Путин әлі неше рет мобилизация жариялайды?
Ресейден бүкіл әлем оқшаулануда. Путин ішінара мобилизация жариялағанымен, запастағы әскерилерді не жинай алмады, не қаруландыра алмады.
Соның салдарынан, Ресей билігі Кремльдің басты жазалаушы органын, қазіргі Ресейдің бұрынғы НКВД-сына ұқсайтын Федералдық қауіпсіздік қызметін іске қосуға мәжбүр болды.Бұдан былай Ресейде ешкім өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Тура Сталиннің кезіндегі репрессия жылдары қайта оралды. Ресейдің жаңағы ФСБ-сы зиялы қауым, журналистер, үкіметтік емес ұйымдар арасында кәдімді шпиондар мен «стукачтар» желісін құрды. Қыстың басталуымен Ресей Федерациясының Украинаға қарсы соғысы жаңа кезеңге өтуде. Екі жақ та күштерін қайта жасақтап, жаңа әскер жинап жатыр. Украина қорғана жүріп, қарымта шабуылдармен өз жерлерін қайтаруға тырысуда, ал Ресей жерлерді басып алу саясатын жалғастыру мақсатында өзінің Украинадағы оккупациялық әскерін күшейтуде.Бірақ соғыс барысында Ресейдің ішкі жағдайы барған сайын нашарлауда. Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы, үлкен аумақтарды шарпыған соғыс елдің бюджетіне үлкен соққы болып жатыр, халықтың кедейленуі жалғасуда. Уақыт өте келе, бұл соғыс Ресейдің қоғамына теріс әсер етіп, ел азаматтары үшін жайсыздықтар әкелуде.Баяғыдан-ақ жазалау органдарына айланып кеткен Ресейдің күштік құрылымдары азаматтық қоғамға қысымды күшейтті. ФСБ ел азаматтарының үйіне келеді, электронды пошталарына хат жазады, тіпті, қарапайым азаматтардың жеке өміріне араласу фактілері жиіледі. Билікке қарсы митинг, манифестация мен жиындарға қатыстың дегенді желеу етіп. Сонымен бірге, қазір тәуелсіз Украина жерінің басым бөлігін оккупациялаған, жазықсыз тұрғындарды өлтіріп жатқан «Ресей қарулы күштерін жамандадың» деген себеппен адамдарды тергеуге әкеп жатыр. Ресей билігі өз халқының бәрі жаппай өзіне бағынса екен дейді, халықтың Украинаға қарсы бағытталған агрессивті саясатты қолдап, қоштағанын қалайды. Кез келген қарсыластықты билік «заңды билікті құлатуға тырысу» деп бағалайды. Биліктегі элита, тіпті, өзінің көлеңкесінен қорқады. Сол себепті үкіметтің бұл әрекеттеріне қарап, халық аң-таң болуда.Алайда мұндай репрессиялардың шынайы себебін бәрі түсініп отыр. Украинаға қарсы соғыс жүргізіп отырған Путин сонымен бірге, қоғамды біріктіріп, толық бақылауға алуға тырысуда. Ал ол үшін жазалау органдарына тізгінді толық ұстатып, шексіз құқық беру керек. Осы мақсатты көздеген ресейлік депутаттар бір жылға жетпес уақытта қажетті заңнамалық базаны құрып үлгерді, толық бақылауды тезірек орнату үшін. Енді күштік құрылымдар ештеңеден тайынбайды. Енді Ресейде кез келген адамды ұстап алуға, кез келген адамның немесе басылымның аузын жауып, үнін өшіруге болады. Оған Роскомнадзор тыйым салса болды. Роскомнадзор деген Кремльдің басты қадағалаушы органы. Қисық сөйлейтіндердің бәрін «иноагент» деген тізімге енгізеді. Жұмыс берушілер арқылы адамдарға қысым жасауда. Кремльдің соғысына қарсы пікір айтқандар әп-сәтте арнайы қызметтердің қырағы көзіне ілігеді, үстерінен іс қозғалып, олардың басшыларына қысым жасалады. Бұл да ФСБ-ның бағынбайтын қырсықтарды тырп еткізбеу амалдарының бірі. Табысымнан айырылып қаламын ба деп қорыққан көп адамдар әділетсіздікке көзін жұмып, өзін саясаттан аулақ ұстауға тырысады.Бұл үрдіс Ресейдің көптеген өңірлерінде толыққанды іске қосылды. Тіпті, түпкірлердегі шеткері аумақтарда да жүргізілуде. Ресейдің қай жері болмасын, халық биліктің қолдан құрып қойған кедергілеріне тап болуда, билік наразылық атаулы кез келген шараны болдырмау үшін барын салуда. «Росатом», «ВТБ» банк, «Росгеология», «Минэкономразвития» сияқты көптеген ірі корпорациялар мен банктердің қызметкерлері «қара тізімге» енген. Соғысқа аттандыру үшін мұндай маңызды құрылымдардың қызметкерлерін аңдығандары елде шынымен де адам ресурсының тапшылығы туындап отырғанын растайды. Ұзаққа созылған соғысты жүргізу үшін адам керек екені рас. Сорақы, масқара жағдай болып отыр бұл.Шындықты айтып, жазса, қандай пәлеге тап болатынын халық білсе де, арасында шындықты шырылдатып жазып жүрген белсенді азаматтар бар. Мысалға, «Росатом» қызметкері Евгений Гараниннің Twitter-дегі жазбаларын келтіруге болады. Оппозиция өкілдері мен танымал диссидент Навальныйдың маңайындағылар да шындықты жазып жатыр. Навальный деген Ресей билігіндегі тұлғалардың ұрлықтары мен қылмыстарының артын ашып, Кремльдің қаруы — ФСБ-ның жауы атанған адам. Навальный орыстың ұяты, елдегі бассыздықтарға қарсы шыққан. Ол елді тонап байыған шенеуніктер туралы жазып, жемқорлыққа қарсы күресетін тәуелсіз қор құрған болатын-ды.Сонымен қатар, интернетте мәжбүрлі жүргізілетін қысқы мобилизация туралы айтылатын мақалалар жүр. Кәсіби әскерилер мен еріктілердің жетіспеуінен, билік тағы мобилизация жүргізуге мәжбүр болады делінеді. Ендеше, әскери комиссариаттар ФСБ, ІІМ мен Ұлттық гвардияның көмегімен кіммен толтырса да қарулы күштер қатарын әйтеуір, толтыруға тырысатыны анық.Сібірдегі өңірлер Кремльдің орталық аппараты белгілеген жоспарды орындай алмай, сарбаздар қатарын толтыра алмай отыр. Соның кесірінен, Путиннің Украинаға қарсы бастаған соғысы енді өмір сапасы жоғары саналатын мәскеуліктер мен петерборлықтардың есіктерін қаға бастады.Кремльдің ішінара мобилизация жариялау жөніндегі шешімі қоғамда хаос туғызды, жастардың көпшілігі жылы жаққа көшкен құстай екі айдың ішінде көршілес республикаларға бас сауғалап кетті. Жалпы, Ресей халқының сәл-пәл жағдайы бар халқы мобилизациядан құтылып кетті. Мобилизацияны халық «могилизация» деп атап, Ресеймен шекаралас елдерге көшіп кетті. Олар өздерінің Ресей билігі үшін құрбандыққа шалынатын тегін ет, утилизацияға жіберетін материал екенін жақсы түсінеді.Украинадағы соғысқа барудан жалтарған халықтың дені ауып кеткен Қазақстан мен Грузия билік органдарының деректерінше, бұл елдерде 200 мыңдай қашқын уақытша тұрып жатыр. Ал тәуелсіз ұйымдардың пікірінше, шынайы сандар бұдан екі есеге көп, оған өзге елдерге қарай кеткендерді қоссақ, Путиннің ішінара мобилизация туралы жарлығынан кейін елден жарты миллиондай адам көшіп кетті деуге болады.Әскери бөлімшелер мен азық-түлік қоймаларының жағдайын саралайтын әскери сарапшылардың зерттеуінше, Ресейдің қоры таусылуға жақын, Ресей ұзақ соғысқа мүлдем дайын емес. Оккупацияланған Украина аймақтарындағы орыс әскеріне кәдімгі киім, қару мен басқа да жарақтар жетпей жатыр. Ресейдегі коррупция елдегі салалардың барлығын баяғыда жайлап алғанын ұмытпайық, қорғаныс министрлігі жемқорлыққа белшеден батқан еді. Шойгуға дейін қорғаныс министрі болған Сердюковтың Қорғаныс министрлігін өзінің жеке конторасына айналдырып, маңызды лауазымдарға өзінің тоқалдарын тағайындағаны үшін масқара болып қызметінен қуылғанын ұмытпайық. Жалпы айтқанда, әскерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағы қатты ақсаңдап тұр.Өткенде Украина қарулы күштері Қырым көпірін жарып жіберіп, содан кейін Ресейдің шабуылы күрт күшейді. Ол көпірді Ресей өзі аннекциялап алған түбегін елдің негізгі бөлігімен байланыстыру үшін салған болатын. Қырым көпірінде болған бұл оқиға Ресейдің Шешенстанға қарсы бастаған екінші соғысының алдында орын алған террористік жарылыстарды еске салады. Өйткені дәл осы Қырым көпіріндегі жарылысты Кремль Украинаға қарсы жаңа шабуылдар үшін себеп ретінде пайдаланды.1999 жылы Ельцин тағайындаған РФ үкіметінің басшысы Владимир Путин халық назарын ішкі күрделі мәселелер мен бірінші шешен соғысындағы жеңілістен басқа жаққа аудару мақсатында және Ресей әскерінің абыройын көтеру үшін екінші шешен соғысын бастаған-ды. Ал оған дейін біртүрлі терактілер салдарынан Ресейдің бірнеше қаласында жарылыстар болып, талай адам қаза тапты. Соның нәтижесінде, қоғам назары Шешенстанға ауды. Елдің қауіпсіздігіне сол жақтан қауіп төніп отыр деп ойлап қалды қалың жұрт.Буйнакск, Волгодонск және Мәскеудегі терактілер Путиннің 2000-шы жылы Шешенстанды бомбалауына және сол елге әскерін кіргізуге себеп болды. Қырым көпіріндегі жарылыс та тура сондай, содан кейін Кремль қарымта жауап ретінде «Украинаның маңызды нысандарына зымырандық-бомбалық соққы жасаймыз», деп мәлімдеді.
Айта кетсек, Украинаға зымыран және дронмен шабуылдау әлі жалғасып жатыр, қазір Украинаның барлық дерлік ірі қалалары жарықсыз қалды. Елдімекендерді ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырлары жарылды. Қылышын сүйретіп келетін қаһарлы қыс алдында Ресей қарулы күштерінің тарапынан жасалған мұндай «шара» Украинаға қарсы варварлық қастандық деп бағаланады.