Полиция ORDA сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенованы тергеп жатыр
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа байланысты Алматы қаласы полиция департаменті түсініктеме берді.
Ведомство хабарлауынша, бірнеше рет және қасақана жалған ақпарат тарату деректері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында арызданушылардың уәждері жан-жақты тексеріліп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органының қызметкері пара алу кезінде ұсталды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
«Азаматша Б.-ның тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Жалған ақпаратты дайындау және жариялау жағдайларын анықтау, сондай-ақ оның қайдан алынғанын тексеру мақсатында электрондық құрылғылар мен материалдар тәркіленуде», - делінген полиция хабарламасында.
Еске сала кетейік, 4 қыркүйекте Orda.kz және Гүлнара Бажкенова ҰҚК-нің жоғары лауазымды қызметкерлері, вице-премьер – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Ғаджи Гаджиев ұсталды деп хабарлаған болатын.
Бұл ақпаратты ресми органдар толықтай жоққа шығарды. 5 қыркүйекте СІМ Мұрат Нұртілеудің жаңа фотосуреттерін жариялап, оның ұсталғаны туралы қауесетті түпкілікті жоққа шығарды. Бірақ кейін Орда басылымы мұның ескі сурет екенін алға тартты.