Польша НАТО-дан әуе қорғаныс жүйелері мен дрондарға қарсы технология сұрады

Ресей дрондарының әуе кеңістігін бұзуынан кейін Польша НАТО одақтастарынан әуе қорғанысын күшейту үшін қосымша көмек талап етті.
Бұл туралы 1 Bloomberg агенттігі хабарлады.
Польша қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыштың айтуынша, Варшава одақтастарымен кеңес өткізгеннен кейін бірқатар елдер нақты қолдау білдіруге дайын екенін жеткізген. Олардың қатарында Чехия, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Финляндия және Балтық елдері бар.
-
Нидерланд 2025 жылдың соңында Польшаға екі Patriot әуе қорғаныс жүйесін, дрондарға қарсы құралдар мен 300 әскери қызметкер жіберетінін мәлімдеді.
-
Чехия үш Ми-171Ш тікұшағын беруге уәде етті. Праганың айтуынша, бұл әуе кемелері Польша армиясына төмен биіктікте ұшатын дрондарға қарсы тұруға көмектеседі.
-
Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Хили ресейлік дрондардың әуе кеңістігіне енуін «қауіпті, жауапсыз әрі бұрын-соңды болмаған әрекет» деп бағалап, Лондон Польшаны қолдау жолдарын қарастыратынын айтты. Bloomberg дерегінше, Ұлыбритания жақында ғана НАТО миссиясы аясында Польша әуе кеңістігін патрульдеуге қатысқан Typhoon жойғыштарының кем дегенде бір бөлігін қайтару мүмкіндігін зерделеп отыр.
Польша билігінің мәлімдемесі
Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорскийдің сөзінше, елге ең алдымен Patriot жүйелері қажет.
«Дрондар – Ресей тарапынан біздің әуе кеңістігімізге төнетін жалғыз қауіп емес», – деді ол.
Польша билігі ресейлік дрондардың әуе кеңістігін бұзуын «қасақана жасалған арандатушылық» деп атады. Bloomberg-тің келіссөздерге жақын дереккөзі де «Ресей әдейі әуе кеңістігіне басып кірді» деп мәлімдеді.