Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 21 Тамыз 2024

Президентке ғана бағынатын Досаевтың 274 көшесі

Досаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Алматыға келгелі «жол салғыш әкім» атанған Ерболат Досаев биыл жалпы ұзындығы 250 шақырым болатын 274 көшеде орташа жөндеу жүргізіп жатыр.

 Ол қол астындағыларға магистральді көшелерді 25 тамызға дейін, шағын жолдарды қазанның аяғына дейін жөндеп болуды тапсырыпты. Әкімнің есебінше, биыл қаладағы жағдайы жақсы жолдардың үлесі 92 пайызға жетеді.

Әрине, бәрі Досаев ойлағандай дөңгеленіп орнына түсе қалса жақсы ғой. Бірақ олай болуы мүмкін емес. Жоспарсыз жұмыстың жыры көп болады. Былтыр Алматының жоғарғы бөлігіндегі ең үлкен екі көше – әл-Фараби мен Абай даңғылын бірдей жауып, қаланы кептеліске көмген Досаев биыл да сынға қалып отыр. Қалалық мобильділік басқармасы қазір барлық ауданда жұмыс жүріп жатқанын хабарлады. Яғни жол жөндеушілер 274 көшені бір уақытта қопарып жатыр деген сөз. Халық Досаевтың жазда, туристік маусым қызған кезде барлық жолды күреп тастап, оқу маусымы басталып, қалаға оқушылар мен студенттер қайта жиналғанда бастаған жұмысының аяғын жинастыра алмай, қара терге түсетініне наразы. Егер әкімдік ерте қамданып, барлық көшені бір жолда жаппай, жұмысты кезең-кезеңімен жүргізсе, кептеліс те, кемшілік те аз болар еді. Қала әкімдігі биылғы жол жөндеу жұмысы жоспардағы кезеңнен кеш басталғанын мойындайды. Өйткені мердігер таңдау ұзаққа созылып кетіпті. Олар соған қарамастан жұмысты құрылыс маусымы біткенше аяқтаймыз деп уәде беріп отыр.

Біріншіден, бұл уәде орындалмайды. Былтыр да 31 тамызға дейін аяқтаймыз деген жолдар қара күзге дейін қазылып жатқанын ұмытқан жоқпыз. Биыл әкімдік Құлжа тас жолының Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейінгі бөлігін кеңейтуді шешті. Маусым айының басында басталған жұмыс 3 кезеңге бөлініп, 3 айда аяқталуы керек еді. Міне, 20 тамыз болды, аталған жолдың 1/3 бөлігі ғана толық бітті. Ортасы мен солтүстік бөлігінде әлі жұмыс жүріп жатыр. Жол 25 тамызға дейін дайын болмайтыны анық. Бұл жолды «АлматыДорСтрой» ЖШС деп аталатын жылда майшелпектен құр қалмайтын алпауыт компания жөндеп жатыр. Ол жайлы сәл кейін сөз етеміз.

Екіншіден, асығыс істелген істің сапасыз болатыны тағы бар. Мысалы, былтыр Абай даңғылына америкалық Titan қоспасы қосылған полимерлі асфальтбетон төселді. Сол кезде әкімдік полимерлі асфальт өте берік, ол әдеттегі асфальт сияқты 5 жыл емес, 7-8 жылға шыдайды деп мақтанған. Бірақ арада бір жыл өтпей жатып, Абай даңғылының автобус жүретін бөлігі ойыс болып қалған, тереңдігі – шамамен 5 см. Абай даңғылын 2023 жылы «СУ Гордорстрой №2» ЖШС жөндеді. Сол үшін қала бюджетінен 1,8 миллиард теңге алған. Кепілдік мерзімі 3 жыл. Демек, Абайдың бойындағы «отырған» жолды мердігер өз қаржысына жөндейді. Әкімдік те осыны айтып ақталып отыр. Бірақ олар «кепілдік мерзімі аяқталған соң жолды кім жөндейді» деген сұраққа бас қатырмайтын сияқты. Иә, олар бұған бас қатырып қайтсін, 3 жылдан кейін жолға жауапты ұсақ шенділер түгіл Досаевтың өзі қазіргі орнында қалмайтын шығар.

Осы кемшілікке қарамастан әкімдік биыл 20 магистральді көшеге былтырғыдай полимерлі асфальтбетон төсейтінін айтты. Оны аз десеңіз, әдеттегі асфальттан 8 есе сапалы болатын материалды дұрыс пайдалана алмаған «СУ Гордорстрой №2» ЖШС да ештеңе болмағандай әкімдіктен тағы «тендер» алып отыр. Яғни қала билігі былтырғы қателігінен сабақ алған жоқ.

Жол
Фото: Алексей Старков

Биыл жыл басында аудиторлар Алматы қалалық мобильділік басқармасының 2022 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі жұмысына тексеріс жүргізіп, 18 келісімшарт бойынша заң бұзу әрекетін анықтаған. Соған сай мердігерлер бюджетке 403,5 миллион теңге қайтаруға міндеттелді. Тексеріс барысында кей нысанның құрылыс мерзімі кешіктіріліп, жобаның қымбаттауына және бюджеттің жоспардан көп шығынға ұшырауына себеп болғаны белгілі болды. Мұндай тиімсіз жұмсалған қаржы миллиард теңгеден асады. Мемлекетке ақша қайтаратын компаниялар тізімінде жоғарыда біз атаған екі компания да бар.

Антикор Алматы жолдарының сапасына сенбейді

16 тамызда Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимов мегаполистің жол құрылысы саласында сыбайлас жемқорлық қаупі бар екенін хабарлады. Оның айтуынша, 2020-2024 жылдары қала жолдарын жөндеуге 242,4 миллиард теңге бөлінген. Соған қарамастан жол инфрақұрылымы азаматтар мен БАҚ тарапынан жиі сынға ұшырап отыр.

«Бөлінген қаржының көлеміне қарамастан, осы салада кемшіліктер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Олар – тиімсіз жоспарлау, іске аспаған жобалық-сметалық құжат; мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың мерзімін ұзарту кезіндегі заң бұзу; бір көшеде жөндеу жұмыстарын екі рет орындау фактісі; қосалқы мердігерде жол құрылысы саласында тиісті материалдық-техникалық құрал-жабдық пен тәжірибенің болмауы», – деп жазды Рахимов.

Демек, Досаев жөндеген жолдан биыл да кемшілік табылады деген сөз. Жемқорлық белгісі бар екенін біз емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысының өзі айтып отыр.

Мұндай сынды қарапайым халық та айтады. Біздің билік жолға алдымен асфальт төсеп, кейін сол көшені қайта күреп, жылу және су желісін жөндейтін «әпенделігінен» ешқашан ұялған емес. Жұмысты дер кезінде бітірмей, уақытты созып, бөлінетін қаржыны көбейтетін «қулықты» да, ешбір техникасы жоқ, қағаз жүзінде ғана аты бар компанияның мердігер атанып жүргенін де екінің бірі біледі. Тіпті тақтайдай тегіс жолды қырып, жаңа асфальт төсеу де, сап-сау бордюрды сындырып, жаңасын орнату да – әкімдердің ежелден келе жатқан әдеті.

«Қалаға келіп-кетіп жұмыс істеймін. Жылда оқу маусымы аяқталып, оқушылар мен студенттер демалысқа кеткенде қалаға кіреберіс кеңіп қалатын. Биыл бәрі керісінше болып тұр. Алматыға кіретін жолдың бәрінде ремонт жүріп жатыр, күнде де, түнде де – бітпейтін кептеліс. Қаладан 10-15 км қашықтықта орналасқан Панфилов ауылында тұрамын, бірақ кептелістің кесірінен үйден 2 сағат ерте шығып жүрмін. Алматыға шығыс жақтан кіретін Құлжа жолы мен Талғар трассасына қатар ремонт жасауды ойлап тапқан адамға таңғалып отырмын», – дейді алматылық тұрғын Бақытгүл.

Алматы жолдарын кімдер жөндеп жатыр?

Қала жолдарын жөндеу халық үшін сағаттап кептелісте тұрып, күнге күю болса, біреулер үшін миллиардтап ақша табудың көзі саналады. 2023 жылы Алматы көшелерін ірілі-ұсақты 6 құрылыс компаниясы жөндеді. Олардың жұмысынан кемшілік табылғанын айттық. Соған қарамастан биыл да осы компаниялар жол жөндеп жатыр. Миллиардтап «тендер» ұтқан бірнеше компанияға арнайы тоқтала кетейік.

«АлматыДорСтрой» ЖШС

Былтыр 2,6 млрд теңгеге әл-Фараби даңғылын жөндеген компания. Одан бөлек, Бостандық ауданында бірнеше көшені жөндеп, 1,2 млрд теңге алды. Компания 2022 жылы 45,7 млрд теңгеге мемлекеттік келісімшартқа қол жеткізген.

Ал биыл Брусиловский көшесін Абай даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі аралықты және Бостандық ауданындағы бірқатар жолды жөндеуге тапсырыс алған. Сондай-ақ жоғарыда біз жазған Құлжа тас жолының Рысқұловтан Бұқтырмаға дейінгі бөлігін кеңейтіп жатыр. Небәрі 2 333 метр жолды жөндеуге 3 ай мерзім алып, соның сөзін дер кезінде бітіре алмай жатқанына қарамастан «АлматыДорСтрой» әкімдіктен жыл сайын «тендер» алады.

Бұл компанияның құрылтайшысы – Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Бронислав Шин мен оның қызы Светлана Шин. Үлкен Шин Алматы корей ұлттық орталығының негізін қалаушылардың бірі, сондай-ақ ол белгілі бизнесмендер Сергей Кан және Юрий Цхай және бұрынғы мәжіліс депутаты Роман Киммен бірге Қазақстан корейлері қауымдастығы кеңесінің мүшесі.

«СУ Гордорстрой №2» ЖШС

Бұл компания 2023 жылы 1,8 млрд теңгеге Абай даңғылын және 1,3 млрд теңгеге Алатау мен Әуезов ауданындағы бірқатар көшені жөндеді. 2022 жылы 14 млрд теңгенің мемлекеттік тапсырысын орындаған. Ал биыл Құлжа тас жолының Рысқұловтан Халиулин көшесіне дейінгі жолды жөндеуге алған. Ең қызығы, небәрі 512 метр жолды қараша айына дейін жөндейміз деп отыр. Өзіне мұнша сенімсіз компанияға жыл сайын мемлекеттік келісімшарт не үшін берілетіні түсініксіз.

«Гордорстрой №2» компаниясының құрылтайшылары – Башланов Роман, Исаакиди Юрий және Шевчук Сергей.

BCS Construction ЖШС

Бұл компания 2021 жылы ғана «тендерге» қатыса бастаған, соған қарамастан 2022 жылы 29,5 млрд теңгенің мемлекеттік келісімшартын орындады. Былтыр 1,2 млрд теңгеге Сейфуллин даңғылындағы Рысқұловтан Алматы-1 вокзалына дейінгі бөлігін, 2,6 млрд теңгеге Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарындағы бірнеше көшені жөндеді.

Пётр Прокошин басшылық ететін бұл компания биыл біршама ауқымды жұмыс алды. Бостандық және Түрксіб ауданындағы Кассина (2 600 метр), Кожедуб, Руставели, Шемякин/Кожедуб, Даналық, Айша бибі, Майлин, Бұқтырма, Хмельницкий қатарлы көшелерді жөндеп жатыр.

Asmar Stroy ЖШС

Компанияға ағайынды Насимовтар – Эльдар мен Мамед иелік етеді. Былтыр Алмалы және Алатау аудандарында 2,23 млрд теңгеге жол жөндеген. Ал 2022 жылы 6,7 млрд теңгенің мемлекеттік келісімшартын орындады. Биыл компания Алмалы ауданындағы Масанчи көшесінде жұмыс істеп жатыр. Жолға жоғарыда біз сөз еткен полимерлі асфальтбетон төсейді.

Жол салу табысты бизнес пе?

Алматы қаласында жалпы 3 097 шақырым жол бар. Былтыр ұзындығы 200 шақырым болатын 175 көше орташа жөндеуден өтті. Әкімдік сол үшін 16 млрд теңге қаржы жұмсады. Ал 2020-2024 жылдары жол жөндеуге 242,4 млрд теңге бөлінгенін жоғарыда жаздық.

Әкімдіктің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, 2024 жылы автожолдарды орташа жөндеуге 30,5 млрд теңге жұмсалады. Бұл сома 2025 жылы – 47,3 млрд, 2026 жылы – 49,4 млрд теңгеге жетеді. Демек, алдағы 2 жылда жөнделетін көше биылғыдан да көп болады деген сөз.

Осынша мол қаржы бөлінсе де біздегі жолдардың сапасы сын көтермейді. Мамандар мұның басты себебі – ашық бақылаудың жоқтығында дейді. Яғни мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасау мен жол сапасын тексеріп өткізіп алу барысы ашық емес. Жауапты шенді мен мердігер қалай келіскенін, қалай жұмыс істегенін тексеріп анықтау өте қиын.

Мысалы, жолға битум төселеді. Оның бағасы тығыздығы мен тұтқырлығына қарай әртүрлі болады. Жобада қымбат битум жазылып, іс-жүзінде басқасы төселуі мүмкін. Оны білу үшін жұмыс жүріп жатқанда техникалық қадағалау жасалуы қажет. Ал жол дайын болған соң онда қандай битум төселгенін дәлелдеу мүмкін емес.

Ал техникалық қадағалау қалай жүреді дейсіз ғой, ол тіпті абсурд. Техникалық қадағалау жұмысының ақысын мердігер төлейді. Басқаша айтқанда, жол жөндеп жатқан адам өзін бақылайтын адамға жалақы төлейді. Ендеше, қадағалаушы өзіне жұмыс беріп отырған адамға жолдың сапасыз екенін қалай айтады? Яғни жобалаудан бастап қабылдауға дейін бүкіл жүйені өзгертпей, жол сапасын бақылау қиын.

Рашид Жақсылықов
Фото: inbusiness.kz

«Халық қалада жол көп жөнделеді деп шағым айтады. Шындап келгенде көп жерде жол емес, жолдың астындағы коммуникациялық желілер жөнделіп жатыр. Бұл керек процесс. Мұндағы әкімдіктің қателігі – халықты ертерек хабардар етпейді. Жыл басында жоспарын жасап, дер кезінде түсіндіріп отырса, көпшілік мұнша наразы болмас еді.

Ал құрылыста бармақ басты, көз қыстылық болса, оны заңды жолмен дәлелдеу қажет. Бірақ біздің елде мұндай заңсыз әрекеттер жолда ғана емес, барлық салада болып жатыр. Мұның себебі неде? Өйткені біздің мемлекет әлі толықтай нарықтық экономикаға көшкен жоқ. Бар мәселе осында. Бізде жоспарлы экономика салтанат құрып тұр, кез келген жерде биліктің ықпалы бар. Мемлекеттік тапсырыстың бәрін билік береді. Ол жеке кәсіпорын емес. Ал биліктегі адамдар кәсіпкер болмағандықтан, қолындағы құқығын пайдаланып, табыс тапқысы келеді. Демек, қазіргі тапсырыс беру жүйесі жемқорлыққа бейім.

Сондықтан «Самұрық-қазынадан» тартып бәрін тарату қажет, елде ұлттық компания деген болмау қажет. Толықтай нарықтық экономикаға бейімделген жеке кәсіпорындар болу керек, бәсекелестікті күшейту үшін шетелдік компанияларға да мүмкіндік берген жөн. Сонда ғана жоғарыда «көкесі» барлар арқасын кеңге салып отыра алмайды. Қазір жоғарыда танысы барлар компанияны дамытуға күш салмайды, «тендерді» алып беретін адамына ғана сенеді. Сіз екеуміз осы жүйенің құлы болып жүрген ең төменгі сатыдағы адамдар жайлы айтып отырмыз. Егер жүйені жоғарыдан бастап өзгертіп, жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық экономикаға өтпесек, 50 жылдан кейін де осы әңгімені айтып отыра береміз», – дейді экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықов.

Былтыр Досаев мегаполистің ең ірі көшелерін жөндеуге жауып, жұрттың наразылығына ұшырады. Тұрғындар Досаевты қала тарихындағы ең нашар әкім деп атап, оның отставкаға кетуін талап етіп, петиция жариялады. Оған 60 мыңға жуық адам қол қойды. Бірақ Досаев «менің жұмысымды президент бағалайды» деп, петицияға мән бермейтінін айтқан.

Президентке ғана бағынамын деп тулаған Досаевқа кейін мемлекет басшысы ескерту жасаған. Бірақ сонда да көптің сынын елемей, жоспарсыз жол жөндеуді жалғастырып жатыр. Тіпті бұрынғы жұмысынан кемшілік табылған компанияларды да астаудан қақпай, миллиардтаған тендер беріп отыр. Соған қарағанда оның жұмысына халық емес, мердігерлер жауап беретін сияқты.

Қуаныш Қаппас