Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:35

Портал жабық, ауру қайда қашар дейсің?..

дәрігер
Фото: из открытых источников

Қарапайым халық қазір денсаулық саласын тым көп реформаланған, шалағай істерге ең көп бой алдырған сала деп санайды. 

Елдегі науқастардың көбі тегін емханалар мен тегін ауруханалардағы ем-шаралардың сын көтермейтінін жиі айтады. «Жас Алашқа» шағымданған оқырмандардың пікіріне сүйенсек, ауруханаларға жоспарлы емдеуге жату үшін порталға тіркеу жүйесі де қиындап кеткен.  

Сингапур қайда, біз қайда?!

Жалпы, жоспарлы емдеуге ауруханаға жату үшін порталға қою ісіне Қазақстан 2010 жылы Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесіне енген кезде өтті. Бастапқыда «Сингапурдың тәжірибесінен алынды» делінген бұл бірыңғай жүйе тегін медициналық қызметтің сапасын арттырып, денсаулық сақтау жүйесін дамыта алмады. Сол кездегі денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова бұл жобаны «Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп те бағалаған. Азия аумағы бойынша Сингапурдың медицинасы үздік екенін дәріптеген шенеуніктердің біразы науқастарды тегін емдейтін бұл тәсілдің келешегіне қатты сенімді болған. Содан бері 15 жылдың жүзі өтсе де аталмыш жоба тегін медициналық қызметтің сапасын арттыра алмады. Сингапур денсаулық сақтау жүйесі халыққа қызмет көрсету тиімділігі жөнінде былтыр әлем бойынша 6-шы орынға ие болса, Қазақстан медицинасы 82-орынды иемденді.

Портал алу үшін үш айдан бері сенделіп жүрген алматылық тұрғын Роллан Жылқыжияров Қазақстан медицинасының халыққа қызмет көрсету тиімділігі бойынша 82-орынды межелегеніне сенгісі жоқ. Оның сөзіне сүйенсек, бір ғана порталға қол жеткізудің өзі халықты әбден әбігерге салған. Осы жүйені қолданысқа енгізіп отырған министрлердің өзі бұл қызметке жүгінсе төбе шаштары тік тұрар еді.

Кейіпкеріміздің пікірінше, порталды алдым дегенше, емхана мен аурухананың арасында допша домалайсыз. Расында да емдеуге жатқызу порталы қалай алынатынын тізбелеп көрсек, кейіпкеріміздің осы сөзіне көз жеткізе түсеміз. Мәселен, портал алу үшін бірінші, емханадағы учаскелік дәрігерге барасыз. Ол дәрігер жағдайыңды емханадағы комиссиясының талқысына ұсынады. Оның өзі бір апта уақыт алады. Бұдан соң комиссияның шешімін алып, жоспарлы ем алатын, яғни жататын ауруханаға барасыз. Өзің ауырып әрең ілбіп жүріп ол аурухананың бөлім басшысын іздеп тауып, кеңес алуың қажет. Ол кеңес берудің құны ауруханаларда 12–20 мың теңгенің көлемінде ақылы болады. Ол бөлім басшысының ұйғарымын алып, порталға тіркейтін кодты жазып алып, қайтадан емханаға, учаскелік дәрігерге келуің керек. Содан кейін барып қана емханадағылар порталға тіркейді. Портал, әрине, әп-сәтте беріле салмайды. Кезегіңіз екі айдан алты айға дейін созылуы мүмкін. Ал кезек келгеннен кейінгі сабылу тіптен бөлек. Порталдың кезегі келгеннен кейін мың сан талдамалық тексеру тапсыру, диагностика жасау басталады.

«Осылай жүріп ауруыңды ұмытып қаласың. Мысалы, невропатологтың есебінде тұратын 18 жасар қызым бар. Қызым жыл сайын Алматыдағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасына ем алуға жатады. Жыл сайын портал алуда қиындықтармен бетпе-бет келеміз. Үш ай тосқан кезіміз болды. Биыл ерте қозғалуды жөн көріп, «порталды күзге дейін алсақ екен» деп маусым айынан бастап дайындалдық. Учаскелік дәрігеріміз невропатологқа жіберді. Невропатолог комиссия талқысына салды. Ол құжаттарды алып, аталмыш ауруханаға барып, неврология бөлімінің басшысына жолықтық. Сөйтсек, ол кісі ауруханаға жатуға ұйғарым бере алмайтынын айтты. Неліктен десек, тегін медициналық емдеуге қатысты портал ашылмаған, жабық тұр екен. Қашан ашылатыны да белгісіз! Жедел медициналық жәрдем ауруханасының неврология бөлімінің басшысы «мен қазір сіздерге қазір ұйғарым бергенмен, қала бойынша тек 7 қалалық ауруханада тегін емдеуге портал ашық. Қалған ауруханалардың порталы әлі ашылмады. Қашан ашылатыны белгісіз» деді. Сонымен портал жоқ, қызымды үйде ұстап отырмыз. №12-қалалық ауруханаға да хабарластық. Ол аурухананың да порталы жабық. Портал жүйесі неге жабық тұр? Бұл мемлекетте портал арқылы тегін емдеуге қаражаттың азая бастағанын білдіре ме?» – дейді ол.

Бұл пікірден соң мәселенің анық-қанығын білгіміз келіп, Алматы қалалық Жедел медициналық жәрдем ауруханасының және №12-қалалық аурухананың неврология бөліміне хабарластық. Ондағы мамандар расымен де порталдың жабық екенін, қашан ашылатыны белгісіз екенін айтты. Бұдан соң денсаулық сақтау министрлігінің және Алматы қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне шықтық. Екі ведомствоның өкілдеріне «Жас Алаштың» атынан арнайы сауалдарымызды жолдадық. Алдағы уақытта порталмен жоспарлы емдеуге қатысты бізді қызықтырған барлық сауалдарымызға тұшымды жауаптар беріледі деп сенеміз.

Денсауминнің керексіз шығындары

Денсаулық саласына қатысты сыни пікірлер мәжіліс қабырғасында да талай айтылды. Биыл жыл басынан бері депутаттардың біразы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы сынады. Дәрі-дәрмектің тапшылығына байланысты, оның бағасының қымбаттығына қатысты, тегін медициналық емдеудің олқылықтары жайлы, диагностикалық тексеруге байланысты ауылдағы медицинаның ақсап жатқаны үкіметте де бірнеше жыл қатарынан айтылды. Әрісін атпай-ақ, берісін қаузасақ, тек 2024 жылы денсаулық саласына 3,3 трлн теңге қаражат бөлінген. Былтыр мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тілге тиек етіп, бөлінген қыруар қаражаттың нәтижесі көрінбей жатқанын айтты. Президент бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек деген. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде тікелей президентке және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруы тиіс болған.

«Жас Алаш» осы мәселе бойынша «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваға хабарласты.

«Бұл жүйенің өзі сауатты жүретініне сену қиын. Себебі осы уақытқа дейін медицинаны қағазбастылықтан құтқарады деген бірнеше мемлекеттік бағдарлама болды. Бірақ ол бағдарламалар дәрігерлердің және мейірбикелердің жұмысын екі есеге көбейтіп жіберді. Қазір емханаға барсаң дәрігер бірінші науқасты емес, компьютерді қарайды. Бізге медицинаға бөлінген қаражатты нысаналы, яғни дәл сол ем-шараға, нақты сол науқасқа бөлінгенін көріп отыратын платформа керек. Медицинаға аз қаражат бөлініп жатқан жоқ. Осыншама қыруар қаражат бөлінсе де жұрттың сапалы медициналық көмек ала алмауы көңілге күдік ұялатады. Порталдың уақытылы берілмеуі, тегін дәрі-дәрмектің қолжетімсіздігі дұрыс саясат жүргізілмей жатқанын көрсетеді. Негізінде бұл саладағы керексіз шығындарды азайту керек. Сол арқылы қаражатты үнемдеуге де болады. Мысалы, порталмен емдеуге жататын кезде бір ғана биохимия талдамасын учаскелік дәрігерге барғанда бір тапсырасың, порталға тіркелгенде екінші тапсырасың, ауруханаға жатқанда үшінші рет тағы тапсырасың. Бұл айналып келгенде жөнсіз шығын. Және осындай анализдерді тапсырамын деп науқас қанша уақытын кетіреді. Соңғы бес жыл бойы салаға бөлінген қаражат бір кеміген жоқ. Алайда қазақстандықтардың 80 пайызы көрсетеліп жатқан медициналық көмекке қанағаттанбайды. Бұл министрліктің жұмысты бір арнаға түсіре алмай отырғанын айқындайды», – дейді әлеуметтанушы.

Жарнамасы жер жарған бағдарламалар қайда?

Осы уақытқа дейін үкімет қаншама жобаларды, бағдарламаларды жүзеге асырды. Оның ең алғашқысы – «Халық денсаулығы» болса, 2005–2010 жылдарға арналған «Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы», «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық сақтауды дамытудың 2020–2025 жыл¬дарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы». Бұдан бөлек, биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту», «Дені сау ұлт» ұлттық жобалары іске қосылды. «100 мектеп, 100 аурухана» жобасының да жарнамасы жер жарды. Алайда ауылдық медицина білікті маманға, қуатты технологияға зәру күйде әлі отыр. Шалғай ауылдарды қойып Алматының шетіндегі қалаға тиіп тұрған ауылдардың өзінде медициналық пункттердің қызметі сын көтермейді. Ауылда УЗИ, МРТ, КТ, колоноскопия, эндоскопия аппараттары жоқ. Тұрғындар ол аппараттардан өту үшін қалаға немесе аудан орталықтарына сабылады.

Негізінде, 2022 жылы медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 1,1 трлн теңге болса, 2024 жылы бұл бағытқа бөлінген қаражат 3 трлн теңгеден асқан. ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі денсаулық сақтау шығыстарының үлесі 2019 жылғы 2,7 пайыздан 2022 жылы 3,7 пайызға өсіпті. Үкімет бұл үлесті 2027 жылға қарай ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін арттырамыз деп жүр.

«Жас Алашқа» пікір білдірген медицина ғылымының кандидаты Қайырғали Көнеев денсаулық сақтау жүйесі кері кетті деп есептейді. Оның айтуынша, Өзбекстан, Украина, Грузия сынды елдер денсаулық сақтау жүйесін бізден әлдеқайда жақсы жетілдіріп алған. Ал біз соңғы 5 жылда отандық денсаулық сақтау жүйесін тіпті күйретіп алдық. Жоғарыда айтылған керексіз шығындардан бөлек, Қазақстанның фармацевтикалық нарығында дәрілердің 70 пайызға жуығы – тиімділігі дәлелденбеген препараттар. Мұның бәрінің соңында жекешелендіру мәселесі көрінеді. Денсаулықты тексеру бизнеске айналғанда түрлі аппараттарға жұмыс тауып беру керек болады. Сол үшін де бір тексерткен жеріңді үш тексертіп, шашыласың да жүресің.

«Біз еуропалық стандарттардың соңынан қуып жүріп, медициналық білім беру жүйесін жетілдірмедік. Медициналық білім беру жүйесінде қазір жекешелендіру тенденциясы жүріп жатыр. Мен үшін қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебін жекешелендіріп жатқаны мүлдем түсініксіз. Қазір медициналық білім беретін ЖОО-лар ғана емес, медициналық ұйымдар мен мекемелер де жекешелендіріліп жатыр. Жекешелендірудің соңы штатты қысқартуға алып келеді. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасына және медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Негізінде дәрігер әлеуметтік жағдайын емес, науқасты емдеуді бірінші орынға қоюы керек. Өкінішке қарай, бізде ондай емес. Бұл бағытпен медициналық қызмет сапасы жақсарып, медицина саласы дамымайды. Сондықтан бізге ең алдымен саланы басқару тиімділігін сауатты ету қажет», – дейді сала маманы.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

 

Тегтер: