Прокуратура ҚазҰПУ-дың экс-ректорының отбасы университет ғимараттарын жалға беріп табыс тапқанын мәлімдеді
Алматы қаласының прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (ҚазҰПУ) ғимаратының бір бөлігін мемлекет меншігіне қайтарды.
Тексеру барысында бұл нысандар ұзақ жылдар бойы университеттің бұрынғы ректорының аффилирленген тұлғаларына беріліп, кейін сол университеттің өзіне жалға тапсырылғаны анықталған.
31 қаңтарда прокуратура ҚазҰПУ ғимаратының 208 шаршы метрден астам бөлігінің заңсыз жекешелендірілгенін анықтағаны белгілі болды. Сот мәмілелерді жарамсыз деп танып, уәкілетті орган қайтарылған активке бағалау жүргізе бастаған.
Бұл істі Медеу аудандық прокуратурасы мәлімдеді.
Университет өз спорт корпусын өзі жалдап отырған
Прокуратура тексерісінде мемлекет пен университет мүддесіне қайшы түрде үшінші тұлғаларға заңсыз өткізілген бірнеше нысан анықталған.
Солардың бірі — №4 оқу-спорт корпусы (Қазыбек би көшесі, 30), жалпы аумағы шамамен 1400 шаршы метр.
Прокуратура дерегінше, 2003 жылғы 27 қарашада университет ректоры болған Тоқмұхамед Садықов (1987–2008 жж.) аффилирленген «Фирма Зураб» ЖШС-мен (қазіргі ST Advisory) заңсыз сатып алу-сату шартын жасаған. Ғимарат 5 070 250 теңгеге — айтарлықтай төмен бағамен сатылған.
Прокуратура мәліметінше, 2026 жылғы бағалау бойынша бұл нысанның құны 135 млн теңгені құрайды.
Прокуратураның хабарлауынша, мемлекеттік мүлікті сату туралы шешімді уәкілетті орган емес, ректор өз бетінше, бағалаусыз әрі конкурс өткізбей қабылдаған.
Ғимарат жекенің қолында болған кезеңде ол дене шынықтыру сабақтарын өткізу үшін университеттің өзіне жалға берілген. Иеленуші компания білім беру саласына қатысы жоқ, нысанды тек коммерциялық мақсатта пайдаланған.
Шартқа сәйкес, университет алғашқы 30 айда айына 1 млн теңгеден, кейін айына 2 млн теңгеден төлеген. Нәтижесінде оқу орны өз ғимараты үшін жекеменшікке шамамен 78 918 837 теңге жалдау ақысы төлеген.
Тек 2024 жылдың сәуірінде мәміле жарамсыз деп танылып, спорт корпусы ұлттық университеттің меншігіне қайтарылған.
Жатақхана маңындағы павильон «ректордың туыстарына сыйланған»
Прокуратура сондай-ақ Қонаев көшесіндегі 208,8 шаршы метрлік павильонды мемлекетке қайтарды. Ведомство дерегінше, бұл нысан 1995 жылы экс-ректорға аффилирленген тұлғаларға төмен бағамен сатылған. Қазіргі бағалау құны — 140 млн теңге.
Прокуратура мәліметінше, кейінгі сатып алу-сату мәмілелері формалды сипатта болып, мүлік бірнеше рет экс-ректордың отбасы мүшелерімен байланысты тұлғалар арасында қайта рәсімделіп, соңында жақын туыстарына сыйға берілген. Осылайша нысан іс жүзінде мемлекеттік меншіктен шығарылған.
Қазіргі таңда жатақхана маңындағы бұл павильонда алкоголь өнімдерін сататын тәулік бойғы мекеме жұмыс істейді.
Соттар жекешелендіру, жер және азаматтық заңнамалардың бұзылғанын анықтап, мәмілелерді жарамсыз деп таныды.