Президент айтты екен деп айылын жиған банк жоқ

Өткен аптада «Еуразиялық банк» 2024 жылғы есебін жариялады. Есеп бойынша банктің үлестірілмеген кірісі 311,5 млрд теңгеге жеткен. Ал таза табысы 82,7 млрд теңгені межелепті.
Банктің мемлекет алдындағы қарызы 150 млрд теңге. Былай қарасаң, оп-оңай қайтара салуға болатын жағдайы бар. Алайда банк қарызды тек 2032 жылы бір-ақ қайтарамыз деп отыр. Ал қаржы сарапшылары «қарызды қайтаруды бұлайша сағызша созуға тыйым салатын уақыт жетті» деп жүр.
2017 жылы үкіметтің елдегі бірқатар банктерге мейірімі түсіп, «Банк секторын тұрақтандыру» бағдарламасын ашып жіберіп, қомақты сомада демеуқаржы берген. Солардың тізімінде мемлекеттен 15 жылға 4-ақ пайыздық мөлшерлемемен қарыз алған осы «Еуразиялық банк» те бар. Алмақтың салмағы деген бұл жерге жүрмейді, «қолы ашық» үкіметке шағын және орта бизнестің дамуына, ел экономикасын әртараптандыруға барынша үлес қосатыныңды айтып, уәде берсең жетіп жатыр. Міне, содан бері 8 жылдан астам уақыт өтті. Қазір қаржы саласының мамандары банктердің мемлекеттен алған қарызды ұтымды басқара алмағанын, сондықтан олардан қарыздарды ерте қайтаруды талап ету керектігін айтып жүр. Бұл жөнінде жыл басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та 8 жыл бұрын мемлекеттен көмек алған банктер биыл осы қаржыны уақытынан бұрын қайтаруға барын салуы тиіс екенін ескерткен де.
Алайда «Еуразиялық банк» те, басқалары да ақылдасып алғандай, қарыз қайтаруға асығар емес. Тіпті былтырғы есебін биыл жариялап жатқан «Еуразиялық банк» былтыр «аз табыс таптық» дегісі келеді. Жариялаған аудитіне сүйенсек, 2024 жылы банк 2023 жылғыдан 13 млрд теңге аз табыс тапқан. Бірақ банкті басқаратын олигархтардың үштігі – Потох Шодиев, Шухрат Ибрагимов және Машкевичтер байлығы жылдан-жылға өсіп барады. Олар атақты байлардың тізімі шығатын Forbes-тің алғашқы ондығынан бір түскен емес.
Графикті күту – мемлекетті ұту
Банк құрылтайшысының бірі – Шухрат Ибрагимов мемлекетке қарызды ерте қайтаруды жақтаса, қалғандары қарызды графикке сай қайтаруды қолдап отыр. Өйткені графиктен озып кетпей, қарызды қайтаруды ең соңына қалдырса мемлекетті ұтып кететінін жақсы біледі. 2032-ні күтіп отырғанының себебі де сол – бұл аралықта инфляция артып, теңгенің құнсызданатыны анық. Ондайда қарызға алған қаражаттың құны да түсе береді. Девальвация мен инфляцияны есептеп жүрген сарапшылар «2032 жылы қазіргі 150 млрд теңге құнсызданып, небәрі 66 млрд теңгенің құнындай болып қалуы ықтимал» деседі.
«Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, банк және сақтандыру ісін зерттеуші, экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың сөзіне сүйенсек, олигархтар теңге құнсызданған сайын мемлекетті ұтып отыр. Сондықтан оларға «графиктен озу» – тиімсіз шаруа.
«Осы жылдың басында президент Тоқаев «банк акционерлері қарызды мерзімінен бұрын қайтарсын» деп талап қойғанын білеміз. Дегенмен банктердің көпшілігі бұған аса назар аудармады. «Еуразиялық банк» 2032 жылға дейін жыл сайын 6 миллиард теңге пайыз төлеп тұрады. Енді қараңыз, жыл сайынғы үлестірілмеген кірісі 311 млрд теңгеден асатын банк үшін 6 млрд теңге сыйақы төлеу қомақты сома емес. 8 жыл ішінде банк мемлекетке сыйақы ретінде 48 миллиард теңге төлеген. 2032 жылға дейін тағы 42 миллиард теңге береді және сол жылы 150 миллиард теңгені толық аударады. 2032 жылға дейін 150 млрд теңге құнсызданып кетеді.
2017 жылғы үкімет пен Ұлттық банктің елдегі банктерге демеуқаржы ұсынып, қолдау саясаты сауатты болды деп айта алмаймын. Себебі қазір қарапайым халықтың алған несиесі бизнестің алған несиесінен асып түсті. Мысалы, былтыр жалпы экономикаға 35,8 трлн теңге несие құйылса, соның 16,5 трлн теңгесі бизнестікі болса, халықтың алған несиесі 19,3 трлн теңгеге жетті. Қазір халықтың мойнында уақытылы төленбеген 1,8 трлн теңге несие бар. Негізінде бұл – ойланатын жайт. Мұндайда банк халыққа тиімді өнімдер ұсынуы керек еді. Алайда банктер мұндайға бармайды. Банктер мемлекеттен алған демеуқаржысын халыққа несиеге үлестірудің шебері болып алды. Сіз бен біз сөз етіп отырған «Еуразиялық банктің» нақты қандай бизнесті, қанша қаражатқа қаржыландырғаны туралы ашық дерек аз. Биыл банк мемлекеттің қанша қарызын қайтарады? Қандай жобаларды қаржыландырып жатыр? Осы сауалдарға банк басшылары ешқашан ашық жауап берген емес», – дейді сарапшы.
Айтса айтқандай, аталмыш банктің мемлекеттен алған қаражатты нақты қандай жобаларға жұмсағаны, экономиканы әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті қаржыландыруға, өндіріске және инфрақұрылымдық жобаларға қанша қаражат жұмсағаны бізді де қызықтырып отыр. Сондықтан «Жас Алаш» осыған байланысты сауалдарды е-Өтініш платформасы арқылы банкке және арнайы ведомстволарға жолдады.
Jusan-ға келгенде жуасып қалдық...
Атауын өзгертіп, Alatau City Bank болып алған Jusan Bank-тің де қаржылық есебіне назар аудару керек. Айта кетсек, биыл ірі олигархтардың бірі Вячеслав Ким Ғалымжан Есеновтен Jusan Bank акцияларының 97,5 пайыз аккциясын сатып алу үшін Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігіне өтінім берген. Агенттік ол өтінішті мақұлдады. Сөйтіп, Вячеслав Ким банкті сатып алуға ресми түрде рұқсат алды. Бір қызығы, мамырдың соңында акционерінің ауысуын күтпестен банк атауы Alatau City Bank деп өзгеретіні белгілі болды.
Мемлекеттен қомақты демеуқаржы алған банктердің тағы бірі осы Jusan Bank. Кезінде жабылып қалған «Цесна» банк пен «АТФ» банктің алған қарыздары да Jusan Bank иелігіне өткен. Соның бәрін қоса есептесек, Jusan Bank-тің бір басында қазір 1 трлн теңгеге жуық қарыз бар. Банк ол қарыздарды 2045 жылы қайтару керек. Енді қызығы, «Цесна» банк кезінен Jusan Bank-ке мұра болып қалған 860 миллиард теңгелік ең үлкен қарыз бұл банктің 2024 жылғы қаржылық есебінде көрсетілмейді. Қазір аталған банктің есебінде оның қарызы небәрі 118 миллиард теңге деп көрсетілген. Бұл 118 млрд – бұрынғы «АТФ» банктің қарызы. Ал сонда «Цесна» банктен қалған 860 млрд теңге қарыз қайда?! Әлде банк атауын өзгертіп алып, «Цеснадан» мұраға қалған қарызды төлемей сытылып кетпек пе?
Бұған қатысты экономист Тоғжан Шаяхметова былай дейді:
«Бұған банк өкілдері нақты жауап бергені жөн. Бірақ атауы өзгерген соң банк «Цеснадан» қалған қарызды баланстан шығарып тастай алмайды. Заңдық тұрғыдан оны төлейді. Бұл – қомақты сома. Ал ол қарыздың неге қаржылық есепте көрсетілмегенін банк өкілдері халыққа ашық түрде түсіндіруі тиіс. Мемлекеттің 860 млрд теңге қарызды кешіре салмайтыны анық. Сондықтан бұл соманы банк атауын өзгерте ме, жасыра ма, не істесе де банк бәрібір төлейді. Негізінде қазір Jusan Bank-тің балансында 790 млрд теңгедей капитал бар. Бірақ биыл банк осы қаражаттың қаншасын қарызын төлеуге береді, ол жағын ашып айтпайды. Ойлап қарасақ, банктің акционері болғалы отырған Вячеслав Кимнің де қарызды төлеуге қауқары бар. Біз осы уақытқа дейін Қаржы нарығын дамыту агенттігі Кимге Jusan Bank-ті сатып алуға рұқсат бермес бұрын «ең алдымен банктің мемлекет алдындағы қарызын толық төлейсің» деген талап қою керегін айттық. Бірақ бұл ұсыныстарымызға құлақ асқан уәкілетті орган болмады. Біздің жауапты органдарда осындай табандылық жетіспейді. Міне, осыдан кейін де елдегі екінші деңгейлі банктер ойларына келгенін істеп, жайылып кетті».
«Жас Алаш» аталған мәселелер жөнінде де Jusan Bank-ке, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігіне, Ұлттық банкке арнайы сауалдар жолдады.
Ұлттық банктің өзі жекеменшікке бағынады
«Жас Алашқа» тұрақты түрде пікір білдіретін экономист-ғалым, кезінде Ұлттық банк басшысының орынбасары болған Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, біздегі банктер қазір ақша, несие саясатымен ғана айналысып кетті. Енді банктерге халықты жұмыспен қамтуды, экономикалық өсімді қамтамасыз етуді міндеттеу қажет.
«Ең әуелі Ұлттық банк талапшыл болуы қажет. Жасыратыны жоқ, еліміздің бас банкі қазір бір топ адамдарға ғана бағынатын жекеменшік банкке айналып кетті. Ұлттық банк жеке мүдделерден аса алмағандықтан, халыққа несиені үлкен пайызбен беріп отырған, экономикаға пайдасы аз, мемлекеттен алған қарызды қайтармай отырған банктердің лицензиясын тартып ала алмайды. Мемлекеттік қарыздан бөлек, қазақстандық банктердің шетел капиталына тәуелділігі де өсіп жатыр. Сондықтан келешекте жалпылама «Банк және банктік қызметтер» туралы заңнан бөлек, банктерді басқарып отырған акционерлерге қатысты жеке заң қолданысқа енуі қажет. Банк құрылтайшыларына қатысты мызғымас заң орнамай ешқандай тәртіп те, жүйе де орнамайды. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту агенттігі осыны ескеру керек. Алдымен осы мәселелерді реттемей, жүргізіліп жатқан басқа реформалардан оң нәтиже көру қиындау».
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ