Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:55

Прокурор блогер Миршат Сәрсенбаевқа 10 жыл сұрады

Миршат Сәрсенбаев
Фото: ашық дереккөз

Қостанайда «бопсалау» бабы бойынша айыпталған блогер Миршат Сәрсенбаевқа қатысты сот процесі шешуші кезеңге жақындады. Мемлекеттік айыптаушы оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Бұл туралы алғаш құқық қорғаушылар хабарлап, кейін блогердің адвокаты Снежанна Жукова ақпаратты "Азаттыққа" растаған. Оның айтуынша, алдағы сот отырысында қорғау тарапы өз уәждерін ұсынбақ.

Адвокаттың сөзінше, іс материалдарында блогердің кінәсін дәлелдейтін нақты әрі салмақты айғақтар жоқ. Қорғау жағы істің қолдан құрастырылғанын алға тартып, сотта осыны дәлелдеуге ниетті.

20 миллион теңге дауы

Тергеу нұсқасы бойынша, Миршат Сәрсенбаев облыстық мәслихат депутаты Қайрат Маишев басқаратын «Poultry-Agro» құс фабрикасынан 20 миллион теңге бопсалаған.

Алайда блогер бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Сәрсенбаев бұған дейін өз өңіріндегі мәселелерді көтеріп, Қарабалықтағы құс фабрикасының қалдықтары мен жартылай тірі құстарды далаға тастау фактілері туралы бейнематериалдар жариялаған. Айыптау тарабы мұны “қасақана қысым жасау” әрекеті ретінде бағалап отыр.

Видеодан кейінгі тексеріс

Блогер жариялаған материалдардан соң құс фабрикасына тексеріс жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталған. Кәсіпорын үш рет айыппұл төлеген.

Сотта кәсіпорын иесі Қайрат Маишев заңбұзушылықтар үшін айыппұл төленгенін растағанымен, таралған ақпарат бизнеске елеулі шығын келтіргенін мәлімдеді. Алайда бұл шығындар құжат жүзінде дәлелденбеген.

15 миллион теңге табылған пакет

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 20 ақпанда блогердің ауласынан 15 миллион теңге салынған пакет табылған. Тергеу бұл қаражатты бопсалау фактісімен байланыстырады.

Айыптауда ақша құс фабрикасының заңгері Игорь Шишов арқылы берілгені айтылады. Сот барысында Шишов пен Сәрсенбаев арасындағы аудиожазба да тыңдалған.

Құқық қорғаушылар бұл істе саяси астар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.