Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:47

Польша Беларусьпен шекараға 40 мың әскер орналастырмақ

польша
Фото: Getty Images

Польша "Батыс-2025" атты Ресей-Беларус бірлескен әскери оқу-жаттығуларына жауап ретінде Беларусьпен шекараға 40 мың әскери қызметкерін орналастырады. Бұл туралы Польшаның қорғаныс министрінің орынбасары Цезарий Томчик мәлімдеді.

“Батыс-2025” – бұл шабуылға бағытталған оқу-жаттығу. Сондықтан Польша армиясы бұған дайындалды. Алдағы күндері шекарамызда 40 мың әскери қызметкер болады", – деді ол.

Томчиктің айтуынша, Польша бірнеше ай бойы осы жаттығуларға жауап беруге дайындық жүргізген.

"Польша армиясы “Батыс-2025”-ке лайықты жауап беру үшін 30 мыңнан астам поляк әскері мен НАТО күштерінің қатысуымен жаттығулар өткізді", – деді министрдің орынбасары.

Бұған дейін Польша премьер-министрі Дональд Туск 12-16 қыркүйек аралығында Беларусь аумағында өтетін "Батыс-2025" әскери оқу-жаттығуларына байланысты шекара уақытша жабылатынын хабарлаған еді.

Айта кетейік, Ресей дрондарының әуе кеңістігін бұзуынан кейін Польша НАТО одақтастарынан әуе қорғанысын күшейту үшін қосымша көмек талап етті.

Польша қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыштың айтуынша, Варшава одақтастарымен кеңес өткізгеннен кейін бірқатар елдер нақты қолдау білдіруге дайын екенін жеткізген. Олардың қатарында Чехия, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Финляндия және Балтық елдері бар.

Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорскийдің сөзінше, елге ең алдымен Patriot жүйелері қажет.

«Дрондар – Ресей тарапынан біздің әуе кеңістігімізге төнетін жалғыз қауіп емес», – деді ол.

Польша билігі ресейлік дрондардың әуе кеңістігін бұзуын «қасақана жасалған арандатушылық» деп атады. Bloomberg-тің келіссөздерге жақын дереккөзі де «Ресей әдейі әуе кеңістігіне басып кірді» деп мәлімдеді.

Тегтер: