Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:57

Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сайлау күнін Құрылтай белгілейтін болады

 Ерлан Сарсембаев
Фото: скриншот

Астанада өтіп жатқан Конституциялық комиссия отырысында Әділет министрі Ерлан Сарсембаев Қазақстан Президентінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сайлау өткізу тәртібі туралы айтып берді.

Бұл тәртіпті Конституцияда бекіту ұсынылып жатыр.

Ұсынысқа сәйкес, Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған, қызметінен кетірілген немесе қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде Құрылтай Президент сайлауын өткізу туралы жариялауы тиіс. Ал сайлау Құрылтай шешім қабылдаған күннен бастап екі ай ішінде өтуі қажет.

"Президент өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы – саяси жүйе үшін аса маңызды жағдай. Құрылтайдың нақты белгіленген мерзімде шешім қабылдауы мемлекеттің іс-әрекеттерінің жеделдігі мен болжамдылығын қамтамасыз етеді. Жеті күндік мерзім – бұл саяси жағдайды пайдалануға жол бермейтін конституциялық кепілдік, - деп атап өтті Сарсембаев.

Оның айтуынша, бұл өзгеріс президенттік биліктің заңдылығын қамтамасыз ететін басты бастама – халықтың ерік-жігерін басымдық ретінде бекітуге бағытталған. Министр сайлау екі ай ішінде өткізілуі қажет екенін тағы да атап өтті.

"Бұл мерзім орынды. Ол бір жағынан сайлау органдары мен кандидаттарға дайындалуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан – мемлекеттің уақытша басқару режимінде ұзақ уақыт болуына жол бермейді, - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада Конституциялық реформаларға қатысты ұсыныстарды талқылауға арналған Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр.