Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:58, 03 Ақпан 2024

Психолог: “Ажырасамыз деген шешім 1 күнде қабылданбайды”

отбасы
Фото: из открытых источников

Отбасы- қоғамның бірлігі. Демек сау қоғамның негізі де саламатты отбасында қаланбақ. Ендеше сол отбасы құндылықтарының бұзылмай сақталуы әр елдің, әр ұлттың негізгі мақсат-мұраты болуы керек.

Ал жанұядағы әрбір келеңсіз оқиға жалпы көріністе осыбір ең маңызды әлеуметтік институттың шырқының бұзылып, іргесінің сөгілуіне алып келеді. Осы тұста біз отбасылық психолог Ұлбосын Зинахановамен жанұя жылуы, отбасылық құндылықтар жайлы әңгімелескен едік.

Отбасы бақытының сыры неде?

—Отбасы деген сөздің мәніне қарасақ қарасақ та от басында жиналған ет жақын бауыр адамдардан құралған қоғам мүшелерін деген түсінікке келеміз. Яғни әрбір отбасы мүшелерінін бақытты болуы отбасы бақытын қалыптастырады. Психологиялық тұрғыдан алып қарасақ, бақытты отбасынын мүшелері өз ойларын ашық айта алатын, сезімдерімен еркін бөлісетін адамдар. Ал бұл бақытқа жету үшін, ең бірінші, кез келген отбасы мүшелері өзін - қауіпсіз және сенімді сезіне алуы керек.

—Елімізде ажырасу мен отбасылық зорлық-зомбылық көп. Не дегенмен де статистикаларға үңіліп, мәселені түртіп айтқанмен де мәселенің негізгі себебін дөп басып айту қиынға соғып жатады. Сіз маман ретінде осы мәселенің астарына жиі үңілетін боларсыз? Жалпы бұған не себеп? Шешім қандай?

⁠—Ия толықтай келісемін. Қазіргі таңда ажырасуға шешім қабылдап келетін жастар да егде жастағы жұптар да көп. Отбасын бұзуға келген көпшілік отбасылылардын себептері: Зорлық зомбылық, қаржы, бала мәселесі, ата-ене, құмар ойын, т.б. Маман ретінде айтарым, жалпы ресми тұрғыда ажырасу туралы шешім 1 күнде қабылданбайды. Бұл жылдар бойы қарым- қатынастың нашарлауының себебі. Екі жұп бір–бірімен байланысы, ортақ қызығушылықтары жоқ, айтарға әңгімесі таусылғанда осындай шешімге келеді. Бірақ өзімен жұмыс жасап қарым–қатынасты қайта қолға алып, отбасылық құндылықтарды жаңғырту арқылы отбасының жылуын сақтап қалып жатқан жұптар да жетерлік. Ажырасудың алдын алу үшін әр бір отбасынын мүшесі қазірден бастап өзімен жұмыс жасаулары қажет. Өз сезімдерін түсініп, қалауы мен қажеттілігін ашық айта алатын саналы тұлға кез келген отбасылық кикілжіңнің алдын алып, оң нәтиже шығара алады.

—Отбасы құндылықтары отбасындағы қарым-қатынасты қалыптастыруда қандай рөл ойнайды?

—Отбасылық құндылық – әр отбасындағы бұзылмайтын өзіндік ереже сияқты бекітіліп тұруы керек. Әр бір отбасы мүшесі бір бірімен ашық сөйлесе алса және қиын жағдайларда демеп, қолдай білсе, отбасынын әр бір мүшесі бақытты болар еді. Жоғарыда айтқан отбасындағы зорлық-зомбылық, күш көрсетулер де осы құндылықтардың жоқтығын көрсетеді. Ер адамның ішіндегі өзінің сүйіп алған жарына деген ашу, әйел адамның өзін сүйікті сезінбеуі, ал баланың өз әке-шешесіне деген атабөтендігі, жатбауырлығы осыбір құндылықтардың жоқ екендігінің көрсеткіші. Меніңше әр отбасы мүшесінің еркіндігі мен адам ресурсы сақталған кезде отбасы құндылықтары өз орнына келеді.

—Мәдени және әлеуметтік ахуалдар отбасының тыныс-тіршілігіне қалай әсер етеді?Біздің түсінігіміздегі дәстүрлі отбасы ұғымы қаншалықты өзгерді.

—Қазіргі таңда маған келіп жүгінетін клиенттердің сұранысына қарасам дәстүрлі отбасы мен заманауи отбасы екі түрлі. Қазір жас отбасыларға ата– анамен тұру тақырыбының өзі үлкен мәселе. Дәстүрлі отбасында ол сұрақ та болмайтын. Бірақ онын негізі терең десем де болады. Қазіргі ұғымда отбасылық қажеттілікті кім орындаса, сол адам ілгері жүруі тиіс сияқты. Барған сайын дәстүрлі отбасы мен қазіргі заманауи отбасыларға ортақ дүние азайып бара жатқан секілді.

Қосқанат Бауыржан

Тегтер: