Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:08

2025: Ішкі саясат әлсіреп, сыртқы саясат басты орынға шыққан жыл

Ту
Фото: Жас Алаш коллаж

2025 жылы елде ірі саяси оқиғалар болған жоқ. Әсіресе, ішкі саясатта мүлгіген тыныштық орнаған.

 Тіпті биліктің кейбір әрекетіне қарасаң, демократияның ауылы алыстап кеткендей. Журналист, айтыскер, спортшылардан құралған парламент бар мен жоқтың арасында жұмыс істегенін жұрт көрді. Атқарушы билікті қамшылап, қызметін бақылауы тиіс депутаттарымыз мәжіліс мінберінен туыстарын туған күнімен құттықтаудан аса алмады. Ал үкімет үнсіз мүлгіп, мимырт жүрісін жалғастырып келеді.

Жылан жылы атқарған басты шаруамыз – Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, косымша құн салығын көтергеніміз. Сарапшылар «қымбатшылық қысқан қиын заманда ҚҚС халыққа қамшы болып тиеді» деп қанша дабыл қақса да, үкімет дегенінен қайтпады.

Есте қалатын екінші үлкен саяси жүріс – парламент реформасы. Алдағы бірер жылда сенат тарап, бірпалаталы парламент жасақталады. Ол үшін бірнеше заңды өзгертіп, референдум өткізуге тура келіп тұр. Жаңа парламент жасақталса, оған депутаттар тек партиялық тізіммен сайланады.

Парламентке өзгеріс енгізбесе болмайтын жағдайға жеткенін көріп отырмыз. Жоғарғы палата «қарттар үйі» атанып, жұрт сенімінен айырылған. Ал төменгі палатаға «алдын ала сызылған сценарий бойынша жұмыс істейді» деген айып тағылды. Жыл басында Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Гауһар Танашева күтпеген жерден мандатынын айырылды. «Неге» деген сауалды мәжіліс партияға сілтеді, ал партия ротация деп ақылға қонымсыздау себеп айтты. Жақында сол экс-депутат сұхбат беріп, мәжілісті әбден сынады. Оның айтуынша, мәжілісте кімнің не айтатыны алдын ала келісіледі. Мұндай ауыр айыптан кейін парламентті реформаламаса болмас.

Есесіне, сыртқы саясат қызып тұр. Биыл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 14 елге сапар шегіпті. Оның ішінде АҚШ, Жапония, Ресей, Қытай сияқты алпауыт мемлекеттер де бар. Тіпті АҚШ-қа – 2 рет, Ресейге – 3 рет барып қайтты. Сондай-ақ Қазақстанға қонаққа келген президенттер де аз емес. Алыс Африкадан тартып, Еуропа-Азияның бірқанша көшбасшысы Ақордаға ат басын тіреді.

Жыл қорытындысы ретінде белгілі саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек БЕЙСЕБАЕВПЕН шағын сұхбат құрып, саяси жағдайларға әңгіме өрбіттік.

Қазбек Бейсебаев
Фото: nege.kz

«Халықтың сеніміне селкеу түсті»

– Сіздің ойыңызша, биыл Қазақстанның саяси жүйесінде қандай өзгеріс болды?

– Айта қоятындай еш өзгеріс болған жоқ. Бірақ өзгеріс енгізуге деген талпыныс болды. Мысал ретінде, парламент реформасын айтсақ болады. Бірақ ол жұмыстың қалай жүріп жатқаны белгісіз. Күзде айтылған, кейін комиссия құрылғанын естідік, қазір жұмысы қалай жүріп жатқанын білмеймін. Көп айтылмай кетті. Парламентті реформалау үшін Конституцияға өзгеріс енгізу керек болады. Ал Конституцияны өзгерту үшін бірқатар саяси мәселемен бетпе-бет келуге мәжбүрміз. Билік сол үшін парламент реформасы жайлы көп айтпай отыр деп есептеймін. Яғни, әңгіме басталды, бірақ аяқсыз қалды.

Екіншіден, уақыт белдеуі мәселесінде билік дұрыс қадам жасай алмады. Мен өзім осы мәселемен айналыстым. Халық тұтас елдің бір уақыт белдеуіне өтуіне қарсы болып, петиция жарияланды. Біз наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайға сенім артқан едік. Сол жерде үкімет басындағылар халық үніне құлақ асып, уақыт белдеуі мәселесін қайта қарауға шешім шығарады деп үміттендік. Бірақ олай болған жоқ. Керісінше, уақыт белдеуі жайлы әңгімені саясатқа айналдырмаңдар деп шорт кесті. Бұл қалай болғаны?! Жаңа Қазақстанның концепциясы «Еститін мемлекет» емес пе еді? Олай болса, неге тыңдамайды?

Егер жауапты адамдар халықтың үніне құлақ асып, «жарайды, ойларыңызды түсіндік, бұл мәселені келер жылы қайта қарайық, зерттейік» десе болар еді. Бірақ олай болған жоқ. Бірден тыйып тастады. Қаттырақ айтқанда, «сөзді доғарыңдар, бұл мәселе қайта қаралмайды» деп бір-ақ кесті. Бұл халықтың көңіліне қатты тиді деп есептеймін. Ең бастысы – халықтың сенімі. Тура осы мәселеге келгенде халықтың сеніміне селкеу түсті. Бұл үлкен саяси қателік деп есептеймін. Менің ойымша, осы бір іс халық пен биліктің арасындағы алшақтықты ұлғайтты. Біздің елде саясатпен айналыспайтын, билікке оң көзбен қарайтын азаматтар көп еді. Уақыт белдеуіне қатысты қатаң ұстаным халықтың осы бөлігін де билікке қарсы қоюы мүмкін.

Үшіншіден, салық мәселесі де көп көңіліне жаққан жоқ. Бұл сұрақты да билік халықпен ақылдаспады. Салық кодексіне өзгеріс енгізу қажет шығар, бірақ қарапайым жұртты да назарда ұстау қажет еді. Экономика министрі «бұл шешімнің қиын болатынын білеміз, бірақ жаңа салық түрінің арқасында бюджетке түсетін кіріс көбейеді» деді. Сонда үкімет қазынаны толтыратын басқа амал таба алмады ма? Салықты көтергенше, үкіметтің шығынын неге қысқартпайды? Шағын бизнеске неге жол ашып, табысты арттырмайды? Ал бұлардың бар тапқан амалы салықты көтеру болды.

Уақыт белдеуіне байланысты халықтың үкіметке сенімі азайды, ал салық мәселесінде билік халықпен санаспайтынын көрсетті. Міне, биылғы жылдың басты қорытындысы осы деп ойлаймын. Билік халықтан алшақтап барады.

– 2023 жылғы Парламент сайлауында депутаттардың 30 пайызы бір мандатты аумақтық сайлау округтері арқылы сайланды. Сондай-ақ кейінгі жылдары ауыл, аудан, қала әкімдерін сайлау өтіп жүрген. Билік мұны реформаның қарлығашы ретінде көрсеткенін білеміз. Бірақ биыл алдымен парламент партиялық тізім арқылы жасақталатыны белгілі болды, кейін аудан әкімін сайлау жүйесі алынып тасталуы мүмкін екені айтылды. Билік өзі енгізген «саяси реформаларынан» бас тартып жатқан жоқ па?

– Не үшін екені түсініксіз, билік айтқан сөзінен шегініп жатыр. Қаңтар оқиғасынан кейін елде бір өзгеріс болады деген үміт болған. Алдымен ауыл әкімдерін сайладық. Сайлау қалай өткеніне қарамастан, бұл демократия бағытына қарай жасалған маңызды қадам болды. Кейін аудан әкімдерін, қала әкімдерін сайладық. Семей қаласының әкімі сайланғанын айтып отырмын. Сол кезде үміт болды. Бұл қадамдар дұрыс болды деп есептеймін, біз оны қолдадық. Бірақ солар аяқсыз қалатын сияқты.

Парламенттегі өзгеріске не әсер етті дегенге келсек, қазір мәжілісте кімдер белсенді? Қай депутаттардың үні естіледі? Негізінен бір мандатты округтен барған мәжілісмендер мәселе көтеріп, сауал жолдап жүр. Басқалары әдеттегідей үнсіз отырады. Менің ойымша, билік әу баста бір мандатты сайлауға ішінара рұқсат бергенімен, кейін сәл іш тартып қалды. Парламентте бұл жүйемен сайланған депутаттар көбейсе, олардың үні алысқа жетіп, билікке қиындық туғызуы мүмкін.

Жоғарыда айтқанымыздай, уақыт белдеуі мәселесі мен салық саясаты халықтың сенімін азайтты. Оған парламент пен әкім сайлауы мәселесі қосылып отыр. Бұдан соң халықтың сенімі тіпті азаюы мүмкін. Бұл жақсылыққа апармайды. Халық үкіметке сенбесе – үлкен проблема. Бұл – биліктің ғана емес, тұтас Қазақстанның проблемасы. Мұндай әрекеттер мемлекетті өте қиын жағдайға алып барады.

– Мемлекеттік органдардың биылғы жұмысына қандай баға бересіз?

– Біздің елде суперпрезиденттік жүйе орныққан. Бұл белгілі жағдай. Егер мемлекеттік орган басшылары сайлау арқылы қызметке келсе ғана біз баға бере аламыз. Атқарушы билік жайлы айтсақ, үкімет халықтан алшақ екенін көрсетті. Оны жоғарыда айттық. Үкіметтен қайыр жоқ деп есептеймін. Ал біздегі парламент – өте момын, дауысы естілмейтін жуас орган. Негізгі парламент деген дауысы жер жарып, үкіметті бақылауы керек еді. Бірақ олар бұл құзыретін орындай алмай отыр.

Жуас парламент, халыққа қарсы жұмыс істейтін үкімет – мемлекетке, халыққа, елімізге үлкен қауіп. Осыны өзгерту керек. Қазақтың «аңқау елге – арамза молда» деген сөзі есіме түседі. Қазір мемлекеттік жүйе осындай. «Ауыруды жасырғанмен, өлім әшкере етеді» деген де сөз бар. Жүйедегі ауруды, қоғамдағы дертті, экономикадағы түйткілді жасырып отырмыз. Билік басындағылар қоғамды қайда алып бара жатқанын білмеймін. Қысқасы, өтіп бара жатқан жылға берер бағам үмітсіздікке толы.

– Биыл «ескі Қазақстанмен күрес», «шетел асқан активтерді қайтару» деген сияқты ұрандарды көп естімедік. Билік елде саяси реформа аяқталғанын айта бастады. Сіз мұнымен келісесіз бе?

– Ескі Қазақстан өкілдері рөлін әлі жоғалтқан жоқ деп есептеймін. Бұрынғы билік өкілдері саяси сахнадан көрінбесе де, астыртын жұмысын белсенді атқарып жатыр. Мысалы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев былтыр жыл аяғында Мәскеуге барып, Ресей президентімен кездесті. Биыл да барады деген ақпарат бар. Зейнетке шыққан адам неге Мәскеуге бара береді? Бұл бұрынғы билік өкілдерінің ешқайда кетпегенін білдіреді деп ойлаймын. Олардың қолында мол мүмкіндік бар. Біріншіден, биліктің әр сатысында ескі Қазақстаннан қалған кадрлар отыр. Қолдарында қаржы да көп. Демек олардың билікке қайта оралудан үміті үзіле қойған жоқ. Алдағы жылдары белсенді жұмысқа кірісіп жатса, таңғалмаймын. Парламент реформасын жүргізгелі отырмыз, ол үшін сайлау өткізу қажет. Ал биліктен үмітті топ халыққа ұнайтын ұрандарды тастап, сайлауда жеңіп шығуға тырысуы мүмкін. Олар тізгінді қайта қолына алу үшін қазіргі биліктің қателіктерін тиімді пайдалануға тырысады. Мысалы, уақыт белдеуі мәселесін шешіп, бұрынғы уақытты кері қайтарамыз десе, біршама электорат жинап алады.

– Биыл ел президентінің халықаралық кездесулері, шетелдерге сапары көп болды. Біздің елге келген шетел басшылары да аз емес. Кей сарапшы осыған қарап, билік биыл сыртқы саясатты басты орынға қойғанын айтып жүр. Бұған не дейсіз?

– Иә, биыл халықаралық кездесулер көп болды. «Орталық Азия – Еуроодақ», «Орталық Азия – Италия», «Орталық Азия – Қытай», «Орталық Азия – Ресей», «Орталық Азия – АҚШ» және жақында «Орталық Азия – Жапония» саммиті өтті. Бірақ мұның бәрі бізге ғана байланысты емес. Бұлар жалпы Орталық Азия аймағын қамтыған кездесулер. Сондықтан бұл жұмыстардың бәрін өзімізге теліп алмайық. Геосаяси жағдайға байланысты өңірдің стратегиялық маңызы артып, алпауыт елдермен ортақ саммиттер өтіп жатқанын бәріміз түсініп отырмыз.

АҚШ президенті Дональд Трампты Қазақстан мен Өзбекстанның басшысы өз еліне шақырды. Одан бөлек көптеген елдің басшысы біздің елге келді. Биыл халықаралық қонақтар көп болды. Мұны біздің президенттің дипломат болғанымен байланыстыруға болатын шығар. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз нығаюда. Бірақ шет мемлекеттермен байланысымыз бізге қандай пайда әкелді деген сұрақ туындайды. Мұндай кездесулер бізге экономикалық тұрғыдан не берді?

Неге тек экономиканы айтып отырмын? Өйткені Қазақстанның мемлекет ретінде басқа ешбір елмен саяси проблемасы жоқ. Көрші мемлекеттермен, алыс шетелмен де қандай да бір түсініспеушілік туындаған емес, шұғыл шешуді қажет ететін түйіндер жоқ. Соған қарамастан, саяси тұрғыда тым белсендіміз. Мысалы, Ибраһим (Авраам) келісіміне не үшін қосылғанымызды түсінбеймін.

Ибраһим келісімі – 2020 жылы Трамп президент болып тұрғанда АҚШ бастамасымен қабылданған, Израиль мен мұсылман әлемі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған жоба. Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мақсатында келісімге қол қойған. Ал бұл келісімнің бізге не қажеті бар? Қазақстанның Израильмен байланысы онсыз да жақсы, ол елмен ешқандай проблема жоқ. Екіншіден, бұл келісімге Орталық Азиядағы көршілеріміз қалай қарайды? Түркі мемлекеттер ұйымындағы одақтастарымыз не дейді? Өйткені біз Израильден гөрі сол мемлекеттерге жақынбыз, бауырласпыз. Олар тарапынан осы келісімге байланысты сұрақ туындауы мүмкін.

Демек пәлен мемлекетпен келісімшарт жасадық, дипломатиялық байланысымыз нығайып жатыр дейміз, бірақ содан нәтиже қандай дегенге назар аудару қажет. Сол келісімдер экономикалық тұрғыда пайдалы болса, елге инвестиция келсе, әңгіме басқа. Бәрі бос сөз күйінде қалуы да әбден мүмкін ғой. Біздің президент басқа елдерге барғанда, бізге өзге ел басшылары келгенде түрлі келісімдерге қол қояды, БАҚ-та «пәленбай млрд доллар болатын келісімшарт жасадық» деген ақпарат тарайды. Бірақ соның көбі меморандум екенін ескермейміз. Меморандум – нақты келісімшарт емес, оның жүзеге асу-аспауы белгісіз дүние. Сыртқы саясатта белсенді екеніміз рас, бірақ оның нәтижесін әлі көрген жоқпыз. Еш мемлекетпен саяси проблемамыз жоқ екенін айттым. Демек сыртқы саясаттағы басты мақсатымыз экономика болуы керек. Жақында АҚШ-тан 300 локомотив сатып алатынымыз белгілі болды. Бірақ кей сарапшы осының пайдалы келісім екеніне күмәнмен қарайды.

– Биыл елдегі кадрлық ауыс-түйістердің көбі сыртқы саясат секторында жасалды. Сыртқы істер министрі, президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі және бірнеше мемлекеттегі елші ауысты. Жақында ұзақ жыл СІМ ресми өкілі болған Айбек Смадияров Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Бұл да мемлекеттің сыртқы саясатқа баса көңіл бөліп отырғанын білдіре ме?

– Сыртқы саясат – президенттің өзі жақсы білетін саласы. Біраз жыл сыртқы істер министрі болды. Сыртқы саясат негізінен президенттің қолында. Біз ол туралы тек көрермен ретінде айта аламыз. Ал «ел ішінде дипломаттар үлкен қызметтерге тым көп тағайындалады» дегенге келсек, оныңыз рас, қала-облыстарды басқарып отырған экс-елшілер бар. Елшілікте көп болса 15 қызметкер болады, бұл аса көп емес. Ал енді бұған дейін 15 адамды ғана басқарған адам 500 мың тұрғыны бар облысқа немесе қалаға жетекшілік ете ала ма? Бұл да маңызды сұрақтардың бірі.

Қуаныш Қаппас