Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаса, билік вице-президентке берілуі мүмкін
Қазақстанда президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда, оның өкілеттігін алдымен вице-президентке беру ұсынылып отыр.
Бұл жөніндегі түзетуді Конституцияға енгізу мәселесі көтерілді. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа ұсынысқа сәйкес, егер президент өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтатса, мемлекет басшысының өкілеттігі бірінші кезекте вице-президентке өтеді. Ал вице-президент өз міндетін атқара алмаған жағдайда, бұл өкілеттік Құрылтай төрағасына беріледі. Егер Құрылтай төрағасы да бұл міндетті атқара алмаса, президент өкілеттігі премьер-министрге жүктелмек.
Қазіргі қолданыстағы Конституцияның 48-бабына сәйкес, президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда, оның өкілеттігі Сенат төрағасына өтеді. Ал Сенат төрағасы бұл міндетті атқара алмаса, өкілеттік Мәжіліс төрағасына, одан кейін премьер-министрге беріледі.
Айта кетейік, 20 қаңтар күні Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бұрын болған вице-президент лауазымын қайта енгізу туралы ұсыныс айтқан болатын. Бұл қызмет 30 жыл бұрын, 1990-жылдардың ортасында жойылған еді.