Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:12, 06 Қараша 2024

Премьера күнгі қоштасу. Театр сахнасынан майдан даласына

1
Фото: ашық дереккөз

ХХ ғасыр басында шымылдығын түрген Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 95 жылдық мерейтойын тойлағалы отыр. 95 жыл... Ғасырға жуық уақыт арасында театрдың шығармашылық жолы қаншалық өзгеріс, қиындық, түңілу, күйіну, қуану мен үміттің легінен өткен сәттері тарих қойнауына сағым боп еніп кетті.

«Алдыңғы түйенің жүгі ауырды» атам қазақ текке айтпаса керек. Театрдың қалыптасуына алғашқы лектің сіңірген еңбегі бүгінде көмескелене бастағаны шындық. Сонау жылдары театр шығармашылығының арбасы соқпақты жерден – даңғылға шығуына тер төккен «ата буынның» сахнаға төселген дер кезінде Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы талантты артистеріміздің жалынды ғұмырын қыршыннан қиды.

1942 жылдың маусым айында Халел Шәженовтің режиссерлігімен Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасы сахналанған күн тек премьера күні ғана емес, 11 артистің туған жерімен мәңгілікке қоштасқан күні болатынын ешкім ойламаған еді...

Театр мен қоғам – бір-бірінен бөле-жарылмайтын егіз әлем. Бірінде болып жатқан қақтығыстар мен басты оқиғалар – екіншісінің сахнасында көрермен көзіне ұлғайтыла көрсетіліп, жүрегіне жол тартады. 1942 жылдың мамыражай маусым айында жайшылықта думандата өтетін премьера күні ұжымның ұнжырғасы түсіп, театр ғимаратының артында мал сойылып, қазан көтеріледі. Себебі соғысқа шақыру қағазын алған артистер премьерадан соң майданға аттанатын пойызға мінбек. «Ақан сері – Ақтоқтының» премьерасына режиссерлігімен қатар Ақан серіні өзі сомдаған Халел Шәженовтің соңғы рөлі, соңғы қойылымында ойнаған артистер – Райысхан Байкенов, Қасымхан Сыздықов, Қойлыбай Қарсақбаев, Әлиакпар Шайхыланов, Исрайыл Ақбұйымов, Сұлтан Қажыкенов, Қасен Садықбеков, Мәлғаджар Жүсіпов, Еламан Мұзамедкәрімов, Құдаймерген Әзімбаев, Ж.Айманов, Пірмағамбет Төкебаев, Сәдуақас Ерғалиев, Мұхамеджан Дөненбаев, Сапар Тажиев, Фарух Жасенов, Мәжит Көкеевтер көп ұзамай мінген эшалонымен мәңгілік сапарға аттанарын ойламастан жан алып, жан салып, қызу дайындық үстінде жүргенде отбасы жиылып, дастарқан жайып жатыпты. Премьерада Ақан серіні сомдап жүріп, Ақтоқтыны ойнаған жары Жұмабикемен қоштасқан Халел Шәженов бастаған 17 артист, премьерадан соң қаздай тізіліп, Шымкент вокзалынан эшалонға мініп, майданға аттанады. 17 артистен алтауы Пірмағамбет Төкебаев, Сәдуақас Ерғалиев, Мұхамеджан Дөненбаев, Сапар Тажиев, Фарух Жасенов, Райысхан Байкеновтер ғана аман оралды. Қалғандарын майдан өтінде ажал құшады.

Қайтпай қалған майдангер 11 артист жат жерде мәңгілік көрпесін жамылды. 11 артист жайлы не білеміз? Әрине, жұтаң ақпараттан өзге қолымызда құжат қалмады.

Мәлғаджар Жүсіпов. 1912 жылы 17 сәуірде Қызылорда өңіріндегі Қосарық елді мекенінде дүниеге келген. Анасынан 3 жасында айырылған Мәлғаджарды әкесі интернатқа береді. 7 кластық мектепті аяқтап, Казпедтехникумға түседі. Техникумда оқып жүріп кешкі көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысып, түрлі рөлдерді ойнай бастайды. Мәлғаджардың өзге студенттерден тағы бір өзгешелігі – газеттерге мақалалар жазып, тіршілікке ерте араласады. Қоғамдағы саяси өзгерістерге қаламмен үн қатып, газет беттеріне мақаласын үздіксіз жариялап отырады. «Театр ашылады» деген соң, Шымкентке 1934 жылы келген Мәлғаджар Қазақстан мен Ресей арасындағы өнер келісімшартына сай Ленинградтағы театр училищесіне студенттер жинап жатыр дегенді ести сала, өнерге деген құштарлығымен тізімге ілігеді. 1938 жылы Халел Шаженов бастаған 22 артистердің арасында Мәлғаджар да Шымкент театрына келіп, актерлік жолын бастайды.

Театрдың сол жылдардағы репертуарында басты рөлдерін сомдаған, ән десең де, би десең де алдына жан салмайтын талантты артистің Х.Шәженов сахналаған Әуезовтің «Түнгі сарын» драмасындағы Жантас рөлі жайлы сол кезеңде баспасөз бетінде жазылып жатыпты. Меңдияр Киікбаев деген журналист «Оңтүстік Қазақстан» газетіне: «...Жантас – ел еркесі, елдің ардагер батыры. Бұл рөлде ойнаған Юсупов жолдасқа темпераменті күшті жалынды сөзбен ойнауымен қатар, батырлық тип, дарынды шындық елесін көрсеткенде тым тәуір болар еді. Дегенмен Юсупов жақсы қабілеттілікпен, бар ынтасымен рөлін табысты етуге еңбек етті» деп жазады.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1938 жылғы №205 санында Ермет Омаров: «...Постановканың геройы Жантас рөлін Жүсіпов жолдас ойнады. Жүсіпов жолдастың қимылы – Жантас рөлінің образдарын ойдағыдай көрсеткендей болды» дейді.

Тағы бір автор С.Қасымханов осы нөмірде: «...Еңбасты рөлді атқарғанның бірі – Жантас. Жантас рөлінде ойнаған Мәлғаджар Жүсіпов жолдас сабырлық пен мәселенің артын күтіп, шыдамсыздыққа берілмей ақылға жеңдіретінін көрсете алды. Дәлдеп айтқанда, бұл рөлінде ойдағыдай образ жасай алды» десе, Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еспембеті жайлы: «...Алғашқы постановкада Еңлік пен Кебекті өлтіргеннен кейін Еспембет (артист М.Жүсіпов) жартасқа шығып алып қоразданатын еді. Соңғы ойында бұл көрініс өзгерді» депті. Қ.Гайсин газеттің 1939 жылғы №147 санында.

1941 жылы соғыс басталған соң ел рухын асқақтату үшін Шәженовтің режиссерлігімен қойылған Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» драмасындағы Гекке рөлі жайлы:«...Әсіресе Гекке рөліндегі Жүсіпов жолдас патшаның баскескіш жендеті көкжал генерал Геккенің рөлін ойдағыдай шығара білді, еңбекшілердің патшаға, оның залым құзғындарына қарсы әлденеше рет жасаған көтерілістерін басқан қанішер жендеттігін, аса жиіркенішті қылықтарын жақсы бейнелеп берді» деп («Батырдың семсерін тот басқан жоқ!». «Оңтүстік Қазақстан» №228 (2927) 26 сентябрь 1941 жыл), артистің шеберлігіне тәнті пікір баспа бетінде жарық көреді. Сахнадағы актерлік шеберлігін айшықтаған әр мақаладан көз алдымызға кейіпкерімен тұтас образға айналған Мәлғаджарды көргендей боламыз.

Шығармашылық ұжымның жаршысына айналған Мәлғаджар, әр қойылымнан соң баспа беттеріне мақала жазып, театр жаңалығын әлемге паш етуден жалықпады. Мәселен, «...Шиллердің образы біз даярлағалы отырған Фурмановтың «Чапаев» пьесасы, болмаса, Мұхтардың «Түнгі сарын» пьесаларынан айырмашылығы жер мен көктей. Классик Шиллердің геройларын Шымкент жұртшылығына таныстырып, көрсетуде үлкен жауапкершіліктің бар екенінде сөз жоқ. Бізді актерлік шеберлікке баулыған мастеріміз В.В.Меркурьевке рақмет айтамыз. Қазақ театрынан алғыс» дейді Мәлғаджар Жүсіпов «Шиллер пьесасындағы типтер» мақаласында.

Сан алуан рөлдер сомдаған талантты артист, дарынды публицист Мәлғаджар Жүсіпов соғыста қаза тапты. Театр шымылдығын алғаш түргенде ойынымен де, ойымен де қазақ өнеріне үлес қосқан ардақты азаматтың есімін кейінгілер ұмытпауға тиіс-ау.

Қойлыбай Қарсақбаев. Оңтүстіктің Созақ елді мекенінде дүниеге келген Қойлыбай Қарсақбаев «Шымкентте театрға өнерлі жастарды жинап жатыр екен» деген хабарды естіп, өнерге деген құштарлығы Шымкентке жетелеп әкеледі. Дарынды жас 1936 жылғы Ленинградтағы театр училищесіне қабылданған жастар арасында ел асып, өнер қуып кете барады. 1938 жылы Ленинградтағы актерлік мамандығын В.Меркурьевтің шеберлік классында аяқтап, бір топ қазақ жастарымен бірге Шымкент театрына жұмысқа қабылданады.

Шымкент театры сахнасында қойылған сүбелі қойылымдарда түгелдей дерлік бас кейіпкерлерді сомдаған Қ.Қарсақбаев, көп ұзамай көрермен көзайымына айналады.

Қазақ СССР Ғылым Академиясының әдебиет пен өнер архивінде Н.И.Львовтың В.Меркурьев пен В.Мейерхольдтың шәкірті Қ.Қарсақбаев сомдаған Фердинанд туралы: «Оның өрттей шарпып, құйындай үйірген ойыны көрерменді дүр сілкіндірді. Фердинанд – Қойлыбай Қарсақбаев өте талантты болатын. Фердинанд рөлінде Қ.Қарсақбаев драмалық қызуқандылығымен ерекше танылды. Шиллер қаһарманына деген саналы да ойлы көзқарасы, сахнадағы еркін қимылы оның ойынына аса әсерлі көрік берді. Ол – өте талантты актер. Қ.Қарсақбаев комедиялық, драмалық рөлдерде сәтті көрініп, көпқырлы актер екендігімен таңғалдырды. Әсіресе Фердинанд пен Труффальдино образдары кәсіби нәтижесімен тартымды болады. Оның келісті келбеті мен сымбатты денесі мың құбылып өзгеруге бейімдігі мен ойлы, байсалды, ішкі-сыртқы техникасын дамытып, талмай жұмыс істейтін актер ретінде өзін сүйікті етеді» деген жүрекжарды естелігі сақталған.

Қ.Қарсақбаев алғашқы киноға түскен қазақ артистері легінде А.Пушкиннің пьесасы негізінде түсірілген «Араб Петр Великого» атты киноға түскен. Сонымен қатар «Амангелді» киносына түсіп, елге танымал болғаны жайлы Шәженов өз естелігінде:

«...Біздің коллектив кино искусствосына да көрнекті еңбек сіңірді, студент болып жүргенде де көбінесе көпшіліктің қатынасатын сахналарда оқиғаға дұрыс реакция жасаумен «Амангелді» фильмінде біздің жігіттер көзге түсерлік еңбектер істеді. Онан кейін бүкіл әлемге әйгілі Петр фильмында талантты артист Қ.Қарсақбаев, Әбдірахман секілді тарихтан орын алған елеулі бір характерді тамаша ойнап еді» деп жазған болатын.

Келесі кейіпкерлеріміз жайлы заманында басылған газет беттеріндегі сараң сөйлемдер көп деректің ұшын ұстатпайды. Газет бетіне ілікпегендерінің тым болмағанда тегін жазсақ, соңында қалған ұрпақтары бәлкім, оқып, аталарының театр әлемінің адал сарбазы болғанын білсе деген үмітіміз бар.

Сұлтан Қажыкенов. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1938 жылы 26 желтоқсанда шыққан №205 (1092) санында театр актерлері туралы лебіздер шығыпты. Малғаров «Тамаша шыққан рөлдер» мақаласында Қажыкенов Сұлтан ағамыздың сахна майталманы болғанын баяндайды. «Облысымыздағы облыстық қазақ театрында декабрьдің 22-24 күні Әуезовтің «Түнгі сарын» атты пьесасы қойылды. Мұнда зрительге жақсы ұнаған рөлдер Мәдіходжаев, Қажыкенов жолдастардың рөлдері болды. ...Қажыкенов жас артист, ол болыстың шабарманы. Қажыкенов Жантастар болыстың үйіне басып кіргенде қорыққаннан үстелдің астына тығылады. Мәселе тығылғанда емес, сол қорыққан адамның кейпін беріп, образын жасауда» деп жазады.

Қасымхан Сыздықов туралы дерек жоқтың қасы. Тек Мәлғаждар Жүсіповтің «Шиллер пьесасындағы типтер» мақаласында:«...Өз көрсетілген типтерін театрымыздың актерлері: Төкебаев, Шәженов, Дүйсеков, Абдуллина, Бөкеева, Сейтхожина, Сыздықов, Бәйкенов, Қасенов секілді қаулап өсіп келе жатқан таланты бар екенін көрсете білгенінде сөз жоқ. Бұлардың соңғы 6 айдың ішінде-ақ актерлікке бейімді, шеберлік көрсеткендігі байқалып та отыр. Бұл рөлдерді меңгеріп алуда театрдың жас артистеріне үлкен алғыс айтамыз» деп жазады.

Қасымхан Сыздықов 1939 жылы Петропавл қаласында гастрольдік сапармен барып, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебекте» пьесасындағы Жомарттың рөлін ойнағаны жайлы Қ.Гайсиннің: «Кебек Еңліктің әкесі Жомарттың (артист Сыздықов) үйінде отыр» деп жергілікті газетке жазған бір ауыз сөзі ғана табылды.

1941 жылы «Ленин жолы» газетіне Әлтай Мырзахметов пен Құрмаш Дүйсекеновтің «Шымкент театрының гастролі» деген мақаласы шығады. Сонда: Әлиакпар Шайхыланов жайында: «...Көтібардың ақынның рөлін орындаған Шайхыланов жолдастың дауысы тым әлсіз болып, музыкадан асып кете алмады, ол алдағы постановкаларда дауысын бір қатар жуан ырғаққа үйлестіргені жөн ғой дейміз» деген сын айтылыпты.

Әттеген-ай, қалған артистеріміз жайлы газет беті тұрмақ, архивте еш құжат сақталмаған. Сол кездегі артистердің ауызекі естелігінен жеткен мағлұмат бойынша Еламан Мұзамедкәрімов, Құдаймерген Әзімбаев, Ж.Аймановтар 1944 жылы Берлин түбінде, жеңіске аз уақыт қалғанда қаза тауыпты. Сонау қиын-қыстау кезеңде театрдың іргетасын қалаған, аянбастан тер төккен асыл ағалар жайлы тереңнен қалам тартуға мүмкіндігіміз шектеуге түскені неткен өкініш.

Театр ғимаратынан шығып бара жатып артына қайырыла қараған 17 артист: «Алтын бесігіміз, түлеп ұшқан ұямыз болған сені сірә да ұмытпаспыз, қайтып ораламыз, құшақ жайып!..» деп қимай қоштасқан екен.

Сая Қасымбек,

Ж.Шанин театрының әдебиет бөлім меңгерушісі 

Тегтер: