Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:13

Полиция қызметкерлері адам өлтірген бе?

Марат Әпешов
Фото: Жас Алаш

«Жас Алаштың» редакциясынатараздық Марат Әпешов арнайы келіп, жанайқайын жеткізді.

Оның айтуынша, былтыр бауыры Әзиз Әпешовке«адам өліміне қатысы бар» деген жалған айып тағылған. Қазіргі күнде бұл іс бойынша бес адам жауапқа тартылып, ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлімі «денсаулыққа зиян келтіру, абайсызда адам өлтіру» бойынша сот жүріп жатыр. Айыптаушы орган жанармай бекетінің қызметкерлері мен сол маңда кездейсоқ болған адамдар Бауыржан есімді азаматтың өліміне себепші болған деп есептейді. Алайда Марат Әпешов полиция қызметкерлері адам өлтіріп, енді кінәні бес бірдей адамға жауып отырған болуы мүмкін деп есептейді.

Оқиға қалай болды?

Марат Әпешов Бауыржан есімді азаматтың қалай қаза болғанын егжей-тегжейлі айтып берді. Оның сөзінше, оқиға болған күні Бауыржан жанармай бекетіне келіп, сол жерде бірнеше адаммен жанжалдасқан. Жанжалдан кейін полиция шақырылған. Бірақ полиция оқиға орнына бірден келмей, шамамен бір жарым сағаттан кейін жеткен. Кейін полицейлер Бауыржанды алып кеткен. Ал арада екі сағат өткен соң оның көз жұмғаны белгілі болған.

– Былтыр ағам жұмыс істейтін жанармай құю бекетіне Бауыржан есімді бір жігіт келген. Ол келе сала сондағы жұмыскерлерге тиісе бастаған. Ортада жанжал шыққан. Содан кейін қызметкерлер полиция шақырған. Бірақ полиция тек 1,5 сағат өткенде ғана келген. Оған дейін Бауыржан қызметкерлердің әрқайсысымен ерегесіп, жаға жыртысқан. Алайда денсаулығына зиян келетіндей қатты таяқ та жемеген. Жанжал кезінде Бауыржан ағамды итеріп жіберіп, қолын жарақаттап алған. Нәтижесінде жедел жәрдем келіп, ағам жанжалдың басынан аяғына дейін жедел жәрдем көлігінде отырған.

Кешігіп жеткен полиция қызметкерлері Бауыржанды алып кеткен. Арада екі сағат шамасында уақыт өткен соң оның өлгені белгілі болған. Содан кейін полиция сол кезде жанармай құю бекетінде болған бес адамды «кісі өліміне кінәлі» деп алып кеткен. Бұл жерде тағы бір айта кетерлігі, Бауыржан ол жерден кеткен кезде өз аяғымен жүрген. Тіпті полициямен жанармай құю бекетінің алдында төбелескен. Видеоға көз салсаңыз, әлі 10 адаммен төбелесе алатындай күш-қуаты бар екенін аңғарасыз, – дейді Марат Әпешов.

Полиция сотта жалған куәлік берген бе?

М.Әпешовтің айтуынша, іс барысында бірқатар маңызды бейнежазбалар сотта көрсетілмеген. Жанармай бекетінің бейнебақылау камералары мен құқық қорғау органдарындағы бейнежазбалар тергеу материалдарына енгізілмеген. Сонымен қатар Әзиз Әпешовтің туыстары жанармай бекетінің жанындағы дәріхананың камерасынан түсірілген видеоны өздері алған. Бұл видеода полиция қызметкерлерінің Бауыржанды ұрып-соғып, электрошокер қолданғаны байқалады. Бірақ сотта олар «көз жұмған азаматқа күш қолданбадық» деп жалған куәлік берген.

Бұдан бөлек М.Әпешов тергеуде шикілік көп деп есептейді. Себебі, біріншіден, бейнежазбалар тергеуге қосылмаған. Екіншіден, полиция қызметкерлері сотқа тек куәгер ретінде қатысып жүр. Тіпті Бауыржанды апарып қамаған кездегі видеолар, полиция қызметкерлерінің ұстаған кезде түсірген видеолары да жоқ.

– Адам жетіскеннен жанармай құю бекетінде жұмыс істемейді. Ағамның ұлының мүмкіндігі шектеулі, тағы бір қызметкердің әкесі де сондай. Бірі – жесір әйелдің жалғыз ұлы... Міне, осындай адамдар тергеу дұрыс жүрмегендіктен жазықсыз қамалып отыр. Оларға алдағы уақытта бірнеше жылға сотталу қаупі төніп тұр. Сондықтан сараптама дұрыс жүргізілсе, бейнежазбалар іске қосылса дейміз. Қазіргі тергеуге жанармай құю бекетіндегі алысқан-жұлысқан видеоны ғана қосқан сияқты. Полицияның әрекеттеріне баға беретін видеолар қайда? Осы жағдайларға қарар болсақ, сараптама «Бауыржанның өлімі жанармай құю бекетіндегілердің әрекеті салдарынан болды» деген қорытынды шығарған сияқты. Сараптамада нақты «мына адамның соққысынан қаза тапты» деп те жазылмаған. Себебі олардың ұрып жатқаны видеода жоқ. Ешкім олай ұрмаған. Сондықтан жалпылама түрде «осы әрекеттер адам өліміне себеп» деп жазып жіберген. Бірақ сараптамада полицияның электрошокер қолданғаны, соның салдарынан Бауыржанның есінен танып қалғаны, құқық қорғау органдарының оны ұрып-соққаны, басынан тепкені жазылмаған. Сот кезінде полиция да куәлік берді. Олар өздерінің Бауыржанға күш қолданбағанын айтты. Бірақ біз дәріханадағы камерадан түсірілген видеоны көрсеткенде олар ештеңе айта алмады. Судья: «Мына бейнежазбадағы полиция қызметкерлері сіздер ме?», – деп сұрағанда олар «иә, біз» деп қана жауап берді», – дейді М.Әпешов.

Марат Әпешов
Марат Әпешов. Фото: Жас Алаш

«Бес бірдей адам жазықсыз соттала ма?!»

Тағы бір күмәнді жайт – марқұмның денесіндегі жарақаттар. Марат Әпешовтің айтуынша, Бауыржанды полиция алып кеткен кезде оның бет-жүзінде айтарлықтай жарақат болмаған. Алайда қайтыс болған соң түсірілген фотоларда оның бетінде қатты соққыдан алған жарақаттар болған. М.Әпешов «Бауыржан атты азамат полиция бөлімінде ауыр соққыдан көз жұмған, шын кінәлілерді жасыру үшін қылмыстық іс жанармай бекетінде болған бес адамға жабылуы мүмкін» деп санайды.

– Бұл оқиға тапа-тал түсте Алматыда болған. Полиция Бауыржанды сүйрелеп жүріп көлігіне салып алып кетеді. Мұны видеода анық көруге болады. Ал содан кейін полиция бөлімшесінде не болды, оны ешкім білмейді. Полицейлердің кеудесіндегі жетондағы жазбалар жоқ. Бөлімшедегі видео да жоқ және жанармай құю бекетіндегі, оның жанындағы нысандардағы камераға түскен видеоларды полиция алып кеткен. Бірақ тергеуде бұлар көрсетілмеген. Сондықтан біз осы деректерді саралай отырып, полицияның қылмысты жасыру әрекеттері болуы мүмкін деп есептейміз. Осыны мұқият тексеру керек. Жаңадан қосылған видеоға жаңадан сараптама жасау керек. Бес бірдей адам жазықсыз сотталып кете бере ме?! Бұл бес адамның тағдырына балта шабу ғой!, – дейді кейіпкеріміз.

«Өлген азаматтың ағзасынан есірткі табылған»

Марат Әпешовтің пайымдауынша, бұл істе күмәнді жайт көп. Соның бірі – соққыдан көз жұмған азаматтың ағзасынан белгісіз есірткі затының табылуы. Оны бейнежазбадан да байқауға болады. Ол өзін әдеттегіден өзгеше ұстайды. Әркімге бір соқтығады, полицейлермен төбелеседі. Полиция келген кезде ол өзін қорғап жатқандай әсер қалдырған. Бұдан бөлек, сараптама да оның жанармай құю бекетіне сау келмегенін көрсеткен.

– Есірткінің әсерінен болу керек, ол полицейлермен де төбелеседі. Ағам сол күні маған хабарласып, өзін полиция алып кетіп бара жатқанын, полиция бөлімшесіне жеткен соң телефонын алып қоятынын айтты. Бір-екі ауыз тілдесіп үлгердік. Ол полиция адам өлтіріп, оны өздеріне жабуы мүмкін деген күмәні барын да айтты, – дейді Марат Әпешов.

Қазіргі уақытта Әзиз Әпешовтің туыстары бұл іс бойынша тергеуді қайта жүргізуді талап етіп отыр. Олар барлық бейнежазбаны толық зерттеп, Бауыржанның өліміне нақты не себеп болғанын анықтау қажет екенін айтады.

«Біз осы істің тергеуге қайта жолдануын талап етеміз. Тал түсте полиция қызметкерлері бір адамды есінен тандыра тепкілесе, бөлімшеде оған не істейтінін Құдай білсін! Ол видеоны біз көрмедік. Сап-сау кеткен адам, екі сағаттан кейін полиция бөлімшесінде өліп қалса, не деп ойлауға болады? Бұл істе зерттелмеген әрекеттер көп. Дәлел бар, шикі тұстары бар. Сондықтан толықтай зерттеу керек, жаңадан сараптама тағайындау қажет. Кінәсіз адамдарды соттамау керек. Бес адамның әрқайсысында отбасы бар. Олардың үні қазір шықпай жатыр. Әділдікке жетсек дейміз».

Әпешовтің оқиғасы полиция қызметкерлеріне келтірілген күмәнді жағдайдың алғашқысы емес. Бұған дейін де елімізде полиция қызметкерлерінің әрекеті салдарынан болған адам өліміне қатысты бірнеше резонансты оқиғалар қоғамда үлкен дау туғызған.

 

Қызылордадағы қаза

2019 жылы шілде айында Қызылорда қаласында 43 жастағы жергілікті тұрғын Бауыржан Әжімбаев жол полициясы тоқтатқаннан кейін күмәнді жағдайда көз жұмды. Әлеуметтік желіде тараған видеода куәгер әйел «полиция қызметкерлері көршімді өлгенше ұрды» деп мәлімдеген. Ресми нұсқаға қарасақ, Б.Әжімбаев мас күйде рөлге отырып, тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбаған. «Оны қызметтік көлікке отырғызу кезінде кенет есінен танып құлап, жедел жәрдем келгенше жан тапсырған» деп хабарлады. Алғашқы медициналық тексеріс кезінде «денесінде зорлық белгілері жоқ» делінгенімен, туыстары бұған күмәнданған. Істі қоғам назарынан тыс қалдырмау үшін бір жыл уақыт қажет болды. Тек 2020 жылдың қыркүйегінде полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Нәтижесінде төрт полиция қызметкері «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, азаматтың денсаулығына ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге соқтыру» баптары бойынша айыпталып, 2021 жылғы сот үкімімен кінәлі деп танылды. Екі полицей 9 жылға, біреуі 7 жылға, біреуі 6 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ олар шенінен және арнайы атақтарынан айырылып, 10 жылға құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан шеттетілді. Үкімге сәйкес сотталушылар жәбірленуші жаққа 10 млн теңге моральдық шығын өтеуге міндеттелді.

Шымкенттегі өлім

2021 жылы 8 желтоқсанда Шымкент қаласында Нұрболат Жұмабаев және оның досы Сергей Петров автокөлік ұрлығына күдікті ретінде ұсталып, Шымкент қалалық полиция департаментіне жеткізілген. Түскі уақыттан бастап олардан полиция қызметкерлері жауап ала бастаған. Осы уақытта Нұрболат Жұмабаевтың жағдайы күрт нашарлап, сол жерде есінен танып қалған. Полиция жедел жәрдем шақырғанымен, жас жігіт полиция ғимаратында жан тапсырған. Кейін сот-медициналық сараптама марқұмның денесінде айқын соққы іздері барын, өлім себебі көкбауырдың жарылуы мен ішкі ағзалардың зақымдануынан болғанын анықтады. Екінші күдікті Сергей Петров жанжал үдей бастаған тұста адвокаттарының талабы бойынша босатылып, ол кейін екеуін тергеу кезінде полиция аяусыз азаптағанын жария етті. Бұл жағдай қоғамда дүрбелең тудырды. Төрт бірдей полиция қызметкеріне қатысты азаптау және адам өлімі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. 2022 жылы басталған сот процесі бір жылдан астам уақытқа созылып, 2023 жылғы шілдеде үкім шықты. Шымкент қалалық қылмыстық істер соты полиция департаментінің үш қызметкерін – Уәлихан Жәнібеков, Дәулет Аймешов, Дінмұхамед Исаевты және бір жедел уәкіл Алишер Өткіровті кінәлі деп таныды. Сотталушылар жәбірленуші тарапқа моральдық залал өтеу үшін әрқайсысы 5 млн теңгеден төлеуге міндеттелді.

«Жас Алаш» бұл істі жіті бақылауда ұстайды. Сондай-ақ ІІМ-ге және Алматы қалалық полиция департаментіне ресми сауал жолдайды.

Тұрсынбек БАШАР.

Тегтер: