«ПСЖ» немесе «Атлетикоға» ауысуы мүмкін»: польшалық сарапшы қазақстандық қақпашыны жоғары бағалады
Қазақстан футболы еуропалық сарапшылардың назарын аудара бастады. Польшаның беделді Przeglad Sportowy басылымының журналисі Мацей Калишук Қазақстан Премьер-лигасының деңгейін бағалап, жас таланттарға зор болашақ болжады
Бұл туралы Sports.kz. жазды.
Сарапшы әсіресе қақпашылар шебіне ерекше тоқталды. Оның пікірінше, «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбековтың әлеуеті өте жоғары және ол Еуропаның алпауыт клубтарына ауысуы әбден мүмкін.
«Өте талантты ойыншы. Егер мотивациясын жоғалтпаса, оның „Атлетико“, „Челси“ немесе „ПСЖ“ деңгейіндегі клубқа ауысатынына күмәнім жоқ. Қазір бұл клубтарда қақпашы мәселесі бар, ал жас әрі қолжетімді голкипер — грандтар үшін ең тиімді инвестиция», — деді Калишук.
«Қайраттың» серпілісі және «Ақтөбенің» амбициясы
Журналист «Қайраттың» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі ойынын Қазақстан футболы үшін тарихи жетістік деп атады. Оның айтуынша, мұндай нәтижеге осы маусымда тіпті Польша клубтары да жете алмаған.
Сондай-ақ сарапшы «Ақтөбедегі» жағдайға да тоқталды. Клубқа қаржылай мүмкіндігі мол жеке инвестор келгенін және құрамда жұлдызды ойыншы Нанидің бар екенін атап өтті. Дегенмен, ол «Ақтөбеге» ресейлік «Анжи» клубының қателігін қайталамауға кеңес берді. Оның орнына ұзақмерзімді жүйе қалыптастырған донецкілік «Шахтерден» үлгі алуды ұсынды.
Сатпаев "Челсиде": бірден жарқырай ма?
Дастан Сатпаевтың "Челси" клубына ауысуына қатысты пікір білдірген Калишук жас ойыншыға бірден негізгі құрамнан орын табу қиын болатынын айтты.
«Ол бірден "Челсиде“ тұрақты ойыншы болады деп ойламаймын. Оған алдымен жалға басқа клубқа кеткені дұрыс. Мысалы, "Страсбургке“ барып, өз деңгейін дәлелдеуі керек», — деді ол.
Сонымен қатар Мацей Калишук Қазақстан құрамасының соңғы ойындарынан кейін (әсіресе Бельгияға қарсы матчтан соң) еуропалық командалар «дала қырандарын» енді менсінбей қарай алмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, Ұлттар лигасы арқылы ірі турнирлерге шығу мүмкіндігі де айтарлықтай жоғары.