Президент: «Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретіндегі рөлін арттыра түсу қажет»

Алтыншы мәселе. Маңғыстау облысы еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру ісінде маңызды рөл атқарады.
Бұл – Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы халықаралық көлік дәліздері тоғысқан бірегей жер. Біз теңіз инфрақұрылымын, соның ішінде Ақтау және Құрық порттарын дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Осы айлақтар Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі негізгі тораптың бірі саналады.
Соңғы жылдары бұл дәліз арқылы жүк жеткізу мерзімі үш есе қысқарды. Тасымал құны тұрақталды. Озық технологиялар жаппай енгізіле бастады. Халықаралық логистикалық компаниялар еліміздің көлік саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Олар, әсіресе, теңіз порттарын дамыту ісіне қаржы құюға мүдделі. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, шетел инвесторларымен белсенді жұмыс істеуі керек.
Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретіндегі рөлін арттыра түсу қажет. Көлік, темір жол және теңіз порты инфрақұрылымын дамытуға арналған жобаларды тездетіп жүзеге асыру керек. Биыл Құрық-Жетібай тас жолын жөндеу жұмысы аяқталады. Енді Түрікменстан бағыты бойынша көлік-тасымал әлеуетін арттыру қажет. Жаңаөзеннен шығып, Кендірлі арқылы Түрікменстан шекарасына дейін баратын күре жолды жөндеуге биылдан бастап кірісуді тапсырамын. Темір жол бекеттерін жаңғырту және жаңарту жұмысы басталды. Еліміз бойынша 125 вокзалды жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде Маңғыстау, Бейнеу және Шетпе бекеттері бар. Жолаушыларға, әсіресе, өз бетімен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолайлы жағдай жасалады. Бұл шаралар облыстағы және жалпы еліміздегі көлік қатынасын жақсарта түсетіні сөзсіз.
Алты жылдан бері тоқтап тұрған «Бейнеу астық терминалы» биыл қаңтарда іске қосылды. Қазір онда бір мезетте 100 мың тонна астық сақтауға болады. Сондай-ақ күніне 150 тонна – ұн, 50 тонна – жем шығаруға мүмкіндік бар. Ал жаңғырту жұмысынан кейін бұл көрсеткіштер 400 тонна ұн және 100 тонна жемге дейін артады. Астық терминалының қуатын арттырып, толық жұмыс істеуін қамтамасыз еткен жөн. Оны құрлықтағы Өткел кешені ретінде пайдалану қажет. Сол арқылы Каспий маңындағы елдерге өз өнімдерімізді экспорттай аламыз.