Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:10, 19 Сәуір 2023

Президенттік жастар кадр резерві жобасы жемісін берді ма?

None
None

«Жас Алаш» газетінің 16 ақпан күнгі санындағы Кемел Жанның мақаласында тілшіге сұхбат берген президент жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев жемісін берген жоба депті.

Ол қоғамның жаңаруымен бірге, мемлекет те, мемлекетке қызмет ететін кадрлар да жаңаруы керек деген. Ендеше, сол мемлекетке қызмет ететін кадрлардың мемлекеттік тілді білмейтін кадрлары неге жаңармайды? Еліміздегі қазақ тілінің өркендеуіне, дамуына, мәртебесінің өсуіне басты кедергінің бірі – осы жастар кадр резерві бағдарламасы. Онда қазақ халқы үшін аса маңызды, аса өткір мәселенің бірі – мемлекеттік тіл туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Неге күні ертең жоғары лауазымдарға ие болатын жас кадрларға мемлекеттік тілді білу міндеттелмейді?

Қазірдің өзінде кадр резервінде іріктеуден өткен 350 адам дайын тұр екен. Соның 74 пайызы, яғни 258 адам әртүрлі лауазымды қызметтерге бекітіліп қойған. Сол 350 адамның қанша пайызы мемлекеттік тілді біледі? Бұған жауап жоқ. Өйткені кадр резерві бағдарламасында ондай талап жоқ.

          Біз ғой, балаларын орыс мектептеріне берген ата-аналарды кінәлап, ренжіп жатамыз. Сол ата-аналар балаларының жоғары лауазымды қызметке де, «төменгі» лауазымды қызметке де тек орыс тілін жетік білсе ғана жететінін білмей отыр ма? Біліп отыр. Орыс тілін жетік білмесе, «ештеңеге» жарамайтынын да біліп отыр. Неге жарамайды? Өйткені «пәленің» бәрі осы кадр резерві бағдарламасында жатыр. Біз отыз жылдан астам бойы қазақ тілі мәселесін шеше алмай келе жатырмыз. Бұл туралы ғалымдар да, жазушылар да, саясаткерлер де, журналистер де, тіл мамандары да қаншама мәселе көтерді, қаншама ой, ұсыныс-пікірлер айтылды. Бірақ қазақ тілі алға жылжыр емес. Себебі қазақ тілін білсең де, білмесең де ол ешқандай рөл атқармайды. Өйткені мемлекеттік саясат солай. Орыс тілін білсең болды, бәріне жол ашық. Яғни бұл алдағы уақытта да орыс мектептеріне баратын қазақ балалары да, биліктегі өз тілін менсінбейтін, ұлттық мүдде дегенді құлаққа қыстырмайтын, қазақ басылымдарын оқымайтын, оқыса көзі бұлдырайтын, қазақ әндерін естімейтін, естісе, құлағы шуылдап, басы айналатын орыстілді шалақазақтар да көбейе береді деген сөз. Сонда бұл жоба несімен құнды болып, несімен жемісін беріп отыр? Бұл жобаға ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтын болсақ, солай қарауымыз керек, бұл қазақтың емес, орыстілділердің рухын көтеріп тұрған жоба. Енді бұл жоба аймақтарда да жүзеге аса бастайды екен. Бұл қанша білімді болсаң да, орыс тілін жетік білмейтіндердің мемлекеттік қызметтерге де, өнеркәсіп кәсіпорындарына да, басқа да салаларға қызметке орналасуы қиындай береді деген сөз.

          «Мемлекеттік тіл, мемлекеттік тіл» деп «айқайлай» бергеннен ештеңе өзгермейді. Оны өзгерту үшін мемлекеттік тілге «жан» бітіру керек. Президенттік жастар кадры резерві жобасы да бұл тілге «жан» бітіретін жоба болуы керек. Ол үшін «бұл жобаға қатысатындар мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі керек» деген бір сөйлемді қосып, соны міндетті түрде талап етсе болды, жетіп жатыр. Ол мемлекеттік тіл туралы «баяғыдан» айтылып келе жатқан миллиондаған сөзден артық болар еді.

Тегтер: