Прокурор Хасан Қасымбаевқа 15 жыл түрме жазасын сұрады
2025 жылғы 28 қазанда Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша тараптардың жарыссөзі басталды.
Қасымбаевқа үш бап бойынша – адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, және қорқытып ақша алу бойынша айып тағылған.
Онымен бірге тағы бес адам айыпталып отыр. Істе екі жәбірленуші бар: еркін күрес шебері әрі жаттықтырушы Арман Алимов және кәсіпкер Арипжан Тажиев.
Хасан Қасымбаев 2024 жылғы 2 қарашада ұсталған.
Сотта прокурор Ерлан Құланбаев оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Адвокат Гүлмира Бабажанова сотта Қасымбаевтың кінәсі дәлелденбегенін айтып, толық ақтау үкімін шығаруды сұрады.
«Айыптаулар тек жәбірленушілердің қарама-қайшы айғақтарына негізделген. Екі эпизод бойынша Қасымбаевтың кінәсін растайтын нақты дәлел жоқ», – деді адвокат.
Оның айтуынша, тергеу Қасымбаевтың есімін Шерзат Полаттың өліміне байланысты іспен негізсіз байланыстырған, алайда ол болжам расталмаған.
Айыптау актісіне сәйкес, 2021 жылдың жазында Талғар қаласында Алимовқа шабуыл жасалған.
Себебі – оның «Қасымбаев мен үшін авторитет емес» деген сөзі. Осыдан кейін Қасымбаев серіктерін шақырып, Алимовты ұрып-соққан делінеді.
Бетперде киген топ мүшелері Алимовты дүкен маңында ұрып, есінен тандырған күйі Audi көлігіне тиеп, Кеңдала ауылының сыртындағы алқапқа апарған. Қасымбаев сол жерге кейінірек келгені және жәбірленушінің ауыр жарақат алғанына көз жеткізгені айтылады.
Бұл іс бойынша басқа айыпталушылардың кінәсі бұрынғы сот үкімімен дәлелденген.
Екінші эпизод бойынша, Қасымбаев пен оның серігі Талғар ауданындағы дәріхана иесі Арипжан Тажиевтен бір миллион теңге талап еткен. Айыптауға сәйкес, олар Тажиевті ұрып, кейін «Тау Самалы» кафесінің VIP бөлмесіне апарып, тағы да ұрған. Кәсіпкер есін жиған соң ағасына хабарласып, оны қауіпсіз жерге апарған.
Айта кетейік, Қасымбаевтың есімі Талғарда 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін белгілі болды.
Содан кейін жұртшылық Қасымбаев жетекшілік етеді деген «Хутор» деген қылмыстық топ туралы айта бастады. Х. Қасымбаев туралы Jas Alash youtube арнаcына сұхбат берген Шерзаттың әкесі де айтты. Алайда полиция мұндай топтың бар екенін ресми түрде жоққа шығарды.
Осыған қарамастан, оның үстінен тергеу басталды.