Польша азаматтарына Ресейге бармауды ескертті

Польша Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарына Ресейге сапар шекпеуге қайтадан кеңес берді. Бұған себеп – Калининградтағы Польша консулдығының жабылуы және Варшава мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық қатынастардың күрт нашарлауы.
Ресми мәлімдемеде Ресейде Польша азаматтарына тікелей консулдық көмек көрсету барған сайын қиындай түскені айтылған. Себебі бұған дейін Санкт-Петербург пен Калининградтағы бас консулдықтар жұмысын тоқтатқан.
Польша Сыртқы істер министрлігі:
«Егер қауіпсіздік жағдайы күрт нашарлап, шекаралар жабылып немесе күтпеген оқиғалар орын алса, эвакуация күрделі не тіпті мүмкін емес болуы мүмкін», – деп ескертті.
Варшава Ресей Федерациясының Польшаны «достық пиғылы жоқ мемлекет» ретінде ресми түрде тануын, сондай-ақ Украинадағы соғыстың жалғасуын қауіптің негізгі себебі ретінде көрсетеді.
Айта кетейік, 2025 жылдың шілдесінде Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Польшаның Краковтағы Ресей консулдығының жабылуына жауап ретінде Калининградтағы Польша консулдығын жапқан болатын. Бұған дейін Польша Санкт-Петербургтегі консулдығын да жапқан еді.
Осылайша, Польша билігі өз азаматтарын Ресейге сапар шегуден толық бас тартуға шақырып отыр.