«Полициядан көмек сұрап барып, таяқ жеп қайттым». Алматылық тұрғынның әңгімесі

Редакциямызға Алматы полициясының ісіне наразы болған Нұрғабыл Шажабаев атты азамат шағым айтып келді.
Алматы облысының тұрғынының айтуынша, түнде ол телефонын ұрлатып алған. Ал құзырлы орган қызметкерлері көмек сұрап келген оның өзін кінәлі етіп ұрып, екі қабырғасын сындырып жіберген. Мұнымен тоқтамай, сотқа берген. Сот Шажабаевты кінәлі деп танып, 40 сағат қоғамдық жұмысқа тарту және 18 мың теңге айыппұл төлеу туралы шешім шығарған. Шажабаев оқиғаның қалай болғанын «Жас Алашқа» айтып берді.
Полиция қызметкерлері ұйықтап жатыр екен
Сол күні жергілікті дәмханадан шықтым. Түн еді. Сүйінбай даңғылында көлік көп жүретін болғандықтан, такси тоқтатуға сол жаққа қарай жүрдім. Шолохов базары маңында біреулер айқайлап, күліп отыр екен. Бірдеңеге арандамай тұрғанда кетейін деп, жолдың арғы бетіне өттім. Рихард-Зорге көшесіне түсіп, такси күтіп тұрғанда, жас бала келіп: «Шешем ауырып қалып еді, әпкеме хабарласуға телефоныңызды бере тұрасыз ба?» деп сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, сөзге келместен қолына ұстата салдым. Сөйлесіп тұрды да, бірден айналып қашты. Жасым 50-де, 18-20 жастағы жігітке қуып жете алмайтынымды білдім. Ізінен: «Саған телефонды сыйлайын, нөмірімді тастап кет» деп айқайладым. Ол артына бұрылмастан, «мен сенен ештеңе алғам жоқ» деп кете барды.
Сосын қарап тұрмай жан-жағымнан көмек іздедім. Жақын жерде аудандық ішкі істер бөлімін көзім шалды. Жүгіріп соған бардым. Қақпасы ашық тұр екен, кіріп кеттім. Тәртіп бойынша алдымен бөлім кезекшісіне жолығып, содан кейін кіретінін білмеймін. Бұрын келмеген жерім. Кірсем бір полиция ұйықтап жатыр екен. Кезекші бөлмеде ешкім жоқ. «Жігіттер, көмектерің керек» деп едім, ұйықтап отырған полицей оянып, куәлігімді сұрады. ЖСН нөмірімді жатқа білетінімді айттым. Ол «куәліксіз болмайды» деді. «ЖСН нөмірде бәрі жазылып тұр емес пе, жеті атаңа дейін шығады ғой» деп едім, сөзден-сөз туып кетті. Сосын «арыз жазып, куәлік сұрап тұрғанша қазір ғана кетті, есіктің алдына шығып, көлікпен қусақ жетіп аламыз» дедім. «Не, бұл жерде сенің әкеңнің көлігі бар ма?» деп жауап қатты. Содан кейін мен де қарап тұрмай: «Сенің әкеңнің көлігімен емес, өкіметтің көлігімен қуамыз ғой» деп едім, содан бастап басым бәлеге қалды.

«Сердечный приступ» жасау
Ертіп, бір бөлмеге алып келді. Мен басында мына есіктен шығып, көлікпен қашқан жігітті қуамыз деп ойлап қалдым. Ұратынын білген жоқпын, білсем кірмейтін едім. Бірақ есіктен кірген жерден кеудемнен соқты. «Осы үшін жауап бересің!» деп жатқанда бүйректен тағы бір соққы тиді. Көзімнің оты жарқ етті. Дем жетпей, тілім күрмеліп қалды. Бір уақытта сүйреп апарып, темір тордың біріне қамап қойды. Қара терге түсіп, қанша уақыт отырғанымды білмеймін. Бір кезде желкемнен ұстап, сүйреп шығарды. Дәлізге келгенде қолымды қайырмақ болды. Бірақ қарсыласып, бой бермей қойдым. Солай арпалысып, боқтасып тұрғанда екінші бір полицей бүйректен тағы бір соқты. Бүктетіліп құладым. Кезекші бөлменің алдында сұлап жатып қарасам, майор отыр екен. Оған көмектеседі деп үмітпен қараған едім. Майор ештеңе істемеді, тек қарап тұрды. Полицейлер арқама шығып, тізесімен басып ұра бастады. Бір кезде майор ұрып жатқандарға (кейін білдім, тегі Тоқтарбаев екен) «сердечный приступ жаса!» деді. Полицейлер басқа жерден ұрған болу керек, «жүрегінің қай жерде екенін білмейсің бе?!» дегенін де естіп қалдым. Сосын олардың өлтіретінін білдім де, бірден қарсыласуды доғардым. Олар мені сүйреп полиция бөлімінің алдына, кіре берісіне алып шықты. Сол жерде есімнен танып қалдым. Бір уақытта есімді жисам, полиция бөлімшесінің алдында, көліктің ішінде отыр екенмін. Патрульдік полиция қызметкері: «Аға, ішке қайта кіріңіз, сізді ешкімнің ұруға қақысы жоқ, арыз жазыңыз, ұрған полиция қызметкерлері жауапқа тартылады» деді. Ойымда ештеңе жоқ, қайтадан кірдім.
Бұл жолы ресми түрде КПП (бақылау пункті) арқылы кіргізді. Ішке кіріп, кезекші полициямен сөйлескенімді білемін, ары қарай тағы есімнен танып қалдым. Жедел жәрдем шақырған болу керек, дәрігерлер келді. Олар тексеріп, ЖСН-імді жазып жатқанда, көзім қарауытып, қайтадан құладым. Сол кезде майор келіп, кеудемнен ұрып, жұлқылап жатқанда оны боқтап жібердім. Сол жерін видеоға түсіріп алыпты. «Сенің де бала-шағаң бар шығар, неге ұрғыздың?!» деп айқайладым. Боқтағаным рас. Бірақ ол да мені боқтады. Мендегі видеоны көрсеңіздер, ол жерде де үшеулеп жабылып, кеудеме шығып ұрып, буындырып жатқанын көре аласыздар. Басында қарсыластым, бірақ олардың мені өлтіретініне анық көзім жеткесін, қарсыласуды да қойдым. Тұншықтырған кезде тағы да талып қалдым. Біраздан соң төртеуі келіп оятты. Оның бірі мені бірінші ұрған аға лейтенант Нұржанов екенін кейіннен сотта таныдым. Төртеуі аяқ-қолымнан ұстап, мал құсатып көлікке лақтырып жіберіп, алып кетті. Полицияның бір қызметкері ұрып жатқанда «мен сені моргтен шығарамын» деп айтқаны бар еді. Бұлар мені өлтіруге алып кетіп бара жатыр екен ғой деп ойладым.
Бір кезде есік ашылды, норкологияға алып келген екен. Ішке кіргізіп тексерді, «орташа дәрежеде ішімдік ішкен» деп шығарып берді. Көшеге шыққасын полиция ізіме түсті, қайта алып кетпекші болды. Бірақ бармай қойдым. Соларға айқайлап тұрғанда көзім тағы қарауытып, жанымнан өтіп бара жатқан адамнан жедел жәрдем шақыруын өтіндім. Жедел жәрдем келе жатқанда полиция қызметкерлері кетіп қалды. Дәрігерлер мені 12-қалалық ауруханаға алып барды. Олар тексерді. Көшеге шығып, полиция шақырдым. Бостандық полиция бөліміне апарды. Бар ойым мені ұрған Түрксіб полиция басқармасы қызметкерлерінің үстінен шағымдану. Бір кезде Түрксібтен Дамир деген аға лейтенант келіп, мені алып кетті. Түрксіб аудандық полиция басқармасында таңғы сегізден кешкі алтыға дейін ұстады. Кеш батқанша арыз жаздық. Мені ұрып-соқты деген сөзімді «анда жазасыз, мында жазасыз» деп қағазға түсірмей қойды. Қырық сылтаумен кеш батқанша ұстап отырды. Себебі ол күні жұма болатын. Ертең сенбі-жексенбі ешкім жұмыс істемейді деп ойлаған болуы керек. Кешкі алтыға қарай телефоным ұрланған жерге алып келді, суреттер түсірді. Содан ары қарай жіберді.

Екі қабырғам сынып кеткен
Шолохов базарының қасына келгенде тағы көзім қарауытып отырып қалдым. Оң қабырғамның шаншып ауырғанын сездім. Бір жігіттен жедел жәрдем шақыруын өтіндім. Дәрігерлер мені 4-қалалық ауруханаға алып барды. Олар тексеріп, «кеудеге зақым келген» деп жазып берді. Денем соққылардан көгеріп кеткен екен. Оларды суретке түсірді.
Үйге келгесін балаларға айтып, көлікпен Талғар аудандық ауруханасына бардым. Олар рентгенге түсіріп, төртінші және бесінші қабырғамның сынып кеткенін айтты. Содан кейін ішкі істер бөліміне келдім. Арыз жазатынымды айттым. Қызметкерлер бастығы болу керек, Азамат деген жігітке «арыз жазуға келіпті» деп қоңырау шалды. Ол ертең келуімді сұрады. Қысқасы, 11 мамырда арыз жаздым. 13 мамырда полиция келіп алып кетті. Тергеу барысында олар 04:20-дағы видеоға қарап сұрақ қояды. Мен 03:50-де кірген кез бойынша айтамын. Сөйтіп, бір-біріміздің айтқанымыз сәйкес келмеді. Тергеушілерге қалай кіргенімді түсіндірдім. Олар маған кірген уақытымды көрсетті. Мен мұның екінші рет кірген кезім екенін айттым. Бірінші рет полиция бөліміне 03:50-де кіргенімді, сол кездің видеосын көрсетуді талап еттім. Түрксібтегілер ол видеоны бермепті. Сөйтіп, сол күні Түрксіб полиция басқармасына, Түрксіб полиция басқармасының бастығына, қалалық прокуратураға «тоғызынан онына қараған түнде, сағат 00-00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі Түрксіб полиция басқармасы бақылау камераларындағы видеоны беруін сұраймын» деп арыз жаздым. Ішкі істер бөліміне жіберді, ол жердегілер «сот сұраса ғана береміз» деп жауап қатты.
Не керек, өзімді заңның 378-бабы, яғни билік өкілін қорлау бойынша соттады. Сотта видеоны тағы сұрадым, судья ол видеоның өшіп қалғанын айтты. Ақырында өзімді кінәлі етіп шығарды. 40 сағат қоғамдық жұмыс пен 18 мың теңге айыппұл жазып берді. Соттың қаулысынан үзінді келтірейін: «Шағым беруші Н.Ж.Шажабаевтың ҚПК-нің 106-бабының тәртібімен берген Алматы қаласының ПД-нің Түрксіб ауданының полиция басқармасының кезекші бөлімде қызмет атқаратын Д.Тоқтарбаевқа қатысты қылмыстық істі бірыңғай тізілімге тіркемеген әрекетсіздігін, Алматы қаласы ПД-нің жеке қауіпсіздік басқармасының Д.Тоқтарбаевқа қатысты қылмыстық іс тіркеуден бас тарту туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жойып, тергеу органынан аталған қаулыны және 2024 жылдың 09-10 мамыр аралығындағы жазылған бейне бақылау камераларының бейнежазбаны алдыру туралы шағымы – шағым берушіге кері қайтарылып, қараусыз қалдырылсын» деген. Мен мұнымен келіспейтінімді, қайта шағым беретінімді айттым.

Көмек сұрап барып, қылмыскер болып қайттым
Апелляцияға беруге барған кезде адвокат сенің іспен танысуға құқығың бар деп біреуге кеңес беріп жатыр екен. Содан кейін мен де сотқа іспен таныстыруын сұрап, арыз жаздым. Екі күннен кейін іспен танысыңыз деп шақырды. Видеоның көшірмесін сұрадым. Оны алып журналистерге де бердім. Сот «дәлелдеріңіз жеткіліксіз» дейді. Осы видеодан басқа менде дәлел жоқ. Сотта мені полиция бөлімінде видеоға түсірген Әбдімаров деген полиция қызметкері де, куә болады деген жедел жәрдемдегілер де келген жоқ. Судья дәрігердің бірімен онлайн сөйлесті. Сот кезінде видео қолымда болған жоқ. Сондықтан ештеңе айта алмадым. Осылайша, көмек сұрап барып, қылмыскер болып қайттым. Қайда барсаң маңдайың тасқа тиген заман болды ғой...
Бес балам бар. Екі айдан асып, үшінші айға өтіп бара жатыр. Жұмыс істей алмаймын. Сол кездегі алған жарақаттарымнан әлі жұмысқа жарамсызбын. Шынына келгенде, балалардың жәрдемақысына қарап қалдық. Бүйректен қатты соғып тастаған болу керек, басында кіші дәрет дұрыс жүрмей қойды. Бірақ қазір жақсы, ем-домнан соң жазылып келе жатыр. Тек кейде жүрегіме біз тығып алғандай шаншып кетеді.
«Жас Алаш» тілшісі Нұрғабыл Шажабаевтың шағымы бойынша Алматы қаласы полиция департаментіне хабарласып, ешқандай жауап ала алмады. Ал департаменттің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек телефон тұтқасын көтермеді, жазып жіберген хатымызды оқи тұра, жауап жазбады. Қазіргі күнде біз Алматы полиция департаментіне ресми сауал жолдадық. Жауап келсе, алдағы күндері жариялайтын боламыз.
Заңгерден кеңес
Сейфулла Шыңғыс, адвокат: Шажабаевқа полиция қызметкерлері тарапынан жасалған азаптауды дәлелдеу үшін келесі қадамдарды орындауы қажет
1. Арнайы прокурорларға жүгіну: Қазақстанда азаптау оқиғаларын тергеу арнайы прокурорлардың құзыретіне кіреді. Азаптау фактісі бойынша арнайы прокуратураға ресми арыз жазу қажет. Арызда барлық болған оқиғаларды егжей-тегжейлі сипаттау керек.
2. Медициналық куәландыру: Денедегі жарақаттарды құжаттау үшін тәуелсіз медициналық тексеруден өтуі керек. Дәрігерден қабырғалардың сынуы және бүйректің зақымдануы туралы қорытындысын алсын. Медициналық қорытынды оның ісінде маңызды дәлел болады.
3. Дәлелдемелерді сақтау: Барлық қолдағы дәлелдерді, соның ішінде полиция қызметкерлерінің күш қолданған бейнежазбаны сақтасын. Видео оның азаптау туралы айтқандарын растайтын негізгі айғақ болуы мүмкін.
4. Куәгерлердің айғақтары: Егер оның соққыға жығылғанын растайтын куәгерлер болса, олардың айғақтарын жинасын. Бұл оқиғаның куәгерлері немесе оқиғадан кейін бірден бөліскен адамдар болуы мүмкін.
5. Заңгерлік көмек: Азаптау және адам құқықтарының бұзылуы істеріне маманданған тәжірибелі адвокат жалдасын. Адвокат оған барлық құжаттарды дұрыс рәсімдеуге көмектеседі және оның мүдделерін сотта және прокуратура алдында қорғайды.
6. Қоғамдық назар: Шажабаевтың ісіне қоғам мен БАҚ назарын аудару қажет. Ақпаратты баспасөзде жариялау тергеу процесін жеделдетіп, заңбұзушылықтарға назар аударуы мүмкін.
7. Халықаралық ұйымдарға шағым беру. Егер ұлттық органдар тиісті шаралар қолданбаса, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдарына шағым беру мүмкіндігін қарастыру қажет.
Дайындаған Тұрсынбек БАШАР