Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:47

Польша Трамптың ресейлік дрондар туралы мәлімдемесін жоққа шығарды

Дрон
Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

Польша билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың ресейлік дрондардың ел аумағына «қателесіп» кірген болуы мүмкін деген сөзін жоққа шығарды.

«Біз де бұл шабуылдың қате болғанын қалар едік. Бірақ олай емес. Біз мұны жақсы білеміз», – деді Польша премьер-министрі Дональд Туск X әлеуметтік желісінде.


dpa агенттігінің НАТО-дағы дереккөзіне сүйенсек, ресейлік дрондардың кемінде бірі Польшадағы Жешув әуежайында орналасқан Украинаға әскери көмек көрсету логистикалық орталығына бағытталған. Сондықтан әскери сарапшылар бұл оқиғаның кездейсоқ болуы екіталай деп есептейді.

Бұған дейін Дональд Трамп ресейлік дрондардың Польша әуе кеңістігін бұзуын айыптай отырып, бұл жағдай «байқаусызда болуы мүмкін» деген пікір білдірген еді.

 «Бұл қателік болуы ықтимал, бірақ қалай болғанда да мен бұл жағдайға риза емеспін. Мұның тезірек аяқталғанын қалаймын», – деді АҚШ президенті.

19 дрон Польша шекарасынан өтті
10 қыркүйек түні 19-дан астам ресейлік дрон Польша аумағына кірді. Олардың көпшілігі Беларусь аймағынан ұшырылған. Польша әуе күштерімен қатар НАТО елдерінің жойғыш ұшақтары да дрондарды атып түсіруге жұмылдырылды.

Құлаған дрондардың сынықтары Беларусь пен Украина шекарасына жақын Вырыки ауылындағы тұрғын үйді зақымдады, зардап шеккендер жоқ. Варшава билігі Ресейдің Польшаны әдейі нысанаға алғанын мәлімдеп, НАТО-ның 4-бабына сәйкес одақтастарымен кеңесу туралы бастама көтерді.

Германия мен Польша пікірі
Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус ресейлік дрондардың Польшаға әдейі жіберілгенін айтты. 

Ал Ресей Қорғаныс министрлігі Польша аумағындағы нысаналарды атқылауды «жоспарламағанын» жеткізді.

Польша Қарулы күштері Бас штабының бастығы Веслав Кукула Беларусь тарапынан ескерту алғанын мәлімдеді.

«Белорусь билігі дрондардың біздің жаққа қарай келе жатқанын алдын ала хабарлады», – деді ол.

 Бұл оқиға Польша мен НАТО-ның шығыс шекарасындағы жағдайды одан әрі ушықтыра түсті.

Тегтер: