы ең даулы тармақтарды талқылауды ұсынған. Алайда Ақ үй басшысы Зеленскиймен және Путинмен кездесуді тек соғыс тоқтау келісімі толық дайын болғанда немесе оның соңғы кезеңінде ғана өткізетінін айтқан.
Трамп арнайы өкілі Стив Уиткоффқа Ресейге барып Путинмен келіссөз жүргізуді тапсырды. Ал АҚШ армиясының министрі Дэн Дрисколлға Киевпен тұрақты байланыс орнату жүктелді.