Прагада «Орыс үйі» ғимаратына «Молотов коктейльдерімен» шабуыл жасалды
Прага қаласында белгісіз адамдар Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы — «Орыс үйі» ғимаратына жанғыш қоспасы бар бөтелкелермен шабуыл жасады.
Ғимаратқа аздаған зиян келген, зардап шеккендер жоқ. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді іздестіруде.
Чех полициясының мәліметінше, шабуыл 26 наурыз күні кешке болған. Белгісіз тұлғалар ғимаратқа «Молотов коктейльдерін» лақтырған.
Орталықтың басшысы Игорь Гиренконың айтуынша, шабуылдаушылар алты бөтелке лақтырған. Оның үшеуі ғимарат ішіне, кітапхана бөлмесіне түскенімен, жарылмаған. Қалғандарынан өрт шығып, кейін ол сөндірілген. Сондай-ақ ғимараттың терезелері сынған.
Гиренко бұл шабуыл 27 наурызға жоспарланған Ресей мәдениеті күндерінің қорытынды іс-шарасымен байланысты болуы мүмкін екенін айтты. Алайда нақты кімнің қатысы бар екенін атамады. Ол чех құқық қорғау органдарына жедел әрекеті үшін алғыс білдірді.
«Орыс үйі» деген не?
Прагадағы «Орыс үйі» Ресей елшілігіне жақын, Дейвице дипломатиялық ауданында орналасқан. Бұл мекеме Ресейдің Россотрудничество агенттігіне қарайды. Аталған ұйым Еуроодақ санкция тізіміне енгізілген, себебі ол Кремль пропагандасын таратады деп айыпталады.
Соған қарамастан, орталықта әлі күнге дейін тіл курстары өткізіліп, аудармашыларға сыйлықтар беріліп, ресейлік фильмдер көрсетіліп келеді. Бұл оның қызметі мемлекетаралық келісімдермен реттелетініне байланысты.
Прагада 1971 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл мекемені жабу туралы талаптар бұрыннан айтылып келеді. 2025 жылдың сәуірінде «Голос Украины» ұйымының белсенділері Ресейдің Украинаға қарсы әрекеттеріне наразылық білдіріп, ғимарат алдында акция өткізген.
Ал Ресейдің Чехиядағы сол кездегі елшісі Александр Змеевский Прагада «қолайсыз ахуал қалыптасқанын» мәлімдеген еді. Өз кезегінде, Мәскеудегі Чех мәдени орталығы 2022 жылдың наурызынан бері — Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін толық жабылған.
Бұл шабуылға дейін Чехияның Пардубице қаласында Украинаға арнап дрондар шығаратын кәсіпорынның цехы өртенген. Жауапкершілікті солшыл, Палестинаны қолдайтын топ өз мойнына алған. Үш белсенді ұсталған.
Полиция бұл іске байланысты Ресейге қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырып жатыр.