«Провакация деп есептейміз». Шымкенттегі сайлаудан шу шықты
Шымкент қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев әлеуметтік желіде таралып жатқан видеоға қатысты арнайы мәлімдеме жасады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Шымкентте әлі өтпеген сайлаудың хаттамасы жарияланған болатын. Онда Мәжіліске түсіп жатқан сайлау округінен қай кандидаттың қанша дауыс алғаны жазылған-деп хабарлайды Жас Алаш.
Құжатта комиссия мүшелерінің аты-жөндері көрсетілгенімен, олардың қолдары қойылмаған, мөр басылмаған.
Роликте бейтаныс ер кісі мен әйел арасындағы әңгіменің аудио жазбасы беріледі.
(Аталмыш роликті мына жерден көруге болады)
Онда әйел хаттаманың алдын ала түзіліп қойылғанының дұрыс еместігін, мұндай жағдайдың бұрын болмағанын, мойнына жауапкершілік алғысы келметінін айтып жатады.
- Әлеуметтік желілерде таралып жатқан сайлау учаскелерінің қорытынды хаттамалары бойынша видеороликтердің шындыққа жанаспайтынын хабарлаймын. Видеороликте көрсетілген құжаттар мыжылған және оларға ешқандай қолтаңба мен мөр қойылмаған. Роликте көрсетілген мәліметтерді провокация деп есептейміз. Сонымен қатар, сайлау участкесінде тиісті хаттамаға қойылатын мөрлер мен бюллетендер әр сайлау участкесінде тиісті сейфте сайлау басталғанға дейін сақталады. Хаттамалар тек сайлау қорытындыларына сәйкес толтырылады және нәтижесі жарияланады. Аталған мәселе тиісті құзырлы органдарымен тексеріліп, құқықтық баға берілетін болады,-делінген Шымкент қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаевтың мәлімдемесінде.
(Мәлімдеменің видеосын осы жерден көруге болады)
Бұл жағдай Мәжіліске түсіп жатқан кандидаттарды да алаңдатып тастады. Олардың кейбірі әлеуметтік желідегі парақшаларында Президентке үндеу арнап, одан сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз етуді сұрануда.