Прокурор Жақсылық Омарға алты жыл жаза сұрады
Бүгін Өскеменде бұрынғы қала әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты соттың екінші отырысы өтті.
Ол алаяқтық және пара алу күдігі бойынша айыпталып жатыр. Прокурор соттан жаза тағайындау кезінде жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескеруді сұрады. Жеңілдететін себептер қатарында Жақсылық Омардың бұрын сотталмағаны және жеті баланы тәрбиелеп отырғаны аталды. Ал ауырлататын мән-жай ретінде мемлекеттік қызметші антын бұзуы көрсетілді.
Прокурор оның 6 жылға бас бостандығынан айрылып, мемлекеттік қызмет пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айыруды сұрады.
Айыпталушының кейбір жәбірленушілері оны бас бостандығынан айырмауды өтінген.
Айта кетейік, 13 ақпанда әлеуметтік желілерде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде облыс әкімдігі бұл туралы нақты мәлімет жоқ екенін мәлімдеген. Сонымен қатар әкімдік «әкім орынбасары денсаулығына байланысты уақытша демалыс алған» деп хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚҰЛАҒАН КӨПІР, ЛАСТАНҒАН ҚАЛА ЖӘНЕ «БЛОГЕР ӘКІМ»
Жақсылық Омардың не үшін ұсталғаны әзірге белгісіз. Алайда былтыр 1 қыркүйекте Өскемендегі Шнайдер көпірі құлады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұл жағдай қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды, өйткені көпір 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Жөндеуге бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Көп өтпей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитовның қамауға алынды.
Шнайдер көпірінің апаты бола сала БАҚ беттерінде бұрынғы қала әкімі, қазіргі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың 2 жыл бұрын көпірді жөндеу жұмыстары кезінде алдында тұрып сөйлеген сөзі шыға бастады. Видеода ол көпір жұмыстары қашан аяқталатынын алға тартып, барлығы өзінің бақылауында екенін көрсетеді. Алайда Ж.Омар жарнамалаған көпір көп өтпей құлап, ол тағы да жұрттың сынына қалды.