Президент қолдаған жобаға халық қарсы: Өзбекстандағы құрылыс неге сынға ұшырады?

2025 жылғы 3 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Бакуге мемлекеттік сапары кезінде, ол Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірге Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Sea Breeze халықаралық туристік орталығын аралап көріп, жобадан қатты әсер алған болатын.
Дәл осы сапардан соң Өзбекстанда да осындай ауқымды демалыс аймағын салу идеясы пайда болды. Белгілі әзірбайжандық кәсіпкер, Crocus Group компаниясының иесі Араз Агаларовтың ұлы — әнші әрі кәсіпкер Эмин Агаларов Ташкент облысында «Sea Breeze Uzbekistan» атты туристік курорттық кешен салуға ниет білдірді. Бұл жоба Өзбекстандағы туризм индустриясының ең ірі жеке инвестициялық жобасына айналуы мүмкін.
Курорт Чарвак су қоймасының жағалауында, Ташкент қаласынан шамамен 80 шақырым жерде, Бостандық ауданында орналасады. Жобаның жалпы аумағы 577 гектарды құрайды. Алдын ала есептеулер бойынша, жобаның құны 5-10 миллиард АҚШ долларын құрауы мүмкін. Курорт төрт мезгілге лайықталып салынады және халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету көзделіп отыр. Мұнда бес жұлдызды қонақүйлер, элиталық коттедждер, тұрғын үйлер, аквапарк, мейрамханалар, мектептер, медициналық орталықтар, спорттық кешендер, яхта клубтар мен жағажайлар бой көтереді. Сонымен қатар курортқа жетуді жеңілдету үшін Ташкенттен арнайы жаңа көпір салу да жоспарланған. Бұл көпір астанадан курортқа жету уақытын бір сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.
Жобаның бастамашылары мен ресми тұлғалар бұл бастаманың ел экономикасы мен туризм саласына үлкен серпін беретініне сенімді. Олар жобаның экологиялық стандарттарға сай жүзеге асырылатынын, қоршаған ортаға зиян келтірмейтінін айтып сендіріп отыр. Эмин Агаларовтың өзі алғашқы нысандар 1,5–2 жыл ішінде пайдалануға берілетінін мәлімдеді.
Дегенмен, қоғамда бұл жобаның іске асуына байланысты терең алаңдаушылық та бар. Әсіресе экологтар мен қоғам белсенділері жобаның экологиялық салдарына назар аударуға шақырып отыр. Чарвак су қоймасы — Ташкент қаласы мен маңайдағы аймақтардың ауызсуының негізгі көзі. Мамандар бұл жерде құрылыс жұмыстары басталса, биоәртүрлілік бұзылып, су сапасына зиян келуі мүмкін деп қауіптенеді. Белсенділердің айтуынша, моторлы қайықтар мен яхталар судың химиялық құрамын өзгертіп, ауызсу тапшылығына алып келуі ықтимал.
Қоғамдық сынның бір тармағы – жобаның жабық түрде іске асырылып жатқаны. Әлеуметтік желілерде #savechorvoq хештегімен наразылықтар өршіп тұр. Экологтар мен белсенділер мемлекеттік органдардан ашықтықты, жобаның егжей-тегжейін жариялауды және міндетті түрде экологиялық сараптама жүргізуді талап етуде. Олардың сөзінше, әзірге мұндай сараптама жүргізілмеген, ал құрылысқа кірісу — заңға қайшы.
Табиғи ғылымдар докторы Юлдузхон Абдуллаева бұл аймақтағы құрылыс гидрологиялық тепе-теңдікті бұзуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Оның айтуынша, экологиялық сараптамадан өту — міндет, ал сараптама теріс нәтиже берсе, жоба тоқтатылуы тиіс.
Белгілі қоғам белсендісі Мирзаёр Эркинов Сардоба апатынан сабақ алу керек дейді. «Өзбекстан — су ресурстары жағынан осал мемлекет. Мұндай үлкен жобалар табиғатпен емес, табиғатқа қарсы салынса, салдары орны толмас апатқа айналады», - дейді ол.
Халықтың наразылығы мен сұрақтарына жауап ретінде Экология министрі Азиз Абдухакимов түсініктеме берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталмаған, тек шағын демонстрациялық жағажай салынуда. Бұл нысан халыққа жобаның қалай көрінетінін көрсету мақсатында тұрғызылып жатыр. Министр сондай-ақ, толық құрылыс жұмыстары басталмас бұрын барлық қажетті сараптамалар, соның ішінде экологиялық экспертиза міндетті түрде жүргізілетінін айтты.
Осылайша, Sea Breeze Uzbekistan жобасы бір жағынан туризмді дамытуға, инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға жол ашуы мүмкін. Екінші жағынан, дұрыс басқарылмаса, бұл жоба табиғатқа орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Өзбекстан халқы Арал теңізі мен Сардоба су қоймасындағы апаттарды жақсы біледі. Сондықтан қоғам ашықтықты, есеп берушілікті және экологиялық әділеттілікті талап етеді. Мемлекет пен инвесторлар бұл талапты ескеріп, болашақ курорттың экологиялық қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуі тиіс.