Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:15

«Посейдон» мен «Буревестник»: Путин неге ядролық қаруды қайта сынап жатыр?

Путин
Фото: ЖИ

Ресей президенті Владимир Путин соңғы күндері бірінен соң бірі екі ядролық жүйе сынағын жариялады — алдымен ядролық қозғалтқышы бар «Буревестник» қанатты зымыранын, ал артынша «Посейдон» деп аталатын автономды суасты аппаратының ядролық қондырғысын сынақтан өткізгенін айтты.

 Бұл хабарламалар халықаралық қоғамдастықта үлкен резонанс тудырды.

1
Фото: ашық дереккөз

"Посейдон" қандай қару?

"Посейдон" — экипажсыз жұмыс істейтін, ядролық реактор арқылы қозғалтқыш қуатын алатын суасты аппараты. Ол ұзақ қашықтықта жүзіп, ядролық оқтұмсық арқылы теңіз жағалауындағы қалаларды, порттарды немесе әскери базаларды жоюға арналған.

Кей сарапшылар мұндай қару «цунами жасау» секілді сценарийге бейімделген болуы мүмкін дейді, бірақ бұл теория расталмаған.

Путиннің айтуынша, соңғы сынақ кезінде "Посейдонның" атомдық энергетикалық жүйесі іске қосылып, аппарат біраз уақыт бойы сәтті жұмыс істеген. Алайда бұл сынақтың орны, уақыты және нақты нәтижесі жарияланбады.

Бұрыннан жоспарланған “ғажайып қарулар”

"Посейдон" жобасы алғаш рет 2018 жылы Путиннің Федералдық Жолдауында аталған бес “жаңа буын” қаруының бірі еді. Олардың қатарында «Сармат» баллистикалық зымыраны, "Авангард" гипердыбыстық жүйесі және "Кинжал" аэробаллистикалық ракетасы болған.

Бірақ осы бес жүйенің ішінде тек "Кинжал" ғана нақты қолданысқа енгізілген. Ал «Сармат» пен «Авангардтың» жағдайы белгісіз, ал "Посейдон" мен "Буревестник" туралы мәліметтер тек Кремльдің мәлімдемелерінен ғана белгілі.

Саяси белгі ма?

Сарапшылардың пікірінше, Путиннің бұл мәлімдемелерінің артында әскери сынақтан гөрі саяси мақсат бар. Ресей қазіргі таңда АҚШ-пен стратегиялық қару-жарақтарды шектеу туралы соңғы келісім — СНВ-III шартының болашағын талқылауда. Келісімнің мерзімі 2026 жылы аяқталады, ал Мәскеу 2023 жылы оған "қатысуын тоқтатқанын" мәлімдеген.

BBC-дің жазуынша, Путин осылайша АҚШ президенті Дональд Трампқа "қарулы тепе-теңдікті ескерту" сигналын беріп отыр. Әсіресе Трамптың Украинаға Tomahawk зымырандарын беру мүмкіндігі туралы сөзінен кейін бұл мәлімдемелер кездейсоқ емес деген пікір бар.

"Буревестник" пен "Посейдон" не үшін қажет?

Бұл екі жүйенің мақсаты — қарсы тараптың қорғанысын айналып өту. Егер олар бір уақытта баллистикалық ракеталармен бірге қолданылса, қарсылас ел үшін соққыны болжау және бейтараптандыру әлдеқайда қиын болмақ.

Алайда тәуелсіз сарапшылар бұл қарулардың техникалық мүмкіндігі мен тиімділігі туралы нақты дәлелдердің жоқ екенін айтады. Ресей әзірге олардың ешқайсысын нақты демонстрациямен дәлелдеген жоқ.