Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:17

Польша мектептерінде міндетті түрде оқ ату жаттығулары енгізіледі

Польша
Фото: Krzysztof Głowinkowski

Польша мектептерінде «Қауіпсіздік техникасы» атты жаңа пән оқытылады. Оның аясында оқ ату жаттығулары, алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты практикалық жаттығулар өткізіледі.

Польша үкіметі мектеп оқушыларына міндетті бастапқы әскери дайындықты, оның ішінде мергендік пен алғашқы көмек көрсету дағдыларын енгізді. Ел үкіметінің хабарлауынша, бұл жаңалық «Украинадағы соғысқа байланысты мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрғанына» жауап беруге арналған.

Жаңа пән «Қауіпсіздік техникасы» деп аталады. Бұл сабақтарға бастауыш мектептің 8-сыныбы және орта мектептің 1-сыныбы (14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер) қатысуы керек. Сабақтардың бұл түрлері Польшада 2022 жылдан бері бар, бірақ олар бұрын міндетті емес болатын. Енді Ұлттық Қорғаныс министрлігімен келісілген оқу бағдарламасына «оқ ауға дайындық», «ату дағдыларын жетілдіру», «құтқару жұмыстарының негіздері» және «әскери іс-қимылдар жағдайында қауіп-қатерге төтеп беру қабілеті» кіреді. Сондай-ақ, бағдарламаға қаруды орналастыру және жинау, нысаналарды дәл көздеу жаттығулары енгізілген. Сабақтар мектеп гимназияларында өтеді, жауынгерлік патрондардың орнына лазерлік сәулелер қолданылады.

«Бастауыш мектептердегі талаптар қаруды қауіпсіз ұстау бойынша теориялық дайындықты қамтиды. Жалпы білім беретін мектептерде практикалық құрамдас бөліктермен оқ атудан негізгі жаттығулар қауіпсіз құралдарды пайдалана отырып жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Әскери дайындық негіздерін оқытуға аптасына бір сағаттан артық уақыт бөлінбейді. Білім берудің негізгі міндеті – мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайларда құтқару жұмыстарын жүргізу.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысынан кейін Польша әскери шығындарын едәуір арттырды. 2024 жылы елдің қорғаныс бюджеті ішкі жалпы өнімнің 4,2 пайызын құраса, 2025 жылы ол 4,7 пайызды құрайтын болады.

Сондай-ақ желтоқсанда Еуро комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен Ресей мен Беларусьпен көршілес алты еуропалық ел шекараларын қорғау үшін 170 миллион еуро алатынын мәлімдеді. Бұл қаржының 52 миллион еуросы Польшаға, 50 миллион еуросы Финляндияға, 17 миллион еуросы Латвияға, 15,4 миллион еуросы Литваға, 19,4 миллион еуросы Эстонияға және 16,4 миллион еуросы Норвегияға бөлінеді.