Путин АҚШ президентінің арнайы өкілімен кездескен соң алты ел басшысымен телефон арқылы сөйлескен

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен Мәскеуде өткізген келіссөздерінен кейін бір күннің ішінде бірқатар ел басшыларымен байланыс орнатты.
8 тамыз күні Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен, Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен, Беларусь президенті Александр Лукашенкомен және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлескен. Кремль таратқан ақпаратқа сәйкес, әңгімелердің негізгі тақырыбы — Украинадағы соғысты реттеу.
Бір күн бұрын Ресей басшысы Оңтүстік Африка Республикасының президенті Сирил Рамафосамен де телефон арқылы сөйлескен. Сонымен қатар, Путин Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Мұхаммед бен Заид әл-Нахаянды Кремльде қабылдаған.
Путин Уиткоффпен кездесуден кейін Ресей Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерімен жиын өткізді. Кремль мен Ақ үйдің хабарлауынша, Мәскеу мен Вашингтон алдағы аптада Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке кездесуін ұйымдастыруға дайындық жүргізіп жатыр. Кездесуде Ресейдің Украинадағы әскери қақтығысын аяқтау шарттары талқылануы мүмкін деген болжам бар.