Президент заңсыз активтерді қайтару бойынша заңға жаңа өзгерістер енгізді
Тоқаев «Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.
Сенат Комитетінің қорытындысына сәйкес, түзетулер заңсыз алынған активтерді қайтару процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, түзетулер Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындауға ықпал етеді. Атап айтқанда:
-
Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтерге қатысты қабылданған шаралар, олардың нәтижелері, қайтарылған активтердің азаматтар мен мемлекет мүддесінде қолданылуы және заңсыз активтердің алынуына ықпал ететін себептерді жою шаралары туралы ақпаратты жария ету міндеті енгізілді;
-
Қаржы қаражаттарын ұлттық экономикаға инвестициялау, әлеуметтік-мәдени нысандар салу немесе елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына басқа да үлестерді қарастыратын келісімдердің мазмұны реттелді;
-
Басқа да келісімдерді жасау тәртібі белгіленіп, мемлекетке ерікті түрде қайтарылған активтер заңсыз деп танылмайтыны заңда көрсетілді.
Бұрын хабарланғандай, қайтарылған активтер Қазақстанның өңірлерінде 465 жобаны жүзеге асыруға бағытталмақ.
Заң мәтіні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.