Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 17 Наурыз 2023

Премьер Шымкентті үлгі етті

None
None

Биылдың екі айындағы көрсеткіш бойынша Шымкентте өндірістің қарқыны жақсы. Сонымен бірге үшінші мегаполис кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй құрылысын жүргізу бойынша алда келеді.

 

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Ел экономикасының жыл басынан бері орнықты өсіп келе жатқанына тоқталған үкімет басшысы есепті кезеңде барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өңірлер арасында оң динамикаға ие болған Шымкент қаласын атап өтті.

Премьер-министр өңірлердегі бизнес-бастамаларды қолдау мақсатында Алматы мен Шымкент қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып, индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктерді дамытуды ұсынды.

Биылғы жылы қала бюджетінің шығысына 534,3 миллиард теңге жоспарланған. Екі айда 62,6 миллиард теңге қаржы қаралып, нақты 61,9 миллиард теңгесі игерілген, яғни жоспар толықтай орындалған.

Қалада құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Былтыр пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 70 мың шаршы метрге жетіп, жылдық жоспар асыра орындалды. Осы кезеңде республика аумағында 2,1 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін жеткізген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұрғын үй салу бойынша ең жоғары көрсеткіштер Алматы мен Шымкентте екенін атап өтті.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты бақылауда. Жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілетін болады.

Әлихан Смайылов алдағы айларда экономиканың тұрақты өсу қарқынын сақтаудың маңызды екеніне тоқталып, министрлерге өңір әкімдерімен бірлесе экономиканы әртараптандыруда, тұрақты жұмыс орындарын құруда нақты тапсырмалар жүктеді.

Шымкент қалалық әкімдігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, үшінші мегаполисте индустриалды аймақтардың қатары артып келеді. Қазіргі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағы мен «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізілуде.

 «Жұлдыз» индустриалды аймағының жалпы ауданы – 306 гектарды құрайды. Қазір мұнда 35 жоба жүзеге асырылуда. Жоспарға сай биыл 6 жоба іске қосылып, 450-ден астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ 2022-2026 жылдар аралығында «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 50 компанияның инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Осыған орай тағы 3600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Мемлекет басшысының еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланысты қойған нақты тапсырмасына сәйкес қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту қолға алынған. Бүгінгі таңда жалпы аумағы 132 гектар болатын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриалды аймағының инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүруде. Аталған аймақта 15 шақырымға суаққы қойылып, электр жүйесін тарту жұмыстары қарқын алған. Инженерлік-инфрақұрылыммен толық қамту 2023 жылдың соңына дейін аяқталады.

Шаһардағы бұдан өзге 2 индустриалды аймақ пен сауда-логистикалық орталықта жыл соңына дейін 16 жоба іске қосылып, 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Айта кетері, индустриалды аймақтарда жүзеге асатын жобаларға жан-жақты мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Осындай өндіріс орындарының бірі – «MEGA SMART серіктестігі «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан. 15 жылдан бері жиһаз шығаратын кәсіпорын нарықта бренд қалыптастырып отыр. Шымкент жиһаздарына сұраныс артып отырғандықтан, былтыр өндіріс аумағы кеңейтіліп, «Mega Smart B2B» серіктестігі іске қосылды. Шеберлер үйге, кеңсеге арналған корпусты және жұмсақ жиһаздарды тапсырыспен әзірлейді. Еуропалық қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын 120-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Айына жүз шақты жиһаз жинағын шығаруға мүмкіндігі бар серіктестіктің бүгінде Астана, Алматы қалаларында арнайы сауда нүктелері бар.

Тегтер: