Путин 15 мамырда Стамбулда Украинамен тікелей келіссөз бастауды ұсынды

Ресей президенті Владимир Путин Украинамен бейбіт келіссөздерді тікелей бастауға дайын екенін мәлімдеп, оны 15 мамыр күні Стамбулда өткізуге ұсыныс жасады. Бұл туралы ол Кремльде Жеңістің 80 жылдығына арналған шаралардан кейін өткен түнгі баспасөз мәслихатында хабарлады.
«Келіссөзді кешеуілдетпей-ақ, келесі бейсенбі – 15 мамырда, бұрын тоқтатылған Стамбулда қайта бастауға дайынбыз», – деді Путин журналистерге.
Ресей президентінің айтуынша, ұсыныс ешқандай алдын ала шарттарсыз жасалып отыр. Ол бұл бастаманы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен де талқылауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Бұл келіссөз барысында шынайы оқ атуды тоқтату жөнінде нақты шешімге келуіміз де мүмкін», – деді Путин.
Киевтің де келіссөзге ұстанымы – оқ атуды толық тоқтату
Осыған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Киевте өткен халықаралық жиында Еуропа елдерінің (Франция, Германия, Польша, Ұлыбритания) басшыларымен және АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесу кезінде егер 30 күндік толық атысты тоқтату туралы келісім жасалса, Украина тарапынан тікелей келіссөздерге дайын екенін айтқан болатын.
Axios мәліметінше, Трамп Киевтің бұл ұсынысын құптап, Путинмен келіссөз бастауға ынта танытқанына риза болған. Ал Еуропа басшылары егер Ресей бастамадан бас тартса, оған қарсы жаңа экономикалық санкциялар енгізетінін ескерткен.
Халықаралық басылымдар реакциясы
Путиннің түнгі үндеуі халықаралық ақпарат құралдарының назарын аударды. NBC News бұл жолы Ресей басшысының «ұзақмерзімді бейбіт келісімге» ұмтылысы бар екенін атап өтсе, The Guardian оны «Еуропа елдері қойған ультиматумға жауап» деп сипаттады.
Reuters агенттігі Путиннің «жаңа атысты тоқтату келісімдерін» жоққа шығармағанын, бұл жағдайды «тұрақты бейбітшілікке қарай алғашқы қадам» ретінде сипаттағанын жазды.
GB News пен The Sun келіссөзге дайындықты маңызды дипломатиялық сәт ретінде бағалап, Ресей «Украинамен диалогқа есік ашты» деп жазды.
Washington Examiner үндеуде «оқ атуды тоқтатуға ишара» бар екенін айтты. Алайда испандық Vanguardia және El Mundo басылымдары Путиннің Еуропа елдері ұсынған 30 күндік атысты тоқтату бастамасын ашық қолдамағанын атап өтті.
Daily Mail түн ортасында жасалған бұл үндеуді ерекше деп бағалады, себебі Ресей президенті сирек жағдайда ғана түнгі уақытта бұқаралық мәлімдеме жасайды.
Келіссөз қай бағытта өрбиді?
Путиннің бұл мәлімдемесі мен Зеленскийдің дайындық білдіруі — Ресей мен Украина арасындағы 3 жылдан астам уақытқа созылған соғыстың дипломатиялық жолмен шешілуіне үміт отын қайта жаққандай. Алайда тараптар арасындағы сенімсіздік пен шарттар әзірге бейбіт процестің күрделі болатынын аңғартады.