Прокуратура жалған ақпарат таратпауды ескертті

Соңғы уақытта онлайн-платформаларда жалған ақпарат тарату деректері тіркелген. Осыған байланысты «Orda» ақпараттық-талдау арнасының бас редакторы Г.А. Бажкеноваға қала прокуратурасы Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңының талаптарын ауызша және жазбаша түрде түсіндірді.
Прокуратура өкілдері заң бұзушылыққа жол берілмейтінін атап өтті. Қасақана жалған ақпарат таратқан жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатыны қатаң ескертілді.
Сонымен қатар азаматты сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп қасақана жалған айыптау фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 419-бабы 3-бөліміне сәйкес сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік бар екені түсіндірілді.
Қала прокуратурасы азаматтарды және бұқаралық ақпарат құралдарын заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Ресми орган қоғамдық ортада, оның ішінде медиа кеңістікте шындыққа сәйкес келмейтін, жалған мәліметтерді таратпауға ерекше назар аударылатынын қатаң ескертті.