Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:15

Польша Ресейдің елдегі соңғы бас консулдығын жабады

Польша
Фото: ашық дереккөз

Польша билігі Гданьск қаласындағы Ресейдің соңғы бас консулдығын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы 19 қарашада елдің сыртқы істер министрі Радослав Сикорский мәлімдеді.

Оның айтуынша, шешімнің басты себебі – Ресей тарапынан Польшаға қарсы диверсиялық әрекеттердің күшеюі.

Министр Сикорскийдің сөзінше, Ресей Польшаға қарсы «диверсиялық әрекеттерді тоқтатпаған, керісінше күшейткен». Ол мұндай әрекеттер адам өміріне қауіп төндіре бастағанын атап өтті:

«Шпионаж бен диверсияның мақсаты адам өліміне жеткізу болса, бұл диверсия емес, мемлекеттік терроризм. Сондықтан мен Гданьскідегі Ресей консулдығының жұмыс істеуіне берілген рұқсатты кері қайтару туралы шешім қабылдадым», - деді ол парламенттегі баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, ресейлік тарапқа қабылданған шешім туралы ресми нота бірнеше сағат ішінде жіберіледі.

Ресейдің жауабы: Польша дипломаттарын қысқарту

Польша шешіміне жауап ретінде Ресей СІМ өкілі Мария Захарова Мәскеудің «айна қағидасы» бойынша әрекет ететінін мәлімдеді. Яғни, Ресей де өз аумағындағы Польша дипломатиялық өкілдігінің санын қысқартпақ. Қазіргі уақытта Польша Ресейде тек Иркутскідегі бір ғана бас консулдықты ұстап отыр.

Польша Ресеймен дипломатиялық қатынасты үзбейді

Сикорскийдің айтуынша, Польша барлық ресейлік бас консулдықтарды жапқанына қарамастан, Ресейдің Варшавадағы елшілігі жұмысын жалғастыра береді.

«Біз дипломатиялық қатынастарды тоқтатуды жоспарлап отырған жоқпыз. Басқа елдерде диверсиялық әрекеттер болғанда да дипломатиялық байланыстар үзілген жоқ», - деді ол.

Министр Ресейге қарсы «жауап шараларын» тек СІМ ғана емес, Польшаның басқа да мемлекеттік органдары қабылдайтынын атап өтті.

Теміржолдағы жарылыс: Польша Ресейді айыптады

Шешімнің қабылдануына соңғы күндері орын алған оқиғалар да әсер еткен. 15-16 қарашада Варшава -Люблин теміржол бағытында жарылыстар болып, жолдың бірнеше бөлігі зақымданған. Бұл теміржол желісі Украинаға жүк жеткізуде стратегиялық маңызға ие.

Польша ішкі істер министрлігі ол диверсияны Ресей арнайы қызметтері ұйымдастырған болуы мүмкін деп мәлімдеді. Тергеу нұсқасы бойынша, жарылыстарға Украина азаматтары қатысқан және олар Ресей арнайы қызметтерімен байланыста болған. Қазіргі уақытта күдіктілер Беларусь аумағында.

Тегтер: