Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:30, 31 Тамыз 2022

Президент тапсырмасы неге бұрмаланды?

None
None

ҚР Президенті Қасым-ЖомартТоқаевтың назарына!

Қазақ ғылымының мақтанышына айналған Қазақстан Ғылым академиясы 1946 жылдың 1 шілдесінде ашылған болатын-ды. Ғылым академиясының тұңғыш президенті болып, қазақстандық геология мектебінің негізін салушы, академик, әлемге танымал ғалым  Қаныш Сәтбаев  сайланған соң, ұзақ жылдар бойы Қазақстан ғылымы дамып, бұрынғы Кеңестер одағы тұсында алдыңғы қатарлы ғылым ордасына айналды.

Алайда соңғы жиырма жылда ҰҒА-сы мемлекеттік мәртебесінен айырылып, қоғамдық негіздегі мекеме ретінде күй кешті. Осыдан бастап, еліміздің ғылымы тоқырауға ұшырады. Саладан мән, ғалымнан дәреже, академиядан мәртебе кетті. Мұны байқаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 маусымда академияның 75 жылдық мерейтойына орай өткен жиында ҚР  Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беру туралы мәселені күн тәртібіне қойып, «Академияның мәртебесін көтеру керек деп санаймын. Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз» деген болатын. Алайда бүгінгі күні мемлекет басшысының тапсырмасы «бұрмаланып» кеткені белгілі болып отыр. Осыған орай редакциямызға ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұжымы шағымданып, президентке үндеулерін жеткізді.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ҚР ҰҒА-ға мемлекеттік мәртебе беру жөніндегі сіздің тапсырмаңыздың бұрмалана орындалуына байланысты туындаған төтенше жағдайға орай сізге жүгінуге мәжбүр болып отыр.Келеңсіз жағдай орын алды.  ҚР ҰҒА күтіп отырған дәстүрлі мемлекеттік мәртебенің орнына 100% мемлекет қатысатын КЕАҚ (коммерциялық емес акционерлік қоғам) квазимемлекеттік мәртебесін алды. КЕАҚ  –  бұл квазимемлекеттік ұйым, мемлекеттің жүз пайыздық қатысуы ұйымның сол кезеңде мемлекеттік меншікте екенін ғана білдіреді. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның нысаны Ғылым академиясына тән емес, тікелей айтқанда, оны қорлайтын мәртебе. Сіздің тапсырмаңызды негізге ала отырып, ҚР ҰҒА-ның келісімімен аталмыш мәселе бойынша уақтылы үндеу бергенімен, Білім және ғылым министрлігінің, БҒМ Ғылым комитетінің басшылығы тарапынан Ғылым академиясына қатысты қасақана және заңсыз әрекеттерді тоқтатулар тиісті назарлардан тыс қалды. Біздің үндеулер мүлдем еленбей, «Ғылым туралы» Заңына жедел қабылданған түзетулер арқылы жауапкершіліксіздік танытылды, бұл өз кезегінде наразылық пен қабылдамауды туындатты» дейді ғалымдардың Үндеуінде.

Жасыратыны жоқ елімізде құр атақ үшін ғылыми дәреже алуға ұмтылатындар да көбейді. Бұл тіпті үрдіске айналып кеткені жасырын емес. Соның кесірінен мемлекеттің қыруар қаражаты босқа кетіп жатыр. Осы орайда ғалымның ой дәрежесінің емес, мақтангершіліктің сипатына айналған ғылыми атақтар мен арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар қадағаланып, тағайындау құзыреті де алдағы уақытта Академияға берілетіні  мерейтойлық жиында айтылған еді. Ал мемлекеттік мәртебесі жоқ академияның ертеңгі күні бұл мәселеге бақылау жасауға мүмкіндігі болмасы анық. Үндеуде де ғалымдар: «Әлемде акционерлік қоғам мәртебесі бар Ұлттық ғылым академиялары жоқ. ҚР ҰҒА-ның КЕАҚ акционерлік қоғамның осы мәртебесін қабылдауы еліміздің халықаралық имиджіне орасан зиян келтіреді. Бұл үшін кім жауаптылықты алады?» – дейді. Расында да, президент тапсырмасына бағынбай ҰҒА-сын Акционерлік Қоғамға айналдырғысы келгендердің негізгі ойы қандай? АҚ етіп, кейін жекешелендіріп алу ма? Олай болса, қазақ ғылымының ертеңгі күні не болады?Қазақ ғылымының тағдырын осылай талқыға салу кімге керек болып отыр?

Осы орайда, ҰҒА-сы Үндеулерінде өздерінің нақты ұсыныстарын да айтып отыр.

«Біріншіден, «Ғылым туралы» ҚР Заңына енгізілетін 8-бабы 3-тармағының және басқа да түзетулердің қолданысын тоқтата тұру, оларды ҚР президентінің хаттамалық тапсырмасында көрсетілгендей, қолданысқа енгізу мерзімін 30 тамыздан 30 желтоқсанға, яғни Мемлекет басшысының тапсырмасын нақты орындау мақсатында оларды жоюға уақыт беру үшін ауыстыру қажет.

Екіншіден, осы кезең ішінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы туралы» ҚР жеке заңын әзірлеп, қабылдау қажет. Халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келетін Заң Мемлекет басшысының ҚР ҰҒА-ның рөлін арттыру мақсатында оған мемлекеттік мәртебе беру жөніндегі барлық тапсырмаларын ескереді. ҚР ҰҒА ғылымның дамуы үшін тиісті жауапкершілікті өз мойнына ала алады және ол үшін оның заңды құқықтары мен мүмкіндіктері болуы керек.

Үшіншіден, ҚР ҰҒА-ға қоғам мен ғылыми қоғамдастықтың, жалпы Қазақстан халқының үмітіне лайықты мемлекеттік мәртебе беру бойынша президенттің тапсырмасын орындау ҚР ҰҒА-ға Қазақстан Республикасының президенті тағайындайтын«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» Жоғары ғылыми мемлекеттік мекемесінің нысанын беру болып табылады.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы туралы» Заң қабылданғанға дейін «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі өз Жарғысына сәйкес РҚБ нысанында жұмыс істеуін жалғастырады.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы туралы» Заңды әзірлеу және ҚР ҰҒА мәртебесіне байланысты мәселелерді шешу үшін құрылатын Мемлекеттік комиссияға ҚР ҰҒА Жалпы жиналысында уәкілеттендірілген Төралқа ұсынған академиктер енгізілсін.

Аса құрметті президент, қоғамның барлық үміті тек сізде, сіз Ұлттық ғылым академиясына қатысты басқарушылық заңсыздықты және ҚР ҰҒА бойынша сіздің ресми тапсырмаларыңызды орындаудағы саботажды тоқтатасыз деп үміттенеміз», дейді ғалымдар Үндеуінде.

«Ғылымсыз даму жоқ» екені анық. Ендеше, ғалымдарымыздың жанайқайына неге құлақ түрмейміз? Ғылым саласының мәртебесін көтеруге неге қырын қараймыз? Президент тапсырмасы орындалмайтын болса, айтқан сөзі айтылған жерде қалса, онда сөзінің салмағы қала ма? Сондықтан ғалымдардың Үндеуі шешімін табады деген үміттеміз!

Тегтер: