Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:41

Президент: Конституцияға енгізілетін кез келген өзгеріс тек референдум арқылы қабылдануы тиіс

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде Конституцияға енгізілетін кез келген өзгеріс, тіпті ең ұсақ түзетулердің өзі тек жалпыұлттық референдум арқылы қабылдануы керек екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президенттің айтуынша, Конституция – кез келген мемлекеттің басты бағдары әрі іргетасы саналатын негізгі құжат.

 «Конституция – мемлекеттің басты тірегі, негізгі бағдаршамы. Әрбір азамат оның қағидаларын білуге және құрметтеуге міндетті. Меніңше, Конституцияға енгізілетін кез келген өзгеріс, тіпті ең кішкентай түзету де тек референдум арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Мұндай тәсіл азаматтық құқықтарды нығайтудың маңызды тетігіне айналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия елден түскен ұсыныстардың ауқымды бөлігін жан-жақты талдағанын атап өтті. Соның нәтижесінде ұсынылған өзгерістер Конституцияның преамбуласын қоса алғанда, негізгі бөлімдері мен баптарының басым бөлігін қамтыған.

Президенттің айтуынша, Комиссия мүшелері пікірталас барысында ұсынылып отырған түзетулердің ауқымы жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі туралы тұжырым жасауға мүмкіндік беретінін мойындаған.

 «Ұсынылып отырған өзгерістер тек институционалдық-құқықтық жаңғыртуға бағытталған түзетулер ғана емес. Ең бастысы – олар бүкіл мемлекеттік жүйені түбегейлі трансформациялап, қайта жүктеуді көздейді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құжаттың тұжырымдамалық тұрғыдан мүлде жаңа сипатқа ие болатынын, оның қазіргі заманғы, кемел Қазақстанның идеалдары мен басымдықтарын бойына сіңіретінін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қолданыстағы Конституцияның тарихи маңызын жоққа шығаруға болмайтынын атап өтті.

 «Қолданыстағы Конституция Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуында ерекше рөл атқарды. Сондықтан өткен жылы, 30 тамызда оның 30 жылдығы кең көлемде аталып өтті», – деді Президент.