Полиция қызметкерлері адам өлтірген бе?
Редакциямызға Марат Әпешов атты азамат хабарласып, көмек сұрады. Оның айтуынша, былтыр ағасы – Әзиз Әпешов жанармай бекетінде жұмыс істеп жүргенде, оған кісі өліміне қатысы бар деген айып тағылған. Қазіргі күнде бұл іс бойынша бес адам жауапқа тартылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, жанармай бекетінде болған сол азаматтар Бауыржанның өліміне қатысы болуы мүмкін. Алайда Марат Әпешов оқиғаға қатысты басқа жайттарды алға тартады.
Оның айтуынша, оқиға болған күні Бауыржан жанармай бекетіне келіп, сол жерде отырған бірнеше адаммен жанжалдасқан. Жанжалдан кейін полиция шақырылған. Бірақ полиция оқиға орнына бірден келмей, шамамен бір жарым сағаттан кейін жеткен. Кейін полицейлер Бауыржанды алып кеткен. Ал арада екі сағат өткен соң оның қайтыс болғаны туралы хабар тараған.
Марат Әпешовтің айтуынша, іс барысында бірқатар маңызды бейнежазбалар сотта көрсетілмеген. Жанармай бекетінің бейнебақылау камералары мен құқық қорғау органдарындағы бейнежазбалар тергеу материалдарына енгізілмеген.
Сонымен қатар, Әзиз Әпешовтың туыстары жанармай бекетінің жанындағы дәріхананың камерасынан түсірілген видеоны өздері алған. М. Әпешовтің мәліметінше, бұл видеода полиция қызметкерлерінің Бауыржанды ұрып-соғып, шокер қолданғаны байқалады. Бірақ сотта олар қаза тапқан азаматқа "күш қолданбадық" деп куәлік берген.
Тағы бір күмәнді жайт – марқұмның денесіндегі жарақаттар. Марат Әпешовтің айтуынша, Бауыржанды полиция алып кеткен кезде оның бет-жүзінде айтарлықтай жарақат болмаған. Алайда қайтыс болғасын түсірілген суретте оның бетінде қатты соққыдан алған жарақаттар болған. Сондықтан Әпешов қаза тапқан азаматтың полиция бөлімінде азапталып, шын кінәлілерді жасыру үшін қылмыстық іс жанармай бекетінде болған бес адамға жабылуы мүмкін деп санайды.
Қазіргі уақытта Әзиз Әпешовтың туыстары бұл іс бойынша тергеуді қайта жүргізуді талап етіп отыр. Олар барлық бейнежазбаларды толық зерттеп, Бауыржанның өліміне нақты не себеп болғанын анықтау қажет екенін айтады.